Білім • 26 Тамыз, 2022

Елордада педагогтердің тамыз конференциясы өтті

775 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада «Білімді ұлт: білімге құштарлық, еңбексүйгіштік және патриотизм» атты педагогтердің жыл сайынғы тамыз конференциясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада педагогтердің тамыз конференциясы өтті

Жыл сайынғы конференцияға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев, сондай-ақ педагогтер, ата-аналар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«5 жыл ішінде 72-ге жуық мектеп салу және пайдалануға беру жоспарлануда. Өйткені, қазіргі уақытта негізгі сұраныстардың бірі - мектептер санын көбейту. Тамыз конференциясында мұғалімдерді даярлау мәселесі талқыланды. Биыл Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары білім алуға 1300 грант бөлу тапсырылды», деді қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.

ш

Елордалық білім басқармасының басшысының айтуынша, биыл қала мектептерінде жаңа өзгерістер енгізіледі.

«Жаңа оқу жылында біз елорданың барлық мектептерінде шахмат клубтары мен үйірмелерін ашамыз. Шахмат федерациясымен бірлесіп турнирлер өткізіп, мектеп жаттықтырушыларын оқытатын боламыз. Тағы бір жаңалық – домбыра үйірмесінің ашылуы, оқушылар арасынан домбыра оркестрінің құрылуы. Бұл оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, балалардың эстетикалық тәрбиесіне жағдай жасауға, қазақ халқының тарихына, салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікті оятуға мүмкіндік береді», деді Қасымхан Сенғазыұлы.

ш

Конференция соңында педагогтерге «Мейірім - әлемге махаббатпен», «Еңбек сіңірген білім қызметкері», «Еңбек ардагері» төсбелгілері табысталды.

г