Сонау кеңестік дәуірде салынған бұл жолмен тәулігіне үш мыңға жуық көлік жүреді деген болжам жасалған. Сол кездегі стандарттарға сәйкес жүк көлігінің бір осіне 6-8 тонна салмақ түсуге тиіс. Ал қазір елімізде 13 тоннаға арналған бірыңғай стандарт қолданылады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Атырау – Астрахань» аралығындағы жолмен қатынайтын көлік ағыны күрт көбейді. Өйткені халықаралық маңызы бар бұл жолмен Орталық Азия елдерінің көліктері Атырау арқылы Ресейдің Астрахань облысына, одан әрі Краснодар, Ставрополь аймақтары мен Волгоград облысына шығады. Сонымен бірге бұл жолмен ауыр жүк көліктері де жиі қатынайды. Соның ішінде Атырау облысындағы «Теңіз», «Қашаған» секілді кеніштерге әлемнің әр түкпірінен ауыр жүктер осы жолмен тасымалданғаны бар. Тағы бір деректі алға тосар болсақ, НАТО елдерінен Ауғанстанға гуманитарлық жүктер таситын көліктер ағыны да аталған жолға ауыр салмақ түсірді.
Демек ескі жол бүгінгі ауыр жүк көліктерінің салмағына шыдас бермейді. Сол себептен бұл жолды қайта жаңғыртудың қажеттігі туындағалы қашан! Тіпті «Атырау – Астрахань» жолын қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжат жобасы 2009 жылы дайын болыпты. Қанша қаржы жұмсалатыны есептеліп, қайта жаңғырту жұмыстарын кезең-кезеңімен жүргізудің жоспары әзірленіпті. Мәселен, бірінші кезеңде жолдың Ресей шекарасынан Атырауға қарай 140 шақырымдық бөлігін қайта жаңғырту көзделіпті. Оған шамамен 24 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы қажеттігі сұралған.
Қазір бұл жолды жаңғырту жүріп жатыр. Бірақ оған бөлінген қаржының нақты сомасы қаншаға өскені туралы ешкім ашып айтпайды. Десек те жаңғырту жұмыстары бірде тоқтап, бірде қайта жалғасады. Мұны енді жол жөндеудегі жайбасарлық демеске амал жоқ. Нақтылай айтқанда, дәл қазір аталған жолды жаңғырту баяу жүріп жатыр. Мұны Атырау қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі жол құрылысына көлікпен барған облыс әкімі Серік Шәпкенов растап отыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындар үшін аса қажетті көлік жолының мәселесіне ерекше назар аударып, нақты тапсырма берді. Мен облыс тұрғындарына осы жолдағы жұмыстардың барысын бақылауыма алатынымды айтып, уәде бердім. Кесте бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда кідіріс бар. Бұл туралы апта сайын мамандардың есебінен көретін едім. Енді осыған осы сапар кезінде көзім жетті. Мұндай жұмыс қарқыны кестеде белгіленген межеден кешіктіреді. Сол себептен, ұйымдастыру жұмыстарын қолға алып, тиісті шаралар қабылдау қажет, – дейді С.Шәпкенов.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың мәліметінше, аталған тасжолдың жалпы ұзындығы – 277 шақырым. Оның 217 шақырымын қайта жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Дәл қазір жаңғыртылуға тиіс жолдың 54 шақырымына негізгі төсем салынса, 45 шақырымына қара қиыршық, 22 шақырымына бір қабат асфальт-бетон төселген. Оның 20 шақырымы пайдалануға берілді. Құрманғазы ауылынан Атырау қаласына қарай 833 шақырымнан бастап 12,5 шақырым, Исатай ауданындағы Жанбай мен Аққыстау ауылдары аралығында 7,5 шақырым жол бөлігі ашылды. Енді таяуда Жанбай мен Аққыстаудың аралығындағы пайдалануға берілетін жол 10 шақырымға жеткізіледі. Осы айдың соңына дейін Жанбай мен Аққыстаудың арасындағы 20 шақырым жол толығымен ашылады. Сонда тамыз айының соңына дейін төменгі қабаты төселіп, барлығы 35 шақырым жолды ашу жоспарланған.
Оның айтуынша, жол төсеу жұмыстарына қажетті материалдардың жетіспеушілігі бар. Мердігер мекемелер жеткізушілерге ақшасын төлегенімен, қажетті инертті материалдың жеткіліксіз екені анықталыпты. Мәселен, битумды жеткізу мәселесі қиындық тудырып тұр.
– Қазір жол құрылысын төрт мердігер жүргізіп жатыр. Бірақ жаңғырту жұмысының баяулауына қиыршық тас пен битум қоспасының жетіспеушілігі мен дизель бағасының күрт өсуі теріс әсерін тигізіп отыр. Мәселен, көршілес Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан 24 мың вагонмен қиыршық тас әкелу жоспарланды. Бірақ осы кезге дейін 6 мыңнан аса вагоны ғана жеткізілді, – дейді Болатбек Айтбаев.
Жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігердің бірі – «Сине Мидас Строй» компаниясының өкілі Мұстафа Буданның айтуынша, айына жол учаскесін салу үшін шамамен 2 мың вагон қиыршық тас қажет. Алайда бұл компанияға бір айда 752 вагон қиыршық тас жеткізілген. «Бұл – өте аз. Егер қиыршық тасты жеткізу осылай жалғаса берсе, біз жол жөндеу жұмысын мерзімінде орындай алмаймыз», дейді ол.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың дерегіне сүйенсек, екі айда 8 500 вагон қиыршық тас әкелінуге тиіс. Мәселен, мердігерлер айына 2 мың вагон қиыршық тасқа өтінім берсе, іс жүзінде айына бар-жоғы 300-400 вагон алады.
Ал «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ Атырау бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Самат Құлмұхановтың айтуына қарағанда, бұл мәселеге қатысты қиындық бар. Бірақ оның оң шешімін қалай табатыны белгісіз.
– Бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтеру қажет. Карьерлер тек Атырау облысындағы мердігерлерге ғана қызмет көрсетпейтінін, олардың өзіндік тәуліктік өнімділігі бар екенін ескеру қажет. Инфрақұрылымға келетін болсақ, вагондардың саны екі есе өссе де, бұл істе проблема туындамайды. Мердігер компаниялар келген вагондарды уақтылы түсіре ала ма? – дейді С.Құлмұханов.
Үш жылдан бері Атыраудан Ресей Федерациясының шекарасына дейін қатынайтын жолды жөндеудегі жайбасарлық «жыры» осылай созылып келеді. Мұның зардабын Құрманғазы ауданының тұрғындары көріп отыр. Бұлай деуімізге бірнеше себеп бар. Біріншіден, такси қызметі қымбаттады. Екіншіден, облыс пен аудан орталығына жету үшін бірнеше сағат жолда жүреді. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін былтыр «Атырау – Д.Нұрпейісова бекеті» бағытына қатынайтын жолаушылар пойызы іске қосылды. Ал қосымша жолаушылар пойызын шығару – облыс бюджетіне орасан шығын.
Атырау облысы