Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2022

Мыңнан астам сауда нүктесі өрттен жапа шекті

251 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аумағы 2 500 шаршы метр болатын базарда жұма күні таңға жуық болған өрт жетісайлықтарды әбігерге салды. Нақтырақ айтсақ, сағат 03:00-де Жетісай қаласындағы «Күлпаршын» базарының аумағында ауданы 500 шаршы метр болатын жеке тұрған бір қабатты ғимаратта және ауданы 400 шаршы метр қалқаның астында орналасқан аумақтан өрт шықты. Өрт таңғы сағат 05:20-да ауыздықталып, 07:35-те сөндірілді.

Мыңнан астам сауда нүктесі өрттен жапа шекті

Зардап шеккендер жоқ. Бү­гінде өрттің шығу себебі анық­талуда. Өрт сөндірушілердің айтуынша, жел тілсіз жауды тез ауыздықтауда қиындық ту­ғызған. Жалынды сөндіруге 47 өрт сөндіруші мен 16 тех­ника жұмылдырылды. Жетісай ауда­нының әкімі М.Қадырбектің баяндауынша, болжамды есеп бо­йын­ша 613 азамат, яғни 1 119 сауда нүктесі өрттен жапа шеккен. Иә, алғашқы сәтте ертеңіне алаңдап ашуға ерік берген жетісайлық кәсіпкерлер орталық көшені жауып, базар әкімшілігіне нысанды тездетіп ашуды талап етті. Жетісайға шұғыл жеткен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев базардағы өрттің салдарын жою бойынша штаб отырысын өткізді. Оқиға себептерін анықтау және өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі комиссия құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Сә­кен Қалқаманов жетекшілік ететін комиссия алдында ең алдымен зардап шеккендерді анықтау, материалдық залалды бағалау міндеті тұр. Оқиға орнына келіп, жағдаймен танысқан облыс әкімі базар иесімен кездесіп, әкімдік тарапынан қолдау болатынын айтты.

«Ешкім көмексіз қалмайды. Базар басшылығы кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, жанған тауар шығынын заң аясында өтеуі керек. Бірінші мәселе, базарды қалпына келтіріп, тездетіп іске қосу қажет. Ол үшін жақын маңдағы аудандардан бригадалар алдырамыз. Әр секторға жөнделетін базар қатары бекітіледі. Әр павильонды 6-7 топқа бөліп, кәсіпкерлер мәселесін оңтайлы шешуді қада­ғалаймыз», деді өңір басшысы.

Ал облыстық полиция де­пар­таменті тергеу басқар­ма­сы­­ның бастығы Н.Жалғасов атал­ған жайтқа байланысты тергеу басталғанын жеткізді. Өрт-техникалық сараптама, сот құ­рылыс сараптамасы жүргізіліп, шұғыл тергеу тобы құрылған.

Базарды қалпына келтіру бо­йын­ша шұғыл шаралар қабыл­данған. Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш, Шардара, Қа­зы­ғұрт аудандарынан бригадалар келіп көмек беретін болады. Сон­дай-ақ облыс әкімі базар сызбасы дайын болған соң тез арада базар­ды қалпына келтіру керегін және базар иесі кәсіпкерлермен келісімге келуге тиіс екенін айтты. Базар иесі әкімнің ұсынысымен келісті.

Ал ашуға ерік берген кәсіпкер­лермен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, аудан әкімі Мұрат Қадырбек ба­зар­дағы жөндеу жұмыстары сараптама жұмыстары біткен соң басталатынын түсіндірді.

«Екі сараптама жасалады. Бірін­шісі – құрылыс сараптамасы, екіншісі – тауарлық сарап­тама. Қазір базар иесі жаңа нысанның жобасын жасап, бізге ұсынады. Өрт қауіпсіздігін сақ­тау әрі ха­лыққа қолжетімді болатын базар салуымыз керек. Өр­тенген базар ісі бойынша тергеу жұмыстары басталды. Нысан иесі уәде бергендей, 15-20 күн уа­қытта базар іске қосылады», деді С.Қалқаманов.

Сондай-ақ аудан әкімдігінде базар кәсіпкерлерінің несие уа­қытын шегеру, қайта қаржы­лан­­­дыру бойынша екінші дең­гейлі банк өкілдерімен кездесу өтті. «Халық банк», «Жусан банк», KMF өкілдері келіп, кәсіп­керлердің әрқайсысымен жекелей жұмыс жүргізетіндерін айтты. Шығынды есептеу бойынша комиссия құрамына кәсіпкерлер ара­сынан белсенді азаматтар кірді. Тауары өртеніп кеткен кә­сіп­кер­лер тізімі жасақталып, ба­зарды­ң әр бөлімі бойынша тиісті ақ­па­рат­ты жинақтайтын жауаптылар бекітілді.

– Базар иелерімен келіскендей, өртенген базар 20 күнде қалпына келтіріледі. Жөндеуден өткен соң кәсіпкерлер базарда 1 жыл тегін отырады. Сондай-ақ салық органдарымен бірлесіп салық төлеу мәселесі де қарастырылады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, келтірілген шығынды өтеу үшін қор құрылады. Комиссия төрағасы ретінде базардағы кәсіп­керлермен бірлесе отырып, қорға түскен қаражаттан шығындарды өтейміз,– деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ төтенше жағдай салдарын жою комиссиясының бастамасымен банктер және кре­диттік ұйымдармен кәсіпкер­лердің несиесін төлеуде кем дегенде бір жылға каникул алуға келіссөз жүргізіледі. Жеңіл­де­тілген несие беру бойынша да жұ­мыстар қолға алынбақ. Қа­зіргі таңда зардап шеккен кәсіпкерлерді басқа сауда орындарына уақытша орналастыру бойынша «Қарақай» сауда базарына және «Күлпаршын» базарының өрт шалмаған орындарына жайғастыру жұмыстары жүргізілуде. Ал «Күлпаршын» базарын қайта қалпына келтіру, өрт қалдықтарын тазалау жұ­мыстарына Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы жолаушылар көлігі, авто­мобиль жолдары және тұр­ғын үй инспекциясы бөліміне қарасты «Жетісай қызмет» МКК қызметкерлері мен жалдамалы жұмысшылар, ерікті азаматтардан 100-ге жуық адам, 10 шақты техника жұмылдырылған.

 

Түркістан облысы