«Жанамын деген бір шырақ, жалтылдап кетті ішімде» деп сыршыл ақын Ғали Орманов жырлағандай, анау жезкиік жортқан Жаңаарқа даласынан, Ұланбайтақтың бауырынан, Ақтаудың сауырынан Алматыға алаң көңілмен келген балаң Балтабайдың өмір жолында білім шаһары, ғылым сапары созылып жатты. Өзі де мәттахам, сөзі де мәттахам, құйма құлақ, жазғыш жады жас толқын сол кездегі Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің филология факультетіне оқуға түскен бойда, мектеп қабырғасында ілгері-кейінді жүрген құрбыларға арнап жазған жырлары мен сырларын екінші кезекке ысырып қойып, оқу ордасындағы ғылыми конференцияларда жиі төбе көрсетіп, жоғары курс студенттерімен кейде таласып, кейде жарасып сөйлейтін болды. Әдебиет майданының атақтылары, профессорлар сонда балаң ізденімпаздың берген сәлеміне қолын ұсынып, құшағына тартты. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген Абай ғақлиясы қыр баласының құлағына ерте жеткен-дүр.
Дос болып қол алысып, қатарласып, қанаттасып, қалжыңдасып келе жатқанымызға, тәубә, міне елу үш жылға аяқ басты. Қатар жүрген күндерде Балтабайдың байыптылығы, ыждағаттылығы, ғылыми ізденіске бейімділігі, әзіл-қалжың мен әдемі юморға мойын бұрып тұратыны байқалып жүрді. Мектепте әдебиет сабағын құнттап оқығанымен осы пәннен алған бір сандық мақтау қағаздары ол конкурсқа түскенде қолтығынан демепті. Оны да сабыр сақтап, үшінші курсқа келгенде әзер айтқан еді. Жалпы, Балтекең сабырлы азамат, сырбаз, сырын ішіне бүккен сыралғы, сабақ айтқанда да дәлдеп, дәмдеп, деректеп-дәйектеп айтады. Сондықтан да ол ұстаздарға бірден жақты. Әсіресе аты аңызға айналған, төңкеріс жылдарында Жетісу жерінде жеке мектеп ашып, тарихи тұлға болып қалыптасқан «Маман мектебінің» әрі шәкірті әрі ізін жалғастырушы, тіл маманы, ғалым Ыбырайым Мамановтың төл шәкіртіне айналып, диплом жұмысын тіл тақырыбында сол ұстаздан қорғады. Беске қорғады. Сол қорғау оны әдебиет пен тілдің ғылыми белесіне алып келе жатты. 1973 жылдың ақпанында сол кездегі филология факультетінің екінші курс студенті Нәлбике Еркеқызына үйленгенде, ол біржола әдебиет деген қасиетті мекенге таймайтын табанын тіреген болатын. Әдебиетшілер одағын құрды. Бұл одақ экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан берік одақ болып шықты.
Әдебиет деген жұрттың көбіне ең оңай мамандық болып көрінуі мүмкін. «Әдебиет – ардың ісі» деген Қабдоловтық қағиданы қайталап айтсақ та, оның мән-мазмұны ауырлап кетпесі анық. Бірақ Балтекең осынау айдынды аксиоманы іс жүзінде жүзеге асыруға белсене кірісті. Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына 1974 жылдың жазында бір курстан: Балтабай, Тұрсынбек, Анарбай, Зейнолла және мен бірге қабылдандық. Институт директоры Әди Шәріповке тікелей кірген алғыр да аяулы ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішев бәрімізді Алматыға алып қалу үшін барынша жұмыстанды.
Ұқыптылық та ұлағат. Балтабай ұстаздардың оқыған лекцияларын толық үлгеріп, қағыс қалдырмай қағып алып, маржандай жазуымен ақ қағазға түсіріп, әсіресе сол кездегі жарқыл мінез жас ұстаз Рымғали Нұрғалиевтің ерекше ілтипатына ие болды. Ұстаздар мен шәкірт арасындағы осындай рухани-ғылыми байланыс кейін академик атанған Рымғали аға мен қазір Жоғары оқу орындары Академиясының академигі, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық академияның мүшесі, Ресей Жаратылыстану Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденді профессор Балтабай Әбдіғазиұлын әдебиет атты абыройлы да асқақ мамандықтың асқарына шығарды. «Әдебиет – ардың ісі» екенін өмірде дәлелдеген азаматтардың қатарында бұл күнде профессор Балтабай Әбдіғазиұлының есім-сойы ғылыми ортаның құрмет тақтасында жазулы тұр.
70-ші жылдардың аяғына таман Балтекең сол кезде атағы аспанға шығып, аламан жұртты баураған жастар басылымы «Лениншіл жас» газетіне қызметке келді. Оны сол жерге шақырған дос-ұстазымыз, парасатты пассионар азамат Сағат Әшімбаев болатын. Сабырлы Балтекеңнің отырысы сол, қалың қағаздың ортасында, бірақ юморы сол қалпында. Үлкен ЦК-ға жазатын анықтамалар мен есептер де оның маржандай жазуымен машбюроға түсіп, жоғары жаққа кетіп жатады. Орысшасы да қыздың жиған жүгіндей. «Жігітті жұрт мақтаған, қыз жақтаған» дегендей, оның осынау еңбегі сол кездегі «СҚ-ның», яғни бүгінгі «Егемен Қазақстанның» басшыларының да құлағына жетіп, бір күні оны аттай қалап, атандай тең артып, алды да кетті. Ол жерде де тиянақты жұмысымен көрінді.
Бұл қасиетті ордаға кейін мен де ат шалдырдым. Сөйтіп, Балтабай екеуіміз кейде: «Біз Егеменнен енші алған ұлдармыз» деп бөркімізді қисайта киетініміз бар. «Егемен» дегенде елеңдеп, төркіні алыста қалған жандай болып, кешегі кезеңге күн сала қарайтынымыз және шындық. Журналистикада «Шерханның шекпенінен шықтық» деген марапатты сөз бар, біз Балтабай екеуіміз сайыпқыран сардар редактор Сейдахметтің сыныбынан шыққанбыз. Жастар газетіндегі достық, бауырмалдық, көпшілдік, ұжымдастық, ізденімпаздық, құштарлық, намысқойлық, ұлтшылдық, сын шын болсын, шын сын болсын деген ұстаным ғылымға ден қойған Балтабайдың одан кейінгі жолдарында шырақ болып жанды да отырды. «Ғылымда даңғыл жол жоқ» деген қағиданы Карл Маркс айтты деген сөз бар, әй, қайдам, меніңше ғылымда даңғыл жол бар, ол – еңбек пен ізденіс жолы. Сол жолға түскен адам адаспайды. Жалпы, Балтекең адаспайтын азамат. Барар жерін бағдарлап алса, сол жолдан таймайды, тапжылмайды, төзімі мен сезімі қатар өріліп, болмысы көрініп, тереңі тұнып, көңілі күліп тұрады. Табиғи навигациясы тұрақты. Бірде «СҚ-дан» да аяқ суытып, бірер жыл «Жалын» альманағының жауапты хатшысы болды, бірақ таза әдеби ортадан гөрі ғылымды қолай көріп, ұзатпай қызметтік мекенжайын ауыстырды. Жазушылар одағына мүшелікке өтер тұста Балтекеңе әдеби кепілдеме бердім. Енді оның азаматтық, ғылыми еңбегіне де кепілдеме-мақала беріп отырмын.
Сөз басында Балтекең деректі-дәйекті ғалым деп айтқанымдай, оның ұзақ жылдардағы ғылыми-әдеби және ұстаздық еңбегін тиянақтап айтпасам, кейіпкерімнің болмысын аша алмай қалармын деп қауіптендім де, нақты мысалдарға да иек арттым. Ол 1987 жылы сол кездегі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының аспирантурасына түсіп, оны мерзімінен бұрын аяқтады. Ғылыми зерттеу жұмысының тақырыбы бойынша 1990 жылы «Абай дәстүрі және Шәкәрім поэзиясы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл жұмыс қазақ әдебиетінің тарихындағы ақтаңдақтар жөніндегі, оның ішінде ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық мұрасы туралы тұңғыш диссертациялық зерттеу болатын. Сондықтан оны Шәкәрімнің шырақшысы деп әдеби-ғылыми орта мақтан етеді. Ақтаңдақтарды аршу ісінде тыңнан жол салған ғалымдардың қатары күн санап өсе бастады, бірақ алғашқылардың абыройы қашанда құрметтеуге лайықты. Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университеттегі қатардағы оқытушыдан профессор, Институт директоры дәрежесіне дейін көтерілді. Университетте 20 жылға жуық филология институтының деканы, директоры, 10 жыл Қазақ әдебиеті кафедрасын басқарды.
2001 жылы «Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. 2001 жылы оған профессор атағы берілді. Ұзақ жылдар бойы филология және педагогика салалары бойынша докторлық диссертациялар қорғалатын диссертациялық кеңестің төрағасы ретінде республика жоғары оқу орындары үшін білікті ғалым-педагогтер даярлау ісіне зор үлес қосты. Оның ғылыми жетекшілігімен 11 кандидаттық және 2 докторлық диссертация қорғалды. 2009 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан «Білім беру саласының құрметті қызметкері» атағы берілді.
Профессор Әбдіғазиұлының тәуелсіздік жылдарында жарық көрген қазақ әдебиеті пәні бойынша жалпы білім беретін қазақ мектептерінің 10-сыныбына, сондай-ақ өзбек және ұйғыр тілдерінде ілім беретін мектептердің 11-сыныптарына арналған жаңа буын оқулықтары мен оқу әдістемелік кешендері ұзақ жылдар республика мектептерінде қолданыста болды. Оның авторлығымен 11 оқулық, 6 оқу құралы, 3 әдістемелік нұсқау, 4 типтік бағдарлама, 250-ден аса ғылыми мақалалары жарық көрді. Әдебиеттанушы ғалымның басты зерттеу тақырыбы төл әдебиетіміздің тарихындағы аса көрнекті ақын, ойшыл философ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық мұрасы болып шықты. Алғашқылардың бірі болып Шәкәрім ақын жөнінде зерттеу кітаптарын жариялады. Ғалымның аспирант кезінде, 1989 жылы «Шәкәрім Құдайбердиев. Творчестволық өмірбаян» деген атпен жарық көрген оқу құралы елімізде алғаш рет Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінде оқытыла бастап, лекциялық курсқа негіз болды. Ғалымның «Асыл арна» (1992) атты еңбегі Шәкәрімнің поэзиясы мен Абай дәстүрі арасындағы тығыз байланыстың арналарына талдау жасап, Шәкәрімнің ақын ретінде қалыптасуы мен өсуіндегі ұлы ұстазының рөлін айқындауға арналса, «Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері» (Алматы, 2000), «Шәкәрім: дәстүр және көркемдік» (Семей, 2007) атты кітаптарында Шәкәрімнің ұлы Абай дәстүрін байыта жалғастыра отырып, ұлттық поэзияны өркендетуге қосқан үлесін, жеке ақындық қолтаңбасын, суреткерлік тұлғасын сомдап шықты. 2008 жылы «Раритет» баспасынан жарық көрген «Шәкәрім әлемі» атты монографиясы көрнекті қаламгердің тұтас шығармашылық тұлғасын, атап айтқанда, оның лирикалық поэзиядағы, поэма жанрындағы, прозадағы, аударма саласындағы туындатқан еңбектері арқылы оның ұлттық руханият кеңістігіндегі, қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі алатын орнын нақты бекітіп берді. Қазақ әдебиетінің 10 томдық тарихын дайындау жобасына, «Шәкәрім» тұлғалық энциклопедиясын және көптомдық «Шәкәрімтану мәселелері» және «Шәкәрім әлемі» сериялық зерттеулер жинақтарының редакциялық алқа мүшесі ретінде оларды дайындау мен шығаруға белсенді атсалысты. Ол әлі де тынымсыз ізденіс, ғылыми қайраткерлік үстінде. Ұстаздық ұлағатын кейінгі жас толқынға беруде талмастан қалам сілтеп, ой тербеп, үлгі-өнеге көрсетуде «балтабайлық стильден» ауытқыған емес.
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты