Отырысқа Парламент Сенатына сайланған депутаттар және бейнеконференция байланысы режімінде Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссиялары қатысты.
Отырысты ашқан комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес Парламент депутатының өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретінде тіркеген кезден басталатынын атап өтті.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Парламенттің сайланған депутаттарын тіркеуді жүргізеді және әрбір депутатқа белгілеген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні табыс етеді.
Осыған байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 12, 45, 46 және 82-баптарына және «2022 жылғы 24 тамызда өткізілген Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенатының депутаттарын сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 26 тамыздағы № 56/526 қаулысына сәйкес «2022 жылғы 24 тамызда Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын тіркеу туралы» қаулы қабылданды.
Қаулыға сәйкес Сенатқа 6 депутат тіркелді. Оның ішінде: 3 депутат 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне, 3 депутат 2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне тіркелді. Оның ішінде, Абай облысынан Байахметов Бақытжан Кәкенқаджаұлы, 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне; Арғынбекова Айнұр Серікпайқызы, 2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне тіркелді. Жетісу облысынан Толамисов Амангелді Ғабдылкәрімұлы, 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне; Сарыбаев Ғалиасқар Төлендіұлы, 2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне, ал Ұлытау облысынан Медебаев Советбек Тұрсынұлы, 2017 жылғы 28 маусымда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне; Шайдаров Серік Жаманқұлұлы, 2020 жылғы 12 тамызда сайланған депутаттардың өкілеттік мерзіміне тіркелді.
Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Сенатының тіркелген депутаттарына куәліктер мен омырауға тағатын белгілерін табыс етіп, сайланған депутаттарға республиканың заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органдағы қызметтеріне табыс тіледі.