Кездесу барысында мәдениет және өнер саласындағы жоғары білім беру ұйымдарының оқытушыларына лауазымдық еңбекақыға коэффициент екі есеге артқаны хабарланды. Еңбекке ақы төлеудің жаңа ережелері төрт шығармашылық жоғары оқу орнына қолданылады, олар: Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Қазақ ұлттық хореография академиясы.
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова, сондай-ақ шығармашылық жоғары оқу орындарының ректорлары енгізілген өзгерістер мен жаңа оқу жылына дайындық барысы жайлы айтып берді.
«Бүгінде министрлік мәдениет және өнер саласына қажет кадрларды даярлау бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. Болашақ кадрларды даярлауды Қазақстанның еңбек сіңірген және халық әртістері, шығармашылық интеллигенцияның көрнекті өкілдері жүзеге асырады. Сонымен қатар студенттер еліміздің үздік мәдениет ұйымдарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Оқу орындарының заманға сай интеграциялануының арқасында еліміздің мәдени ландшафтына бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандар қосылатынын сеніммен айта аламыз. Ал еңбекақыға қатысты айтсақ, оқытушыларымызға лауазымдық еңбекақыға коэффициенттің 1.75-тен 3.5-ке дейін артуын ескере отырып, қайта есептеу жүргізіледі», деді Роза Кәрібжанова.
Мәселен, профессордың еңбекақысы 267 754 теңгеден 435 373 теңгеге дейін өсті, ал ЖОО доценті 243 451 теңге емес, 395 855 теңге алатын болады.
Роза Кәрібжанованың айтуынша, Мәдениет министрлігіне қарасты барлық білім беру ұйымдары жаңа оқу жылының басталуына дайын.
Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева шығармашылық жоғары оқу орындары еліміздің қазіргі және болашақ мәдениетін дамыту үрдістерін қалыптастыратын ғылыми, шығармашылық және ағартушылық қызмет орталықтары ретінде жұмыс істейтінін хабарлады.
Жиынға Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев қатысты.
Айта кетсек, жаңа оқу жылында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға Министрлікке бағынысты білім беру ұйымдарына 2 365 білім гранты бөлінді. Атап айтқанда: бакалавриат үшін – 890 грант, магистратура үшін – 152 грант, докторантура үшін – 23 грант, жоғары оқу орындары жанындағы колледждерге – 200 грант, колледждерге – 300 грант. Сонымен қатар халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің бакалавриатына 800 орын бөлінген.