Спорт • 29 Тамыз, 2022

Үздіктер тізімінен өз өрендерімізді көргіміз келеді

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жектен әлемдегі ең белді промоушен – UFC өздерінің ең үздік спортшыларының жаңартылған рейтингін жария етті. Бұл жерде ешкімнің салмақ дәрежесі ескерілген жоқ. Өкінішке қарай, олардың тізімінде, әзірше дейік, қазақ елінің өкілдері байқалар емес.

Үздіктер тізімінен өз өрендерімізді көргіміз келеді

Көш басына жартылай жеңіл салмақтың чемпионы Александр Волкановски көтерілді. Келесі айдың аяғында 34 жасқа толғалы отырған аустралиялықтың осы спорт түрін серік еткеніне 10 жылдан асты. Оның алдында Вол­кановски грек-рим күресі және регбимен шұғылданған. 2013 жылдың мамыр айында ол Мель­бурнде өзінің отандасы Кори Нель­соннан ұтылып қалған болатын. Содан кейін бірде-бір рет же­ңі­лістің кермек дәмін татқан емес.

Александр барлығы 25 кездесуде жеңіске жетіп, 15 қар­сыласын айқын басымдықпен ұтты. 2016 жылдан бері UFC-де күш сынасып жүр. Арада үш жыл өткен соң Лас-Вегаста жергілікті файтер Макс Хэл­лоуэйді ұпай санымен ұтып, чемпиондық белбеуді ие­ленді. Содан кейін тағы бес рет өз ата­ғын сәтті қорғады. Жа­сыл құр­лықтың өкілі әр жылдары Шейн Янг, Мидзуто Хирото, Дар­­рен Элкинс, Чед Мендес, Жо­зе Алду, Брайан Ортега, Чон Чхан Сон сынды саңлақтарды сан соқ­тыр­ды. Ал атақты Хэллоуэйдің өзі­нен Волкановски үш мәрте басым түсті.

Атағы жер жарған Исраэль Аде­санья мен Чарльз Оливейра үздік үштіктің санатында. 33 жас­тағы Исраэль 1989 жылы Ни­герияда дүниеге келіп, кейіннен Жаңа Зелан­дия­ға қоныс аударды. Ол да дәл Алек­сандр Волкановски секілді өзі­нің спорттық карьера­сында бір рет қана жеңілді. Былтыр көктемде Адесанья жар­тылай ауыр салмаққа ауы­самын деп, поль­шалық Ян Блаховичке ұпай санымен есе жіберді. Өзге 23 жекпе-жегін тегістей ұтып, 15 қарсыласын но­­каутқа жіберді. Қазіргі кезде ол – орта салмақтың чемпио­ны. Аралдық файтерден таяқ жегендер арасында Андерсон Сильва, Келвин Гастелум, Роберт Уиттакер, Йоэль Ромеро, Паулу Кос­та, Мар­­вин Веттори және Джаред Кан­нонье сынды әлемге әй­гілі спортшылар бар.

Жартылай орта салмақта күш сынасып жүрген 32 жастағы Чарльз Оливейраның аралас жекпе-жекке мықтап ден қойғанына 15 жылға жуықтады. Барлығы 42 рет ок­тагонға шыққан ол 33 мәр­те жеңіс тойын тойлап, 30 қарсыласын есінен тандырды. Ол джиу-джитсудың хас шебері. Қарсыластарының денін Чарльз қылқындырып тастағанын сан мәрте көзіміз көрді. Бұл жігіттен ойсырай ұтылғандар арасында Дональд Серроне, Ник Ленц, Энтони Петтис, Джим Миллер, Ке­вин Ли, Тони Фергюсон, Майкл Чендлер, Дастин Порье, Джастин Гэтжи және тағы бас­қалар бар.

Ал үздіктер тізіміндегі одан кейінгі орындарды Камару Ус­ман (АҚШ), Фрэнсис Нганну (Фран­ция), Леон Эдварс (Ұлы­британия), Алджамейн Стерлинг (АҚШ), Дастин Порье (АҚШ), Дейвесон Фигередо (Бразилия) және Иржи Прохазка (Чехия) иеленді.