Саясат • 29 Тамыз, 2022

Сенімді әлем құру – адамзаттың ортақ мақсаты

183 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд бірлескен мәлімдеме жасады.

Сенімді әлем құру – адамзаттың ортақ мақсаты

Құжатта олар Ядролық сы­нақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты іске қосатын кез кел­генін мәлімдеп, ХХI ғасырдағы адамзаттың ортақ мақсаты – ядро­лық қарусыздануды ілгерілету және болашақ ұрпақ үшін не­ғұр­лым қауіпсіз әрі сенімді әлем құру екенін атап өтті.

Қазақстан бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы жариялаған Ядро­­лық сынақтарға қарсы іс-қи­мылдың халықаралық күніне орай жасалған мәлімдемеде тарап­тар ядролық сынақтардан азат әлем құруға және ядролық сынақ­тарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) кү­шіне енуіне қол жеткізуге бейіл­дігін рас­тайды.

«1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигонының жа­былуы Қазақ­стан мен халық­аралық қоғамдастық үшін сим­вол­дық мәні ерекше күн болды. Бұл маңызды оқиға саяси сер­пін бере отырып, 1996 жылы ЯСЖТШ-ның қабылдануына әкелген халықаралық күш-жігерге үлес қосты. ЯСЖТШ қабылданған сәттен бастап Қазақстан ЯСЖТШ-ны және оның тексеру режимін нығайтуды дәйекті түрде қол­дайды.

Биыл Қазақстандағы бес Халықаралық мониторинг жүйе­сінің стансаларын және бұрынғы Семей ядролық полиго­нының аумағын басқаратын Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ядролық орталығының (ҰЯО) 30 жылдығы атап өтілуде. Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры ЯСЖТШ-ның «В» жұмыс тобына тиімді төрағалық етуде.

Шартқа қол қойған 186 және ратифи­ка­циялаған 173 мемлекеттер арқасында ЯСЖТШ-ды әм­бебаптандыруда елеулі жетіс­тіктерге қол жеткізілді. Шарттың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп, барлық мүдделі тараптардың сәтті ұжымдық күш-жігерін көрсететін Гамбия, Тувалу, Доминика және Тимор-Лестенің таяу­да ЯСЖТШ-ны ратификациялауын құп­таймыз. Оның тексеру режимін құру аяқ­талуға жақын. ЯСЖТШ мен ядролық сынақ­тарға тыйым салу туралы норма әлі заң­ды түрде міндетті болмағанына қара­мас­тан, оны орындау – іс жүзінде жалпыға ортақ.

Біз ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) қолданылуын қарау про­цесі шеңберінде ядролық қаруды тарат­пау және қарусыздану режімі­нің негізгі тірегі ретіндегі ЯСЖТШ рөлін растаймыз. ЯСЖТШ ядролық қарусыз әлем­ге қол жет­кізудің тиімді және прак­тика­лық шарасы болып табылады.

Біз барлық мемлекеттерді 2022 жылы 7 қыркүйекте Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас штабында Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күнін атап өтуге және наси­хат­тауға арналған Бас Ассамблеяның жоға­ры деңгейдегі пленарлық отырысына қатысуға шақырамыз.

Біз барлық мемлекеттерді ядролық жары­лыстарға мора­торийді сақтауды жалғас­тыруға ша­қырамыз. Біз Шартқа әлі қол қоймаған және/немесе ратифи­ка­ция­ламаған мемлекеттерді мұны кідіріссіз жасауға шақы­рамыз. Біз 2-қосымшада көрсетілген ратификациялауы ЯСЖТШ-ның күшіне енуі үшін қажет қалған сегіз мемлекетті халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін осы маңызды қадамды қолдана отырып, ядролық қаруды таратпау мен қарусыздануға өз бейілдігін көрсетуге шақырамыз», делінген ортақ мәлімдемеде.