Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қазір Қазақстанда ұшақпен ұшатын жолаушы саны артып келеді. Бұл өз кезегінде ұшақ жетіспеушілігі, рейстердің кешігуіне әкеп соғып, отандастарымыздың наразылығын тудырып отыр. Министр сөзін ресми деректер де растайды. 2022 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында әуе транспорты 5,8 млн адамды тасымалдаған. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 12,8 пайызға жоғары. Тек шілде айының өзінде 1,2 млн адам әуе компанияларының қызметін тұтынған. Өңірлік бөліністе жолаушылар ағынының көп бөлігі Алматыға тиесілі – 4 млн адам, тиісінше 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8 пайызға көп.
«Қызметіме алғаш кіріскен күннен бастап мәселені зерделеп, оны шешу мақсатында қазақстандық әуе тасымалдаушыларға жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырған болатынмын. Жоспар бойынша жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 2,5 мың орынды құрайтын 14 жаңа әуе кемесі пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, SCAT авиакомпаниясы – 9, Fly Arystan – 3, Air Аstаnа 2 ұшақпен толықтырылады», деді министр.
SCAT әуекомпаниясы өз паркіне 174 орындық Boing-737 МАХ 8 заманауи ұшағын қосып үлгерді. Онда бизнес-кластағы орындар да қарастырылған. Қыркүйек айының ортасына дейін компания тағы 4 Boeing әуе кемесін сатып алмақ. Аталған әуе компаниясының флоты 27 ұшаққа дейін көбейеді деген жоспар бар. Жалпы, әуе тасымалына қатысты сұраныс жылдан жылға артып келе жатқандықтан, қазақстандық әуе кемелері паркі 2025 жылға дейін 51 бірлікке ұлғаятыны мәлім болды.
Жақында министр еліміздегі ең ірі әуе тасымалдаушысы – Air Аstаnа президенті Питер Фостермен кездескен еді. Сол кезде ведомство басшысы әуе рейстерінің кешігуі мен ауыстырылуы, сонымен бірге билеттердің тапшылығына байланысты алаңдаушылық білдірген. Министрдің айтуынша, компания басшысы міндеттемелерді орындау үшін тиісті барлық шара қабылданатынын айтып сендірген.
Сонымен бірге, әуежай мәселесі де – басты назарда. Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында аймақтық әуежайларды субсидиялау мәселесіне арналған жиын өткізген еді. Жиын барысында министрлік бастамасымен аймақтық әуежайларды қаржылай қолдау бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты екшеліп, осы тараптағы ұсыныстар ортаға салынды. А.Өтеповтің айтуынша, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына өзгерістер Үкіметте мақұлданып, Парламент Мәжілісінің қарауына жолданды. Аталған өзгерістер операциялық шығындарды жабуға кіріс деңгейі жетпейтін жергілікті әуежайларды субсидиялау механизмін қарастырады. Бұл өзгерістер енгізілгеннен кейін жылдық жолаушылар ағыны 200 мыңнан төмен коммуналдық меншіктегі әуежайлар субсидияланбақ.
«Бүгінгі таңда еліміздегі көптеген жергілікті әуежайлар қаржылық қиындықтарға тап болып жатыр. Бұл өз кезегінде ұшу қауіпсіздігіне әсер ететіні белгілі. Себебі қаржының жеткіліксіздігі тиісті техникалық жаңалау жұмыстарын жүргізуге кедергі келтіреді. Олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы тараптағы заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Жуық арада аталған өзгерістер заңға енгізіледі деп күтілуде. Осыған орай әуежайларды субсидиялаудың жаңа ережесі бекітілмек. Бұл орайда, әуежай, Азаматтық авиация қауымдастығы мен «Атамекен» ҰКП өкілдерімен талқылаулар өткізу үлкен маңызға ие», деп атап өтті комитет төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ ол әуежайларды субсидиялау шарасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасында да қарастырылғанын айтты. «Ел аймақтарын экономикалық және әлеуметтік дамыту бағдарламаларын кешенді қолдау арқылы ондағы әуежайлардың инфрақұрылымы мен адами ресурстарын жаңғыртуға да мүмкіндік тумақ. Бұл – жолаушылар мен жүк тасымалына оң әсер етіп, тың серпін бермек», деді А.Өтепов.
Қазір Қазақстанда 25 әуежай бар, оның 18-і – халықаралық рейстерге де қызмет көрсетеді. Кейбірін жеке инвесторлар басқарады, көбі негізінен жергілікті биліктің немесе квазимемлекеттік компанияның қарамағында.
Азаматтардың көңілінен шыға алмай отырғанына қарамастан азаматтық авиацияның қызмет құны шарықтап шыға келген. Соңғы бір жылда әуе компанияларының қызмет құны 27 пайызға қымбаттап, 277 млрд теңгеге жеткен. Былтыр қаңтар-шілдеде тасымалдаудан компаниялар 189,2 млрд теңге табыс тапса, биыл табыс көлемі 276,8 млрд теңгеге жеткен. Табыстың басым бөлігі, 270,6 млрд теңге – жолаушылар тасымалынан, 6,2 млрд теңге – жүк пен багаж тасымалынан, 3 млрд теңге транспорттық құралды экипажбен бірге жалға беруден түскен. Қызмет құны дегеннен шығады, әуе билеттерінің бағасы да оңып тұрған жоқ. Тап қазір кез келген қалаға билет іздер болсаңыз, баға бір бағыттың өзіне 30-40 мың теңгеден кем соқпайды. «ВВП Казахстана» телеграм-каналы «Егер дәл ертең елордаға ұшу қажет болса, бір бағытқа билет бағасы қанша шығады?» деген сұрақпен зерттеу жүргізіп көрген.
«Ертең елордаға ең арзан билет Петропавлдан табылды – 12 мың теңге. Ал ең қымбат билет – географиялық тұрғыдан жақын орналасқанына қарамастан Павлодардан шықты – 104 мың теңге. Қостанайлықтар – 24,8 мың, алматылықтар – 37 мың теңгеге алады. Өзге өңір тұрғындарының елордаға әуе жолымен сапар шегуі 40 мыңнан арзанға түспейді», делінген канал хабарламасында. Жалпы, 2021 жылдың қазан айынан бері билет құны 4 есе қымбаттапты.
Азаматтық авиация саласында тізбектей берсек, проблема көп. Жыл басында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев соның біразын айтқан. Мәселен, отын. Мұнай өңдеу зауыттарының жиі жөндеу жұмыстары үшін жабылып қалуы нарықта үлкен тапшылық тудырады. Әуе компаниялары 2022 жылға 1 млн тонна әуе керосиніне тапсырыс берген. Ал әуе керосинінің жылдық өндірісі 700 мың тоннаны құрайды. Бұдан бөлек, әуежай маңындағы аумақтарда тұрғызылған заңсыз нысандар түйткілі мен әуежайда санитарлық-қорғау аймағын құру да өзекті. Сонымен қатар елімізде бұл салада кадр тапшы. Азаматтық авиация комитетінің дерегінше, бізде 25 сертификатталған авиациялық оқу орталығы бар. Олар ұшу экипаждарын, инженерлік-техникалық персоналды, диспетчерлерді, авиациялық станса операторларын даярлаумен, қайта даярлаумен және кәсіби деңгейін қамтамасыз етумен айналысады.
«Қазір азаматтық авиацияда 20 мың адам жұмыс істейді. Оның 10 мыңға жуығы – әуежай жұмысшылары, 3 мыңға жуығы – ұшу құрамының қызметкерлері, 2 мыңға жуығы – инженерлік-техникалық құрам және басқа да қызметкерлер. Саланың дамуын ескере отырып, 2025 жылға дейін жыл сайынғы қажеттілік 500-600 адамды құрайды», делінеді комитет хабарламасында. Осы және өзге де мәселелердің жедел шешілуі маңызды. Өйткені әуе компаниясындағы, әуежайдағы ұсақ-түйек кемшілік үлкен қатерге соқтыруы ықтимал.
Қауіп пен қатерден алшақ, бірақ түпкі дамуымызға, экономикамызға серпін берер тағы бір маңызды жайт бар. Бұл – азаматтық авиацияны инвестиция тарту, табыс табудың көзі ретінде қолдану. Зерттеуші Қанат Махановтың айтуынша, әуе транспорты мен әуежайдың дамуы экономикалық өсіммен тікелей байланысты. Жолаушылар ұшағының көбеюі қызметтер секторындағы еңбекпен қамту көрсеткішінің өсуіне алып келеді. Тағы бір ескерілуі керек фактор – Қазақстанның географиялық орналасуын ұтымды пайдалану жайы.
«Қазақстанның әуе тасымалы саласындағы маңызды артықшылықтарының бірі – оның Еуропа мен Қытай арасындағы маңызды буын қызметін атқаруға мүмкіндік беретін географиялық жағдайы болып саналады. Бұл ретте Франкфурт, Амстердам, Сингапур сияқты әуе хабтарын табысты инвестициялық саясаттың мысалы деп атар едік. Болжам бойынша, алдағы 20 жылда Қытай, АҚШ және Үндістан азаматтық авиациясы жедел дамыған нарыққа айналады. Өңірлер арасынан Азия-Тынық мұхиты аймағы ерекше рөлге ие болады. Осыған байланысты Қытайда және басқа да Азияның ірі авиациялық нарықтарында әуе тасымалына қатысты өсіп келе жатқан сұраныс таяу болашақта Қазақстан авиациясын дамытудың тіректерінің біріне айналуы мүмкін», дейді сарапшы.