22 Мамыр, 2010

ӘСКЕРГЕ КӨКТЕМГІ ШАҚЫРУ

996 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тәуелсіз еліміздің ертеңгі тірегі – бүгінгі жасөспірімдер. Содан да олардың бойына отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беру күн тәртібінен түспей-ақ келеді. Жасөспірімдердің мектеп қабырғасынан өзін әскери қызметке дайындап, дәріс алуы еліміздің шаңырағы шайқалмауына кепілдік беретіні сөзсіз. Сондықтан бүгінде жасөспірімдерге мектептерде әскери-патриоттық тәрбие берудің жай-жапсары қалай екендігін білу мақсатымен Қызылорда қаласындағы  №222 орта мектепке ат басын бұрғанбыз. Бару барысында мектептегі алғашқы әскери дайындық бағдарламасы мен әскери дайындық ауласы және бөлмесімен егжей-тегжейлі танысып, мектеп директоры Асқар Әнуарұлы мен алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы- ұйымдастырушысы Жалғасбай Тышқанбаевты әңгімеге тарттық. Асқар ӘНУАРҰЛЫ: – Мектепте оқушыларға әс­ке­ри-патриоттық тәрбие беру тек қана 10-11-сыныптарда өтілетін алғашқы әскери-дайындық саба­ғын­да ғана емес, сонымен қатар, бар­лық сынып оқушыларына сы­ныпта және сыныптан тыс өтілетін іс-шаралар арқылы беріледі. Мектепте әскери-патриоттық іс-шаралар әр оқу жылы басында жоспарланып, өткізіліп отырады. Ұлы Отан соғысы, Ауған со­ғы­сы, тыл ардагерлерімен, қалалық қорғаныс істері жөніндегі бас­қар­ма қызметкерлерімен, әскери қыз­меттегі мектеп түлектерімен кез­де­сулер, кештер ұйымдастырылып, оқушыларға патриоттық тәрбие беру жоспарлы жүргізіледі. Мектеп жанындағы “Сарбаз” әскери-патриоттық клубы тиянақты жұмыс істейді. Оған ал­ғаш­қы әскери дайындық пәні оқы­тушы-ұйым­дастырушысы Жалғасбай Тыш­қанбаев жетек­шілік етеді. Әскери-патриоттық тәрбие жас­өспірімдерді еліне деген сүйіс­пеншілікке, ұлттық әскер құ­рамын­да адал қызмет атқаруға, адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіруге баулиды. Осы мақсатта мектебімізде №222, №253, №120, №144 мектептердің 11-сынып ер балаларымен оқу-дала жиыны өткізіліп, қаладағы №5047 әскери бөлімге саяхат жасалды. Мектебімізде әр оқу жыл со­ңын­да АӘД курсының аяқталу сал­танатына арналған әскери-патриоттық жарыс өткізіліп тұрады. Биылғы “Сапта жүру және ән” байқауында автоматты толық емес бөлшектеу және жинастыру, оқжатарды жарақтау, әскери ке­дергілерден өту, граната лақтыру, кермеде тартылу бойынша 10-11-сынып оқушылары бәсекеге түсті. Мұндағы мақсатымыз оқушы­лар­дың сапта жүру, пәрмендерді орындай білу, әскери тәртіпке үйрету шеберліктерін жетілдіріп, төзімділікке, шыдамдылыққа тәр­бие­леу және патриоттық сезімін арт­тыру болатын. Аталмыш іс-шаралар шәкірт­тер­ге ерліктің, еңбектің қадір-қасиетін түсіндіруге мүмкіндік бе­ріп, елінің патриоты болуға тәр­биелейді. Ел алдында борыш пен міндетті абыройлы атқаратын жеке тұлға қалыптастыруда әскери-патриотизмнің мәні зор. Қазақ халқы – намысты қол­дан жібермеген ержүрек, батыр халық. Батыр халықтың ұрпағы екенімізге мақтана отырып, ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық дәстүрімізді жалғастыру, “Отан үшін жан пида” деген аталы сөз­ді ұлықтау – біздің басты мақ­сатымыз. Жалғасбай ТЫШҚАНБАЕВ: – Оқушыларға әскери-пат­риот­тық тәрбие беру – мектептегі барлық оқу-тәрбие беру жұмыс­тары­ның басты міндеттері де, ал оларға қозғаушы күш – алғашқы әскери дайындық пәнінің берілуі. Осы тұрғыда алғашқы әскери дайындық оқулығының алар орны ерекше. Қазіргі қолданыстағы 2006 және 2007 жылдары “Мектеп” бас­пасынан жарық көрген, 10-11-сы­нып­тарға арналған алғашқы әс­ке­ри дайындық оқулығындағы кей­бір материалдар оқушылардың қабылдауына қиындық келтіреді. Оқулықтағы ережелер, анықтама­лар, әскери қағидалар, түсіндір­ме­лер нақтылықты, тұжырымды­лық­ты қажет етеді. Оқулықтағы әскери терминдер мен жарғылардың қа­зір­гі жалпы әскери жарғымен сәй­кес келмейтін тұстары да кездеседі. Сөз орайы келгенде айта ке­тей­ін, 2000 жылы “АОЭО” баспа­сынан басылған “Алғашқы әскери дайындық” оқулығының мате­риал­дары оқу бағдарламасына сәй­кестендіріліп жасалған және оқушылардың қабылдауына жеңіл. Мектептерде Білім және ғы­лым министрлігінің 2005 жылғы №653 бұйрығымен бекітілген орта, жалпы білім беретін мектептің 10-11-сыныптарына арналған алғаш­қы әскери дайындық бағдарлама­сы толық орындалып отырған жоқ. Атап айтар болсақ, 10-сыныптарда ер балалар мен қыз балалар 18 сағат бөлініп оқытылуы тиіс. Ер ба­лалар басқа тарауларды өтуі ке­зін­де, ал қыз балалар 9 сағат аза­маттық қорғаныс, 9 сағат медици­налық білім негіздерін өтулері керек. Өкінішке қарай, алғашқы әскери дайындық пәніне толық жүктеме беріліп отырған жоқ. 11-сыныптардың 5 күндік оқу-дала жиыны кезінде қыз бала­лар­мен 30 сағаттық бағдарлама бой­ынша медициналық білім негіздері өтілуі қажет. 5 күндік оқу-дала жиыны мектептерде өтілетіндіктен, оқушылар оқу бағдарламасында көзделген ішкі тәртіп ережелерін толық меңгермейді. Калашников автоматынан бастапқы ату жат­ты­ғулары орындалмайды. Осы кем­ші­ліктерді жою мақсатында оқу-дала жиыны далалық лагерлерде ұйымдастырылса, оқушылардың қызығушылықтарын арттырар еді. Мектептерде өмір қауіпсіздігі негіздері сабақтарын 1-4-сы­ныптарда сынып жетекшілері, 5-9-сыныптарда АӘД пәні оқытушы-ұйымдастырушысы өткізуі тиіс. Бірақ көпшілік мектептердің 5-9-сыныптарында өмір қауіпсіздік негіздері пәнінен сынып жетек­шілері сабақ беріп жүргендері түсініксіз. Жалпы білім беретін оқу орындарында АӘД пәнін оқу-ма­териалдық базасыз, көрнекі құрал­дарсыз, оқытудың жаңа техноло­гиясына сай құрал-жабдықтарсыз оқыту әсте мүмкін емес. Ашығын айтсақ, қазіргі таңда мектептегі көр­некіліктер, оқу құрал-жаб­дық­тары ескірген, оны айтасыз пай­да­лануға жарамсыз. Осыған бай­ла­нысты оқу-материалдық базаны нығайтуға, көрнекі құралдар мен табельдік мүліктермен қамтамасыз етуге қаржы бөлінсе, мектептердегі АӘД пәнінің берілу сапасы әлдеқайда жақсарған болар еді. Иә, мектеп директоры мен алғашқы әскери дайындық пәні­нің оқытушы-ұйымдастырушысы айтса айтқандай, мектептерде оқушыларға әскери-патриоттық білім мен тәрбие беруде күрмеуі қиын мәселелер жетерлік сы­ңай­лы. Демек, еліміздің ертеңі – жас­өспірімдерді отансүйгіштікке баулуда атқарылар шаруа шаш­етек­тен. Жоғарыдағы толғақты мәселелер Білім және ғылым министрлігі назарына ілігіп, оң шешімін табар деген үміттеміз. Еркін ӘБІЛ. ҚЫЗЫЛОРДА.