Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Алдымен осыларға баға беріп алу керек. Білім беру саласында терең жан-жақты ойластырылмаған сынақтарды өткізуге жол беруге болмайды. Осы орайда қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ұстаз Ахмет Байтұрсыновтың «жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деген қағидасын қашанда есте ұстағанымыз жөн», деген-ді Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалар» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында.
Мектептердегі мәселені шешуге басқарманың шамасы жетпейді
Өткенді еске салуымыздың өзіндік себебі бар. Бүгінде салада жиі жасалатын реформалардың кейбірінің тиімсіздігі байқалып та, айтылып та жүр. Білім саласын үнемі назарында ұстап, сапалы жұмысты талап етіп келе жатқан Мемлекет басшысы шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым министрлігін екіге бөлу қордаланған мәселелерді шешу үшін қажет болғанын атап өтті. Қала және ауыл мектебінің арасындағы айырмашылықты қысқарту, балалар тұратын орны, әлеуметтік статусына қарамастан сапалы білім алуы қажеттігі, ауылдағы шағын мектептерге кәсіби білікті мамандарды апару керектігі әлі де маңызды. Жуырда Түркістан облысына Amanat партиясының депутаттарынан құрылған арнайы топ келіп, білім саласына қатысты жиындар, кездесулер өткізді. Бірқатар аудан, қалалардағы білім ошақтарының тыныс-тіршілігімен танысты. Арнайы топ анықтаған кемшілік аз емес. Құрамында Мәжіліс депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Қайнар Абасов, облыстық мәслихат депутаттары бар арнайы топ облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесіп, білім саласындағы қордаланған мәселелерді шешу жолдары төңірегінде жан-жақты әңгімелесті. Иә, мемлекеттің білім саласына жасап жатқан қамқорлығы жыл санап арта түсуде. Дегенмен бұл саланың әлі де болса шешілмей жатқан проблемалары жетерлік. Соңғы жылдары енгізілген реформалар жөнінде ел пікірінің әрқилы екендігі рас. Мәселен, кейінгі кезде аудандық, қалалық білім беру бөлімдері жергілікті әкімдіктердің қарамағынан бөлініп, тікелей облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының құзырына өтті. Бұл өзгерістің халық тығыз қоныстанған Түркістан облысында біраз қиындық туғызып отырғанын айтушылар көп. Облыста 900-ден астам мектеп бар. Балабақшалар санының қанша екенін қарапайым халық түгілі облыстың білім саласына жауапты басшылардың өздері де нақты білмейтінін байқап жүрміз. Бұған білім бөлімдеріне қарайтын басқа да ұйымдарды қосыңыз. Осыншама мектептің, балабақшаның, басқа да білім беру мекемелерінің жұмысын үйлестіруге, бақылауға жалғыз басқарманың, ондағы саусақпен санарлық маманның шамасы жете ме? Білім ұяларындағы қысқа дайындық, шаруашылық, жөндеу жұмыстарын жалғыз басқарма толығымен үйлестіріп кете алды ма? Бір ғана мысал, шамамен 40 мыңнан астам оқушы білім алатын 80-нен астам мектебі, 220 мектепке дейінгі мекемесі бар Сарыағаш ауданында жергілікті әкімнің өзі қат-қабат шаруадан барлық мектептің жағдайымен түгелдей танысып шығуға уақыт табуы қиын. Ал егер, айтқан жерден аулақ, мектепте бала өміріне қауіпті төтенше жағдай орын алса, жұрт бірінші кезекте жергілікті билікті кінәлайтіні мәлім. Мектептердің директорлары әкімге бағынбайды, яғни жергілікті билікпен қатынас, бақылау жоқ. Сала мамандары бұл жүйе кадр мәселесіне де кері әсерін тигізіп жатқанын айтуда. Яғни аудандардағы білім бөлімдерінің жергілікті әкімдіктен алынуы өзін ақтамаған өзгеріс ретінде бағаланып отыр. Бүгінде облыстық басқарманың мыңға жуық мектептің шаруасын үйлестіріп, сапалы білімге мүмкіндік жасауға шамасы жетпейтіні айтылуда.
Екінші мәселе, қазір ұстаздардың жалақысы еселеп көбейді. Кездесуде Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова кейбір мұғалімдердің 750 мың теңгеге дейін жалақы алатынын тілге тиек етті. Десе де, 750 мың теңге жалақы алатын мұғалім аз шығар, бірақ 300-400 мың теңге жалақысы барлар жетерлік. Әрине, мұғалімнің әлеуметтік жағдайы жоғары болғаны жақсы, жұрттың қалауы да солай. Бірақ мұғалімнің жалақысы көбейгенімен, білімнің сапасы көтерілді ме? Мұғалімнің біліктілігі жоғарылады ма? Егер жалақыға сай біліктілік те жоғарыласа, онда ата-аналар неге жаппай мектеп бітіретін ұл-қызына қыруар ақша төлеп «репетитор» жалдайды? Неге ауылдық жерлердегі мектеп бітіретін оқушылар қалаға келіп, сабақтан қол үзіп, пәтер жалдап, ҰБТ-ға дайындалады? Қазіргі білім көрсеткіші болып тұрған ҰБТ нәтижесі төмен болса, мектеп директорларына неліктен шара қолданылмайды? Ауылдағы білім сапасы, материалдық базасы қаламен теңесетін күн қашан туады? Жекеменшік білім ошақтарын ашу бизнесі кеңінен етек алған тұста қандай бағыт-бағдар ұстанған жөн? Ұстаздық еңбек асқан талғампаздықты, мол адами қасиетті, рухани тазалықты қажет ететін, жауапкершілігі мол, аса күрделі мамандық екені мәлім. Кез келген адам жақсы ұстаз бола алмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауылдағылардың қаладан мықты маман (репетитор) жалдап білімін жетілдіруі мұғалімдердің білім деңгейінің бүгінгі талапқа сай еместігін аңғартады. Жуырда облыста мемлекеттік аттестаттау жүргізілген білім беру ұйымының 92,2 пайызы аттестаттаудан өте алмады. Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғ.Алматовтың мәліметінше, биыл 98 балабақша, 67 мектеп, 2 колледж мемлекеттік аттестаттаудан өте алмаған. Бұл дерек те көп жәйтті аңғартады. Білім саласын орталықтандырудың негізінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсаты жатқаны да рас. Дегенмен облыста сыбайлас жемқорлық фактілері білім ошақтарында тыйылмай отыр. Таяуда бір ауданның білім бөлімінің басшысы парақорлығы үшін сотталса, тағы бір ауданда білім бөлімінің басшысы кісі өлтіруге тапсырыс берді деген айыппен қамауда сот үкімін күтіп отыр. Тізе берсек, білім саласындағы жемқорлық жеке тақырыпқа жүк боларлық тақырып.
Партияның облыстық филиалында өткен жиында да білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Айта кетелік, Жұлдыз Досбергенқызы бастаған Мәжіліс және мәслихат депутаттары осы жолғы сапары барысында Бәйдібек, Ордабасы, Сауран аудандары мен Кентау қаласындағы бірқатар білім ұяларын да аралап, олардың жай-күймімен танысты. Нәтижесі бойынша, тиісті шешімдер мен нақты қадамдар жасау ұйғарылды.
Апатты мектептер ахуалы алаңдатады
Жаңа оқу жылы жақындаған сайын мектептердің дайындығына қатысты мәселелер де жиі қозғалуда. Білім ошақтарының жетіспеушілігі, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептердің мәселесі көптен бері айтылып келе жатқаны белгілі. Облыста 2 жоғары оқу орны мен 54 колледжде жалпы саны 35 700-ге жуық студент білім алады. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты жатақхана құрылысы бүгінде тоқтап тұр. Аталған университетке қарасты 7 жатақханаға қосымша 316 орындық 2 жатақханамен қамту үшін келіссөздер жүргізілуде. Ал 1 300-ден астам студенті бар Халықаралық туризм және меймандостық университетіне қосымша биыл 202 орындық жатақхана қолданысқа берілмек. Алдағы үш жылда Түркістан өңірінде мемлекет өз күшімен жаңадан 200-ге жуық мектеп салу қажеттілігін өтеуге мүмкіндігі жете ме? Жалпы, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т.Үсібалиевтің берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл өңірде 59 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20,5 млрд теңге қаралған. Жыл соңына дейін 21 мектеп пайдалануға беріледі. Оның ішінде бес нысанды қыркүйек айына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Алайда 9 мектептің құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендіктен, мердігер мен техникалық қадағалаушы мекемелерге жалпы 7,1 млн теңге айыппұл салынған. Яғни кейбір мектептің құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Мысалы, Жетісай, Қазығұрт және Отырар аудандарындағы 3 мектептің құрылысы жосықсыз мердігерлердің кесірінен тоқтап тұр. Құрылыс жұмыстарын жандандыру ісі келесі жылға қалдырылып отыр.
Ал апатты жағдайдағы мектептерді жою туралы әңгіме жылда қозғалып жатқанымен, мәселе әлі де толық шешімін таппай келеді. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Д.Болатханұлының айтуына қарағанда, қазіргі таңда облыста 4 апатты мектеп жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін 2 мектеп, ал қалған 2 білім ошағы келесі жылы пайдалануға берілмек. Алайда апатты мектептердің тізімі толық еместігін айтушылар көп. Мысалы, Төлеби ауданы Қостөбе ауылындағы білім ошағының жай-күйі сын көтермейді. Бұған дейін арнайы комиссия мүшелері мектептің апатты жағдайда екеніне көз жеткізіп, орнына жаңа ғимаратты салу қажеттігін айтқан болатын. Аталған мектепке күрделі жөндеуді жүргізу үшін жобалық сметалық құжатын әзірлеуге, техникалық зерттеп-зерделеу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданып, тендер де өткізілді. Апатты мектепті қанша жерден жөндесең де толық жаңаланбайтыны бесенеден белгілі ғой. Кейін оның күрделі жөндеуге жатпайтыны анықталып, маусым айында тиісті басқармаға мектептің апатты жағдайда екені жайлы арнайы хат та жіберілген. Алайда қазір тамыздың ортасы болса да апатты мектептер тізімінде Қостөбе мектебі жоқ. Сондай-ақ Төлеби ауданындағы Ханарық ауылындағы мектептің құрылысы – «Жол картасына» енген, облыстық мәслихаттың сессиясында бекітілген жоба. Өкінішке қарай, құрылыс жұмыстары сол күйі басталған жоқ. Биыл нысанның жобалық-сметалық құжатының жарамдылық мерзімі аяқталады. Алайда Ханарық ауылы «Жайлы мектеп» қанатқақты жобасына еніп кеткен. Жоба бойынша мектеп құрылысын қолға алу 2025 жылға дейін созылуы мүмкін. Демек Ханарық ауылының балалары үш жылдай үш ауысыммен оқуға мәжбүр болады деген сөз. Бір түкпірде орналасқан Ханарық ауылының пилоттық жобаға қалай еніп кетуінің өзі түсініксіз. Кемеқалған ауылдық округі аумағындағы Қаратөбе мектебінікі де солай. Қаратөбеліктерге мектептің ауадай қажеттігі алқалы жиындарда, ақпарат құралдарында жиі айтылып жүр. Аудан орталығы Ленгір қаласы, ел көп шоғырланған Көксәйек, Бірінші Мамыр, Алатау ауылдық округтерінде үлкен мектептер салуды, сол білім ошақтарына көршілес ауылдардан балаларды «Жайлы мектеп» жобасына сәйкес тасып оқыту түсінікті, алайда ауданның бір түкпірінде жатқан Ханарық мектебінің бұл жобаға қалайша еніп кеткеніне жұрт түсінбей дал. Дәл осы мәселені білім беру және денсаулық сақтау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жиынында Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Қаринаға да жеткізген болатынбыз. Оның айтуынша, жобаға енетін мектептерді жергілікті білім бөлімдері таңдайтын көрінеді. Яғни қателіктер көбіне жергілікті жерлерден жіберіледі деген сөз.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, мектептердің құрылыс жұмыстарына, оның ішінде саны емес сапасына, бала санының өсіміне байланысты талдаулар жүргізілуде. Соған сай жыл соңына дейін бюджетті жоспарлау барысында нақты мәліметтермен жұмыс атқарылмақ. Жергілікті билік алдағы 5 жылда мектеп құрылысы мәселесі түбегейлі шешілетінін мәлімдеп отыр. Мектептер салынар, бірақ өңірде білім беру сапасы, оқу-тәрбие жұмысы қашан түзелетінін жергілікті билік нақты айта алмайды. Өйткені бұл мәселе қаржыға ғана емес, сала жұмысын дұрыс ұйымдастыра-үйлестіре білумен, яғни өзгерістер енгізуде жергілікті жердегі жағдайды, демографиялық өсім мен халықтың тығыз орналасуын ескерумен қатар жауапкершілік пен сананың өзгеруіне де тікелей байланысты.
Түркістан облысы