Экономика • 25 Тамыз, 2022

Шаруаны техникасынан айырған «ҚазАгроҚаржы»

337 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Фермерлерді ауыл шаруашылығына қажет техникамен қаруландырып, өңірлерді өркендетуге үлес қосады деп сенім артылған «ҚазАгроҚаржы» АҚ соңғы уақытта бағытынан жаңылып жүргендей. Лизингке алған тех­­­­­ни­касының төлемін кешіктірген немесе қаржылық қиындықтан ке­лі­сім­­шарттың кейбір тармақтарын орындай алмай отырған шаруа­ларды компания қос өкпеден қысып, түрлі бассыздыққа барған. Мұн­дай шектен тыс шаралар өңірдегі диқандардың ашу-ызасын туды­рып отыр.

Шаруаны техникасынан айырған «ҚазАгроҚаржы»

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«ҚазАгроҚаржы» компания­сы қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен жаңа трактор, комбайндар, тұқым сепкіш және егіс кешендерін сатып алуға көмектеседі. Соңғы 22 жылда оның қолдауымен ел фермерлері 66,3 мың түрлі техника иеленіп, агрокешенге акционерлік қоғамдық 1 трлн теңгеден астам инвестиция құйған. Алайда кейінгі жылдары қаржы ұйымының өңірдегі филиалының жұмысына қатысты кілтипан көп. Шалғайда тұратын шаруалар құжат жинау үшін облыс орталығына жиі сабылатынын, оның өзі көктемгі және күзгі науқандар барысында қиындық тудыратынын айтады. Оның үстіне филиалмен жасалатын келі­сім­шарттың тармақтарына қатысты күмән көп. Мәміледегі кейбір шарттардың мәнісін түсін­беген ауылдағы ағайын асы­ғы­­стықпен қолын қоя салып, соңы­нан бармақ тістеп қалып жүр.

Өңірдегі бірнеше қожалық өкілдері техниканы әу баста лизингке аларда көр­се­тілмеген қо­сыл­ған құн салығы ойда жоқ­та алдарынан шыға келгенін, қаржы ұйы­мы сол үшін техниканың бастапқы құ­нын өсіріп, қыруар қа­ражат талап етіп отырғанын ашы­на жеткізді.

Бір қызығы, лизингке алынатын кез келген техника несие төленіп бітпейінше жеткізуші дилерлердің атында болады екен. Егер фермер несие төлеуде сәл босаңдық танытса, шаруасы бітті дей беріңіз. Техника оның атында болмаған соң қаржы ұйымы кез келген уақытта тартып алып, екінші нарық арқылы басқа шаруа қожалығына сата салуға әб­ден құқылы. Ал шаруаның сол уақытқа дейін жүргізіп келген төлемдері, алғашқы жарнасы қай­тарылмайтыны анық дүние. Шартта, акционерлік қоғамның ішкі құжаттарында дәл осылай деп көрсетілген. Лизингке техника тарататын ұйым «өзім қожа, өзім би» қағидатын ұстанып, шар­уа­лардың жағдайымен санаспайтындай деңгейге жеткен. Ал фермерлердің құқы­ғын қорғауға қабілетті мемле­кет­тік ме­ке­мелер табылмай тұр. Ауылдағы аға­йын техникасынан айырылып қалам ба деп алаң­дап жүріп, шаруашылығының өнім­ділігін жоғалтуда.

Мәселен, павлодарлық «Алтай» шар­уа қожалығы биыл­ғы сәуір айын­­­да құны 10 млн 380 мың теңге тұратын «Бе­ларусь-920» тракторын лизингке сатып алыпты. Жеткізуші «Павлодарснабсбыт» ЖШС оны «Машиностроительный завод МТЗ-Казахстан» серіктестігінен әкеліп берген. Қожалық техника үшін 20,2 пайыз алғашқы жарнасын төлеп, осы жылғы маусым айында оны өзіне қабылдап алады. Алдын ала жасалған мәміледе және кейінгі қосымша шартта қосылған құн салығы (ҚҚС) туралы тармақтар болмаған екен. Алайда жуықта «ҚазАгроҚаржының» өңірлік филиалы Салық кодексінің 394-бабы, 38-тармақшасын негізге ала отырып, фермер трактор құнынан 12 пайыз қосылған құн салығын төлеуге тиіс екендігі туралы хабарлама жіберген. Сөй­тіп, шаруа үшін бір ай ішінде әлгі «Бе­ларусь­тің» құны бақандай 1 млн 245 мың теңгеге қымбаттап шыға келген. Инвестициялар және даму министрлігінің 2018 жылғы 27 ақпандағы №16 757 бұйрығымен бекі­тілген қосылған құн салығынан боса­ты­латын көлік құралдары және ауыл шаруа­шы­лығы техникасының тізбе­сінде бұл техникаларға құн салы­ғы қарас­ты­рыл­майтыны айдан анық жазылған. Алайда Салық кодексінің 298-бабына енгізіл­ген жуықтағы өзгерісте керісінше ауыл шаруашылығы техникаларына қосыл­ған құн салығы төленуге тиіс деп көрсе­тіліпті. Осыны негізге алған қаржы ұйымы енді шаруаларға тізесін баты­рып, әр сатылған трактордан миллион­да­ған теңге пайда көрмек ниетте.

«Алтай» шаруа қожалығы агрокешен субъектілерін қаржылық са­уық­­тыру бо­­йынша лизингтің сый­ақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағ­­­дарламасы бойынша Qoldau.kz ар­­қылы өтініш берген екен. Алайда «ҚазАгроҚаржы» АҚ фермердің өтіні­шін қабылдаудан бас тартыпты. Себебі төленбеген ҚҚС шаруаның мойнында тұрған қарыз ретінде шыға келген. Ал фермермен бұл бойынша қосымша шарт та жасалмапты. Екі ортада шаруа байғұс шырылдап отыр.

Мұндай қаржылық кедергілерге жер­гілікті «Орманшы» және «Уақ» қожа­лық­­тары да ұшырасқан. «Орманшы» ШҚ басшысы Ерғанат Жұмабаевтың сөзіне қарағанда, әу баста ол жергілікті филиалға барғанда лизинг беруші компания оған техниканың толық құны мынау деп белгілі бір соманы атаған. Құн салығы туралы ештеңе айтылмады дейді шаруа.

– Сайып келгенде қаржы ұйымы ша­р­уа­лардың заң білмей­тінін пайдаланып, өз пайдасына қосымша шарт жасауға әре­кеттеніп отыр. Біз бұл компа­ния­ның алдында әлсізбіз, еш құқығымыз қор­ғалмаған. Барлық талапты олардың заң­гер­лері ойлап тауып, реті келсе өзгер­те береді. Қосымша шартта ең соңғы баға деп көрсетіліп тұрған соң қол қойғанмын. Енді келіп құн салығын қайдан алып отырғаны түсініксіз. Біздің шаруашылық орналасқан аумақта фермерлер 20-дан астам техниканы лизингке алып отыр. Олардың барлығынан миллиондап сыпыра берсе, неміз қалады?

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ауыл шаруашылығын қолдап, азық-түлік өндірісін арттыру керек деп мезгіл сайын тапсырма береді. Бірақ «Қаз­АгроҚаржы» сияқты ұйымдар бізді одан сайын қыспаққа алып, жұмыс істет­кіз­бей отыр. Мен трактордың бас­тапқы жарнасының өзіне қарызданып, қауғаланып жүріп қаражатты әрең жинадым. Енді қосымша салық үшін 1,2 млн теңгені та­уып бере қоятын жағдайым жоқ. Қазір мал азығын жеткілікті ша­­уып алу үшін күні-түні жан­таласып жатырмыз. Ауылдағы жұрт­тың бейнетін бұлар біледі деймісің, – деп қынжылады шаруашылық басшысы.

Алпауыт компанияның қысас­тық әре­кеттері мұнымен ғана біт­пейді. Былтыр жыл соңында ұйым «Тайлақ» ШҚ-ға құны 56 млн теңгеден асатын комбайнды лизингке берген. Егін өсіруші қаржылық қиындықтарға байланысты алғашқы төлемін біраз уақыт кешіктіріп, бөліп төлеуге мәжбүр болады. Техниканың құны арзан емес, кәдімгі трактордан бес есеге қымбат тұрады. Соған орай біраз уақыт беруді сұраған екен. Алайда филиалдың мамандары биыл көк­темде шаруа қожалығының техника паркіне барып, ай-шайға қарамастан комбайнды тартып әкеткен. Әрі оны көп күттірмей «Дидар» ШҚ-ға сатып жіберген. «Тайлақ» «ҚазАгроҚаржыны» сотқа бергенімен, оның нақты шешімі шықпапты. Ал соттың шешімі шықпай мүліктің басқа пайдаланушыға берілуіне заң жүзінде тыйым салынғаны бесенеден белгілі. Акционерлік қоғам заң талаптарын өрескел бұзғанымен қоймай, комбайнның әлдебір тетігін істен шығарғаны және шарт тармақтарын орындамағаны үшін фермерден 720 мың теңге айыппұл өндіріп алуды мақсат етіп отыр. Сотқа бұл бойынша талап арыз беріп те қойған.

Өңірлік кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Нұрлан Нәбиев қаржы ұйымының бұл әрекеттерін фер­мерлерге жасалған қысым деп баға­лайды. Мәміле мен қосымша келісім­шарттағы тармақтардың қарыз алу­шыға дұрыс түсіндірілмеуі, кейбір тар­мақ­тардың кл­иентке ескертілместен қосылуы, техника құнының нақты сомасы көрсетілмеуі сияқты мәселелер бо­йынша ауылдағы кәсіпкерлер жиі ша­ғым түсіреді.

– Бұл келеңсіздіктер ең әуелі осы бағдарламаны қаржыландыратын ел Үкіметінің беделіне нұқсан келтіреді. Шалғай ауылда шаруа баққан адамдар көп нәрсені түсінбейтінін білетін компания қулыққа басуы да мүмкін. Алдағы уақытта біз бұл мәселелер бо­йынша облыстық прокуратураға, қаржы ұйы­мының республикалық орта­лы­ғына, «Атамекен» кәсіп­кер­лер палатасына және жауапты министрлікке ұсыныстар жасаймыз. Ең әуелгі мақса­ты­мыз – шаруалармен жасалған барлық лизингтік келісімшарттарды сүзіп шығу. Білуімізше, онда түсініксіз әрі сол­қылдақ талаптар көп. Оның бар­лығы «ҚазАгроҚаржының» мүддесі үшін жазылған. Ал шаруа­ны ықтимал жағ­дайларда қалай қорғауға болады? Осы мәселені Үкімет деңгейінде көтеретін боламыз, – дейді Н.Нәбиев.

Азық-түлік қауіпсіздігі алғашқы орын­ға шығып отырған заманда ауыл­дағы диқандар мен мал өсіруші ағайын ел халқының асы­раушысы екенін түсі­нікті. Үкі­меттен бөлінген қара­жатқа сатып алынған техниканың игілі­гін шаруа көрмегенде, кім көреді? Кәсіп иелерін реті келсе тізеге салып, деге­ніне көндіруге үйреніп қалған, үнемі қатаң шаралар принципін ұстанатын «ҚазАгроҚаржының» бұл теріс әрекет­тері жазасыз қалмайды деп сенеміз.

 

Павлодар облысы