Қоғам • 26 Тамыз, 2022

Байзақ ауданында қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш орнатылды

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлім аумағындағы өрт салдарынан болған қайғылы оқиғаға бір жыл толып отыр. Әскери бөлім аумағында инженерлік оқ-дәрілер қоймасында болған жарылыс салдарынан 17 адам қайтыс болған еді. Бүгін қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Байзақ ауданында қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш орнатылды

Мемориалдың ашылу рәсіміне «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, Жамбыл облысы әкімдігінің, оңтүстік өңірдің әскери прокуратурасының өкілдері, сондай-ақ қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындары мен туыстары қатысты.

Рәсімге жиналғандар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Күштік құрылымдардың өкілдері, қызметтестері, туыстары мен жақындары қаза тапқандар туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, олардың жанқияр батырлығы жайлы айтты. 

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері және әскери прокуратура қызметкерлері, олардың бәрі өздерінің кәсіби міндеттерін адал, жанқиярлықпен атқарды. Әскери қызметкерлердің, жерлестеріміздің қазасы орны толмас ауыр қайғы. Біз олардың отбасыларына  қамқорлық жасап, назардан тыс қалдырмай, балаларының әкелерін мақтан тұтып өсуіне көмектесуді жалғастырамыз. Мұндай оқиға енді ешқашан болмасын деп тілейміз», деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев.

р

2021 жылғы 26 тамызда Байзақ ауданындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасы аумағында болған оқиға салдарынан өзінің кәсіби және әскери борышын өтеу кезінде 17 адам қайғылы жағдайда қаза тапты. Марқұмдардың барлығы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бір әскери қызметші – 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев әлі күнге дейін хабар-ошарсыз.

«Олардың есімдері әрқашан жадымызда сақталып, жасаған ерліктері Отанға адал қызмет етудің және өз ісіне адалдықтың үлгісі. Біз қаза тапқандардың отбасыларымен байланысты үзбей, көмек көрсетеміз. Ал егер балалары әскери оқу орындарына түсуге ниет білдіріп жатса, біз оларға даярлықта жан-жақты жәрдем көрсететін боламыз», деді әскери бөлім командирі подполковник Еркін Әбсадықов.

Айта кетсек, қазіргі уақытта әскери бөлім аумағын оқ-дәрілердің қалдықтарынан тазарту жұмыстары жалғасуда. Оларды жою елді мекендерден алыс орналасқан таулы жерде жүргізіледі.

р