Руханият • 31 Тамыз, 2022

Домбыра жасаудың шебері

1447 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ұлттық аспабы – домбыра. Алайда оны жасауға бет бұрған шеберлер көп емес. Сондай шебердің қатарындағы Нұрлыбек Бисембаев домбырашы мамандығын меңгерген.

Домбыра жасаудың шебері

Бала кезінен ұлттық ас­папқа қызыққан ол әуелі Аты­­­­раудағы Д.Нұрпейісова атын­дағы халық музыкасы ака­демиясының жа­нындағы колледжін бітірді. Кейін Х.Дос­­­­мұхамедов атындағы Аты­­­­рау университетінен жо­ғары білім алған соң Береке ауы­­­лын­да­ғы мектепте домбыра класын ашқан. Мұнда балаларға домбыра тартуды үйретті. Қолы босаған кез­де дом­­быра жасауды кәсібіне ай­­налдырды.

– Өзім домбырашы бол­ған соң балалардың сапалы домбырада ойнағанын қаладым. Ұлттық аспаптың даусы күм­бірлеп, таза шығуы керек. Ал ба­зарлар мен өзге сау­да орын­дарында сатылатын ас­пап­тар­дың сапасы көңілден шық­пайды. Сол себептен, дом­­быра жасауды қолға ал­дым, – дейді Нұрлыбек Бисем­баев.

Бұрын әкесі домбыра жа­саудың шебері болған. Әке­сінің ісін жалғастыру үшін төрт жыл бұрын домбыра жасайтын шеберхана аш­қан. Кәсібін бастау үшін мем­лекеттік бағдарлама ар­қылы жеңілдетілген несиеге ие бол­ған. Сол қаржыға станоктар мен қажетті материалдарды сатып алған. Оның алғашқы жасаған туындысы Сарайшық ауылындағы музейде тұр.

Қазір Нұрлыбек Бисем­баев­тың шеберханасында айы­на 100-ге жуық домбы­ра жа­­­са­ла­ды. Домбыра жасауға аға­лары көмектеседі. Бірнеше адам­ды жұ­мыспен қамтып отыр. Алма­тыдан үйеңкі, қа­ра­ғай, қара ағаш, қызыл ағаш­ты тап­сырыспен алдырады. Дом­бы­раның бағасы материалы мен жасалу күр­делілігіне байланысты 20 мың теңгеден басталады. Еліміздің әр өңірінен тапсырыс түседі. Ал кәсіби домбырашылар қымбат домбыраға тапсырыс береді.

– Домбыра жасаудағы мақ­сатым – көп ақша табу емес, сапалы ұлттық аспап жасау. Өзім домбырашы болған­дықтан, домбыраның дыбысын бірден ажыратамын. Сол себеп­тен, домбыра жасау ке­зін­де бұған ерекше назар ауда­ра­мын, – дейді ұлттық аспап жасаудың шебері. Енді домбыра шеберханасын кеңейтіп, айына 5 мың домбыра жасауды көздеп отыр. Бұл үшін қосымша станоктар сатып алмақ.

 

Атырау облысы