Үкімет • 31 Тамыз, 2022

Мырзағалиев пен Мағауов қатаң сөгіс алды

4059 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірлерін дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі бойынша арнайы Комиссия құрылды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған Комиссия құрамына жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері кірді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мырзағалиев пен Мағауов қатаң сөгіс алды

Комиссия ел бойынша жанармайдың жетіспеушілігіне әсер еткен факторларды анықтаумен айналысады. Мәселен, негізгі себептердің бірі - отын тұтынудың, бірінші кезекте транзиттік шетелдік көліктің айтарлықтай өсуі. Екінші себеп - бағаның айтарлықтай айырмашылығына байланысты Қазақстаннан тыс көршілес елдерге дизель отынының ағыны. Қазақстандағы дизельдің құны литріне 230-260 теңгені құрайды, ал Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей жанар-жағармай бекеттерінде баға 440 теңгеге дейін жетеді.

Отандық мұнай базалары дизель отынын бөлшек сауда құнынан жоғары бағамен сатқан, бұл өңірлерде отын сату көлемінің қысқаруына әкелді, өйткені оны сатып алу жанармай бекеттері үшін тиімсіз болды.

Комиссия отырысы барысында «ҚазМұнайГаз», Petrosun компаниялары, сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттары тарапынан өндіру, маркетинг және логистикада жүйелі кемшіліктер мен олқылықтар анықталғаны айтылды.

Уақытылы шаралар қабылдамағаны үшін «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев пен Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовқа қатаң сөгіс жарияланды. Сондай-ақ Энергетика министрлігі мен ҚМГ жауапты қызметкерлерімен тәртіптік жазалау шаралары қабылданып, еңбек қатынастары бұзылды.

«Жағдайды қалыпқа келтіру және жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығын толық қамтамасыз ету үшін бірқатар жедел және ұзақ мерзімді шара қабылданды:

  • дизель отыны өндірісінің көлемі биыл 5,2 млн тоннаға дейін ұлғайды, бұл 2021 жылға қарағанда 340 мың тоннаға жоғары;
  • мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту көлемі ұлғайтылды;
  • «Самұрық-Қазына» қоры және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-мен дизель отынының қосымша көлемін жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді;
  • Шымкент МӨЗ-дің өндірістік қуатын кеңейту жоспарланған;
  • 2023 жылдан бастап МӨЗ жұмысының жаңа схемасына кезең-кезеңмен көшу жоспарланып жатыр, оның аясында мұнайды зауыттарға тікелей жер қойнауын пайдаланушылардың өзі жеткізеді немесе мұнай МӨЗ-ді тікелей сатып алу жолымен жеткізіледі», делінген хабарламада.

Комиссия жұмысының аясында Энергетика министрлігінде және ЖМҚС-ның ірі желілерінде қазақстандықтар бағаны негізсіз көтеру және ЖЖМ өткізуден бас тарту фактілері туралы хабарлай алатын call-орталықтар ашылғанын айта кету керек.