Саясат • 29 Тамыз, 2022

ІТ-технология: Әйелдерді қолдауға жасалған қадам

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия алаңында IT технологиялар және бизнес саласындағы кәсіпкерлермен кездесу-тұсаукесер өтті.

ІТ-технология: Әйелдерді қолдауға жасалған қадам

Ұлттық комиссияның се­рік­тесі Technowomen қоғамдық бір­лестігі мен Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігінің ұйытқы бо­луымен өткен іс-шараға кәсіп­кер әйелдер, ІТ жобалардың бас­шы­лары, қоғамдық ұйымдар­дың көшбасшылары, мемле­кеттік органдар мен ұлттық ком­па­ниялардың өкілдері қатысты.

Ұлттық комиссияның төр­ағасы, Президент Әкімшілігі Бас­шысының орынбасары Аида Балаева модераторлық еткен кез­десу барысында әйелдердің цифр­лық экономикадағы мүмкін­діктерін дамыту және әйелдер мен балалар үшін әлеуметтік маңызы бар IT жобаларды практикаға енгізу мәселелері пысықталды.

Тұсаукесерге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде А.Балаева Ұлттық комиссия цифр­лық саласында ынты­мақ­тастық туғызу және таланттарды қолдауға мүмкіндіктерді ілгері­летудегі өз міндетін көріп отыр­ғанын атап өтті. «Бұл жұмыс­тың басты басымдықтары – серік­тестік үшін жағдайларды кеңей­ту, құнды таланттарды анықтау және әйелдер бастамаларының экономикалық және әлеуметтік әлеуетін іске асыруға жәрдемдесу. Бұл кездесу – осы мәселелерді шешудегі кезекті қадам», деді ұлттық комиссия төрағасы.

Кездесу екі жұмыс сессия­сының аясында өтті. Бірінші сессия барысында заңна­малық практиканы жетілдіру және сек­то­­р­­аралық ынтымақтастықты инс­­ти­т­уцио­налдық нығайту жө­нін­дегі бірқатар бастама көте­рілді.

Сессияның арнайы қонағы Қазақстандағы Google Women Techmakers бағдарламасының амбассадоры Жарқын Щеглова болды. Сондай-ақ алаңда спикерлер ретінде «Цифрлық трансформация» ҚҚ басшысы, TechnoWomen Президенті Азиза Шужеева, «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС бас директоры Бикеш Құрманғалиева, Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева, «Договор24» компаниясының бас директоры Елена Седых, «Қазпошта» АҚ трансформациялау және жобалық басқару департаментінің директоры Елена Чекаева сөз сөйледі.

Екінші сессия аясында қо­ғам­дық маңы­зы бар түрлі мәселелерді шешуге және әлеу­меттік кәсіп­керлікті дамытуға бағыт­тал­ған бірқатар жоба танысты­рылды. Соның ішінде, онлайн білім беруді кеңейту, педа­гог­тар­дың біліктілігін арттыру және мек­­тептерді цифрландыру, жастарды жыныс­тық тәрбиелеу, тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың алдын алу, сондай-ақ онкологиялық ауруларды анықтау және жүктілік пен босану кезінде әйелдерді онлайн қолдау бо­йынша идеялар ұсынылды.

Кездесудің негізгі қоры­тын­дысы әлеу­меттік әріптестік мүмкіндіктерін нығайту және мемлекеттік құрылымдар, ұлттық ком­паниялар мен IT кәсіпкерлік саласының өкілдері арасында тұрақты байланыс жүйесін қалыптастыру болды.