Тек дәрігердің тағайындауымен қолданыңыздар!
2011 жылдан бастап Қазақстанда құрамында кодеині бар препараттарды еркін сатуға тыйым салынды. Аталған препараттарды енді тек дәрігердің рецептімен ғана сатып алуға болады.
Бұл шара құрамында кодеині бар препараттарды теріс пайдалану себептеріне байланысты қолға алынды. Нашақорлардың осындай препараттардан дезоморфин есірткісін (фармакологиялық әсері жағынан морфинге ұқсас, бірақ одан да уытты) пайдаланатындығы туралы мәселе өзекті болып табылады. Нашақорлар ерітіндіні шаптағы көк тамырға немесе санның бұлшық етіне енгізеді, салдарынан олардың басым көпшілігінде гангрена (қағыну) жылдам түрде дами бастайды. Мұндай жағдайда дәрігерлер кодеинді пайдаланушы нашақорлардың өмірін тек аяғын кесу арқылы ғана сақтап қала алады. Егер героинді қолданатын нашақорлар орташа есеппен 5-7 жыл өмір сүрсе, ал дезоморфинге үйір жандар 1-2 жыл ғана ғұмыр жасайды.
Кодеин ең кең таралған есірткі препаратына жатады. Сондай-ақ, кодеиндік нашақорлықтың белгілері апиынды қабылдағанмен бірдей болғанымен, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Құрамында кодеині бар препараттарды қабылдағанда адамның денесі қызып, біраз уақытқа санасы төмендейді.
Құрамында кодеиннен тұратын препараттарды пайланудың белгілеріне: ұйқыға әуес болу, денедегі ауырсынулардың басылуы тәрізді белгілер жатады. Кодеинді қолданған сәтте нашақорда күлегештік, дөрекілік сынды психикалық ауытқулар байқалады. Кодеинді препараттардың әсерінен нашақор көп сөйлеп, жылдам қимылдайды, мазасыздыққа душар болады. Ол өнімді еңбекпен айналысу қабілетінен айырылады. Абстиненттік синдром кезінде аталмыш препараттардан бас тартқанда – көңіл-күйдің бұзылуы, ауырсынулар және жайсыздық пайда болады. Адам уайымға немесе дене абстиненциясының салдарынан долылықтың қандай да бір түріне салынады (өзін нашар сезіну, дегбірсіздік, қол-аяқтың дірілдеуі, уайымшылдық, жүректің айнуы және құсу, ұйқысыздық, бұлшық еттердің ауыруы, тістің ауыруы, іштің бұзылуы (іш қатуы, іш өтуі), мұрынның бітелуі, түшкіру, көзден жас ағу) және т.б.
Нашақордың тәбеті жоғалады, тәтті мен майлы тағамдарға әуестігі артады. Кодеинге тәуелділік иммундық жүйеге зақым келтіріп, нашақор науқас адамға айналады. Рухани құлазу кодеиндік депрессиямен қатар жүреді, науқастар жабырқау күй кешіп, қандай да бір іс-әрекетке жарамсыз болады. Олар жылдам қартая бастайды, шаштары түсіп, тіпті, қасқабас болуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, тістері түсіп, тырнақтары сынады. Нашақордың өмірге деген қызығушылығы жоғалып, жалғызсырайды. Кодеинге тәуелді нашақордың көңілі есірткі іздеуге құмар болып тұрады. Тіпті, сол үшін олардың қылмыс жасайтын жағдайлары көп кездеседі. Одан өз еркімен арылу мүмкін емес. Ол үшін нашақорларға емделу және сауығу қажет.
Наркологтардың бағалауы бойынша, осындай есірткі құралдарын қабылдау түрлі себептерге әкеліп соқтырады, ағзаның нейрогормоналдық және эндокриндік жүйесі жылдам әлсірейді. Берілген құралдарды ұзақ қабылдау депрессияға, галлюцинациялардың пайда болуына, сандырақтауға, өзіне-өзі қол жұмсауға, иммунитеттің кемуіне және ішкі ағзалардың бүлінуіне әкеліп соқтырады. Бір инені бірнеше адамның қолдануы АИТВ-инфекциясы мен В және С гепатиттерін жұқтыру қаупін арттырады. Ең қауіптісі сол, құрамында кодеині бар дәрілерден жасалған есірткілерді пайдалану – жылдам әрі тұрақты әдетке айналуы мүмкін.
Тарихқа көз жүгіртсек
Ежелгі Египетте апиынды ұйықтататын және тынықтыратын зат ретінде қолданған. Біздің дәуірімізге дейінгі мың жыл бұрын емшілердің адамдарды емдеуге көкнәрдан жасалған заттарды қолданғандығы туралы мәлімет бар. Шығыста бұл заттар Александр Македонский арқылы келген екен. Қытайға осы сияқты есірткілер біздің дәуіріміздің IV ғасырында жеткен көрінеді. Бұл есірткілер әскери жорықтар кезінде кеңінен қолданылыпты. Жауынгерлер оларды өздерінің әскери күштерінің артуы үшін қабылдаған.
XVI ғасырда апиын қатарына жататын есірткілерді ресми медицина мойындады. Ол жөнінде Парацельс еңбектер жазып, оны белсенді түрде пайдаланған. Бұл заттардың жанама әсерлері туралы алғашқы мәліметтер тек XVIII жүзжылдықта ғана белгілі болды.
Қазақстан Республикасында құрамында кодеині бар 18 дәрілік заттың атауы тіркелген.
Дәрілік препараттарды бақылауды күшейту үшін ҚР ДСМ 13.09.2011 жылы «Дәрілік заттарды рецептімен өткізуге жатқызу туралы» №526 бұйрығы шығарылды. Кодеині бар дәрілерге тәуелділіктің даму қаупін азайту үшін қабылдаудың ұсынылған ұзақтығы 3 күнге дейін қысқартылды. Осыған орай, дәріханалардан аталған дәрілерді тек дәрігердің кеңесімен алу жүзеге асырылады.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында құрамында парацетамол және ибуфен бар ауырсынуды басатын дәрілік заттардың үлкен көлемі тіркелгендігін және медициналық қолдануға рұқсат етілгендігін атап өткен жөн. Қазақстан Республикасы азаматтарының, әсіресе, өскелең ұрпақтың мүдделерін қорғау және денсаулығын сақтау үшін құрамында кодеині бар құрама препараттарды дәрігер кеңесінсіз қолдануға тыйым салу қажет.
Кодеині бар препараттарды бақылауды құқық қорғау органдарымен бірге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті жүзеге асырады.
Халықты ақпараттандыру, дәрілік сауаттылығын арттыру мақсатында тұрғындарға арналған
8 800 080 88 87 – бірыңғай тегін телефон желісінің жұмыс жасайтындығын естеріңізге саламыз. Қазақстан бойынша кез келген стационар телефоннан қоңырау шалу тегін.
ДАТО Call-қызметінің тікелей телефондары Қазақстанның барлық аймақтарында қолжетімді. Call-қызметіне қоңырау шалу арқылы, Сіз дәрілік заттарды дұрыс қолдану, препараттардың тиімділігі және мүмкін болатын жанама әсерлері, сондай-ақ, дәрілік қамтамасыз етуге азаматтардың құқығы туралы толық және шынайы ақпарат аласыз. Сонымен қатар, әрбір азамат ДАТО-ның
www.druginfo.kz - ресми сайтына сауал жолдап, жауап ала алады.
Құрметті қазақстандықтар, өз өмірлеріңізді, денсаулықтарыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын бағалай біліңіздер!
Біздің қызметіміз сіздерге арналады!
ҚР ДСМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы
8 800 080 88 87
Біздің сайт: www.druginfo.kz