Қандас мәртебесін алуға немесе ұзартуға, сондай-ақ қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішті этностық қазақтар жергілікті атқарушы органдарға, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ға және Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелеріне бере алады.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы ел Үкіметі қандастарды қоныстандыру үшін айқындаған өңірлерге – Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінеді.
Бұл ретте өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолғы төлем) және 12 ай ішінде жалдау шығындарын жабуға және коммуналдық қызметтерді төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде) субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді.
Сонымен қатар қандас мәртебесін алған этностық қазаққа келесі қызметтер қолжетімді:
– Қазақстан Республикасы аумағына кіру кезінде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босату;
– қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегін бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін қамтамасыз ету;
– техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін оқу ұйымдарына оқуға түсуге квота шеңберінде білім алу (Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген);
– Қазақстан азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтамасыз ету;
– мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өтініш беру мүмкіндігі.
Бұдан басқа елде тұрақты тұратын қандастар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша
9 077 этностық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бастап республикаға барлығы 1 млн 96,9 мың этностық қазақ оралды.
Осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (69,9%) Өзбекстаннан, 10,3% – ҚХР-дан, 7,1% – Түрікменстаннан, 4,0% – Моңғолиядан және 8,7% басқа елдерден келген.