Елорда • 27 Тамыз, 2022

Елордада стенд атудан Қазақстан кубогы өтіп жатыр

368 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорда іргесіндегі «Astana Target club» спорттық кешенінде стенд атудан Қазақстан Республикасы Кубогының ІІІ кезеңі мен Нұр-Сұлтан қаласының ашық Чемпионаты басталды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада стенд атудан Қазақстан кубогы өтіп жатыр

Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен яғни, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, сонымен қатар Алматы, Қызылорда, Павлодар облыстарынан 100-ден аса сұрмерген қатысып жатыр. 

Жарыстың ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қазақстан спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов және Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. 

Жарыстың ашылу салтанатында алғаш болып сөз алған Асылов алдымен қатысушыларды құттықтап, стенд атудан Қазақстан Республикасы Кубогының ІІІ кезеңі мен Нұр-Сұлтан қаласының ашық чемпионаты ашық деп жариялады. 

Бұл жарыста Азия ойындары, Азия Чемпионаттары мен «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері өз шеберліктерін көрсетуде. Аталған жарысқа құрлықтық және әлемдік додаларда топ жарып жүрген елордалық спортшылар да қатысып жатыр.   

«Бір қуанарлығы – елордадағы ату алаңы қайта жанданып, айтулы аламандарды қабылдай бастады. Өйткені, ЭКСПО көрмесінен кейін 4 жылдай тұралап қалып еді. Қазір бұндағы жағдай жақсы. Спортшыларға өте қолайлы. Біз осы бәсекелер нәтижесінде ел үздіктерін іріктеп, бірлескен жаттығу жиындарын өткіземіз. Одан кейін дәл осы спортшылар халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды», дейді Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов.

Айта кету керек, байрақты бәсеке 4 кезеңнен тұрады. Бұл жолы жарысқа қатысушылар стенд атудың скит және спортинг түрлері бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Кейін ел үздіктері қараша айында тағы да бас қосып, Қазақстан кубогының шешуші, яғни, төртінші кезеңінде бақтарын сынайды. 

Осы жарыстар қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталып, Хорватияда өтетін лицензиялық әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.

Жарыстың жалпы қорытындысы 29 тамызда шығады.