«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында өткен облыстық тамыз педагогикалық кеңесінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осындай деректер келтірді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық қанатқақты жобасы аясында үш ауысымды, апатты мектептерді толығымен жою көзделіп отыр. Сондай-ақ 300, 600, 1 200 және 2 500 орындық жаңа мектептер салу жоспарланды. Осы құрылыстың нәтижесімен облыстың 65 мыңға жуық оқушысы жаңа типті мектепте оқиды. Облыстық бюджет және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 32 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлінді. Мемлекет тарапынан облысымыздың орта білім беру ұйымдарына қажетті қаржы қаралып, жаңа оқу ғимараттарымен, материалдық-техникалық және оқу құралдарымен қамтамасыз етіліп, жағдай жасалуда. Былтыр қыркүйек айында Түркістан қаласында 720 орынға арналған химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылып, 500 оқушы қабылданды. Қосымша біліммен қамту облыста 70 пайызға жетті. Осы бағытта былтыр Түркістан қаласында «Оқушылар сарайы», «Ақжайық» саз мектебі және FabLab (лабораториялар фабрикасы) ашылып, 3 500-ге жуық оқушы қосымша біліммен қамтылуда. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Әр баланың бос уақытын тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлеміз. Осындай игі шаралардың нәтижесінде өңірде жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық 26 пайызға төмендеді. Бұдан бөлек, ұлттық құндылықтарды, отбасылық, рухани-адамгершілік тәрбиені дамытуға ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға тікелей ықпал ететін «Аналар», «Әкелер», «Ардагерлер» кеңестерінің жұмысын ерекше атап өту керек», деді облыс әкімі.
Сондай-ақ білім саласындағы мәселелер талқыланып, жоспарлар баяндалған жиында облыс әкімі еңбегімен дараланған бір топ ұстазға Алғысхат, Оқу-ағарту министрлігінің марапаттарын табыс етті.
Облыстық білім басқармасының басшысы Д.Болатханұлының айтуынша, өңірдегі мектептер жаңа оқу жылына дайын. Биыл Түркістан облысындағы мектептерде 510 мыңнан аса оқушы білім алады. Бұл – республикадағы ең үлкен көрсеткіш, яғни әрбір жетінші бала Түркістан облысында білім алады деген сөз. Мемлекеттік бюджеттен бөлек орта білім саласын жеке сектордың инвестициялауы арқылы дамыту қарқынды жүргізілуде. Өткен жылмен салыстырғанда жекеменшік мектептер саны 17-ге артып (31%), бүгінгі таңда 56-ға жетіп отыр,
1 406 мектепке дейінгі ұйым қызмет етуде. Балабақша ашу көрсеткіші бойынша да өңір елімізде алдыңғы орында. Тамыз кеңесінде, сондай-ақ білім сапасын арттыру, Turkistan bilimi стратегиялық даму жоспарын әзірлеу, кітапханаларды цифрландыру, ұстаздардың білімін арттыру, мектеп тапшылығын жою және өзге де мәселелер талқыланып, баяндамалар жасалды.
Айта кетелік, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша оқушылардың үлгерім сапасы 69,4 пайыз болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға өскен. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республика көлемінде «100 үздік мектеп» тізіміне Түркістан облысының 11 мектебі енді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада екінші орында.
Түркістан облысы