Әлем • 25 Тамыз, 2022

Сирияда соғыс оты қайта тұтанды

30548 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сириядағы соғыс таяуда бітер деген үміт бар еді. Алайда күні кеше соғыс оты қайта тұтанды. Сейсенбі күні АҚШ-тың шабуылымен басталған қақтығысқа қарсы жауап ретінде жергілікті жасақтар да нақты әрекетке көшті.

Сирияда соғыс оты қайта тұтанды

АҚШ Сириядағы Иран қолдай­тын қарулы күштерге шабуыл жаса­ғанын жариялағаннан кейін оның елдегі базаларына зымырандық шабуылдар жасалғанын хабарлады. АҚШ әскері зымырандық шабуылдарға Иран қолдайтын жасақтар жауапты болуы мүмкін екенін тілге тиек етті. Шабуыл барысында екі АҚШ сарбазы жеңіл жарақат алып, базадан эвакуацияланды деген ақпарат тарады.

Елдің Таяу Шығыстағы операцияларына жауапты АҚШ Орталық қолбасшылығының мәлімдемесінде былай деп жазылған: «Содырлар Сириядағы екі әскери базаға зымы­рандық шабуыл жасады. Бұған жауап ретінде біз де тікұшақтармен әрекет еттік». Қолбасшының мәлім­демесінде Ираннан қолдау көретін «екі-үш содырдың қаза болғаны» туралы ақпарат та бар.

Бір күн бұрын АҚШ әскері Сирияның шығысындағы Дейр-эз-Зор қаласына әуеден соққы жа­сағанын хабарлады. Олар ша­буыл­дың негізгі нысаны Иранмен бай­ланысы бар кейбір қарулы топтар деп түсіндірген еді. Сондай-ақ АҚШ әскері соққыға ұшыраған инфра­құрылым нысандарының барлығы дерлік Иран қолдайтын жасақтарға тиесілі екенін алға тартып отыр.

«Біздің әуе шабуылын ұйым­дастыруымыздың басты себебі АҚШ әскерлерін Иран қолдай­тын жасақшылардан қорғау және бұл біздің әскер үшін өте маңызды», деді АҚШ әскері орталық қолбас­шылығының байланыс директоры, полковник Джо Бучино.

Сонымен қатар Джо Бучино аталмыш шабуылды президент Джо Байденнің бұйрығымен ұйымдастыр­ғандарын, аймақтағы шиеленіс қаупін шектеуді және қарулы топтар кесірінен құрбан болатындар санын барынша азайту мақсатымен жүзеге асырылғанын атап өтті.

Джо Бучино бұл шабуылдың 15 тамызда Иран қолдайтын топтардың АҚШ қызметкерлеріне жасаған шабуылдарына жауап екенін алға тартты. Естеріңізге сала кетейік, Иран қолдайтын топтар 15 тамызда ұшқышсыз ұшақтармен америкалық әскерилер пайдаланатын Әл-Танф гарнизонына шабуыл жасады. Шабуыл кезінде АҚШ әскері қаза тапқандардың жоқ екенін және материалдық шығын болмағанын хабарлады. Иран Сыртқы істер министрлігі шабуылға қатысты мәлімдеме жасап, АҚШ-тың әрекетін «Сирия егемендігін бұзатын лаңкестік әрекет» деп сынады. Ал Сирия шабуылға қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жариялаған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, шабуыл ұйымдастырылған Дейр-эз-Зор – Сирия-Ирак шекарасындағы стратегиялық маңызды мұнай қоры бар провинция. Бұл аймақ Сирия әскерлері мен Иран қолдайтын жасақ­тардың бақылауында. Сон­дай-ақ Израиль аймаққа соғыс ұшақ­тарымен жиі шабуыл жасайды.

АҚШ соңғы рет өткен жылдың маусым айында Сирияның екі айма­ғында әскери және қару-жарақ сақтау үшін пайдаланылатын нысан­­дарға шабуыл жасаған еді. Ал АҚШ-тың кешегі шабуылы экс-пре­зи­дент Дональд Трамп шығып кет­кен Иран ядролық келісімін қай­та жаңғырту үшін Еуропалық Одақ ұсын­ған келісім жобасы қолға алынғ­ан кезеңмен сай келуі ойландырады.

Қазіргі уақытта Байден әкімші­лігі 2015 жылы АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Герма­ния және Иран арасында қол қо­йылған, бірақ 2018 жылы АҚШ экс-президенті Дональд Трамптың шешімімен жасалған Еуропалық Одақ дайындаған ядролық келісімнің жаңа жобасын қарастырып жатыр.

Алдағы күндері аталмыш келі­сімге қатысты АҚШ Иранның ұсы­ныс­­тары мен талаптарын ескере оты­рып, шешім қабылдайды деп күтіліп отыр.