Медициналық сақтандыру қорына қаңтар айынан бері 467 шағым түсіп, тұрғындар өңірдегі кейбір ауруханалар мен емханалардың дұрыс қызмет көрсетпей отырғанына наразылық танытты. Дегенмен барлық арыз-шағымның 6 пайызы ғана негізді деп саналып отыр. Қордың өңірдегі филиалының директоры Нұрлан Қасымов алғашқы алты айда Ертіс-Баян өңірі азаматтарынан ұйымның шотына 14,8 млрд теңге түскенін, қазіргі күні сақтандырылған облыс тұрғындарының саны 633 мың адамға жеткенін айтады. Ал медициналық қызмет көрсетуге 42,8 млрд теңге жұмсалыпты.
– Міндетті медициналық сақтандыру енгізілгелі бері емханаларда консультативті және диагностикалық қызметтер саны күрт өскенін көріп отырмыз. Жыл басынан жалпы сомасы 3,8 млрд теңгеге осындай қызмет түрлері көрсетіліп, 53 мыңнан астам емделуші стационарларда ем-дом қабылдаған. Дәрі-дәрмектің тізімі кеңейтіліп, амбулаторлық жағдайда препаратпен қамту қолжетімді бола түсті. Былтыр бұл бағытта 7,9 млрд теңге игерілсе, биыл жыл басынан 8 млрд теңге бағытталып үлгерген, – дейді филиал жетекшісі.
Мамандар қорға түскен арыз-шағымдардың саны 62,2 пайызға ұлғайғанын байқаған. Олардың ойынша, бұл азаматтардың медициналық жүйеге қатысты сауаттылық деңгейінің өсуінен пайда болған. Қаңтардан шілде айына дейінгі аралықта 574 өтініш түссе, оның 467-сі – арыз-шағым. Тұрғындар негізінен емханалардың қызметіне наразылық танытады. Белгілі бір медициналық ұйымға қатысты шағым түссе, қор сарапшылары жоспардан тыс мониторинг жүргізуге құқылы. Олар әуелі ақпараттық жүйені зерделеп, ауру тарихын қарайды, қажет болса емханаға барып, емделушілермен сөйлеседі.
«Егер шағым шын мәнінде негізді болса, біз нақты шараларды қолға аламыз. Жарты жыл ішінде медициналық ұйымдарға 18,7 млн теңгеге айыппұл салдық. Павлодар қаласындағы №1, 2, 4 емханалар және Екібастұздағы «Дисконт» емханасында заң бұзушылықтар жиі тіркеледі», дейді Нұрлан Қасымов.
Медициналық қызметке көңілі толмайтындардың басым бөлігі стационарлар мен арнайы дәрігерлерге берілетін жолдаманы ұзақ күтетіндерін және күрделі зерттеулерге кезектің ұзын-сонар қалыптасып қалатынын айтады. Күте-күте күдерін үзгендер көбіне ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр болады. Бұл мәселе, әсіресе ревмотолог, невропатолог, нейрохирург дәрігерлеріне қатысты. Себебі өңірде мұндай мамандардың тапшылығы байқалып отыр.
Павлодар облысы