Облыс орталығынан шалғай жатқан Ақжар ауданының тұрғындары «Қазақстан-2050» Стратегиясының талаптарын орындау жолында зор қажыр-қайратпен, үлкен ұйымшылдықпен еңбек етіп жатқанын осы жолғы іссапарымызда көз жеткізіп қайттық. Әкімдік қызметке кіріскеніне бір жылға таяп қалған Мұхит Тұрысбековпен екеуара әңгіме атқарылған жұмыстар төңірегінде өрбіп, одан әрі алдағы биік межелерді іске асыру жайына ойысты. Ол Елбасының әлеуметтік-экономикалық дамудың ең өткір мәселелеріне қатысты нақты міндеттер қоюына байланысты халықтың өмір сапасын, тұрмысын көтеруге бағытталған кешенді шаралар түзілгенін, басты назар атқарушы органдардың жұмыла еңбек етуіне аударылып отырғанын атап өтті. Мұхит Сексенбайұлының айтуынша, аудан экономикасындағы жалпы өнімнің 80 пайызын ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Осы сала елді мекендердің жақсарып, әлеуметтік инфрақұрылымдардың өркендеуі мен халық табысының артуына әсер ететін басты көрсеткіш саналады. Сол себепті, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды іскерлікпен әрі тиімді пайдалана отырып, жоғары көрсеткіштерге жету жолдары тынбай қарастырылып келеді.
– Былтыр 12 миллиард 963 миллион теңгенің ауылшаруашылық өнімдері өндірілгенін ескерсек, егіншілік пен ата кәсіпке басымдық беру басты бағдарымыз болып қала береді. Мемлекет басшысының етті мал шаруашылығын дамыту тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған үкіметтік бағдарламаларға белсене қатысу нәтижесінде соңғы үш жылда мал шаруашылығында тұрақты өсім байқалып отыр. 12 шаруашылық 117 миллион теңгеге 1500-ге жуық ірі қара малын сатып алса, 514-ін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы, 864-ін өз қаражаттары есебінен игеру мүмкіндігіне ие болды.
Бір қуантарлығы, мал шаруашылығына республикалық бюджеттен берілетін субсидия мөлшері артып келеді. Өткен жылы тұқым жаңарту бойынша 42 шаруа қожалығы 2356 басқа 32,9 миллион теңге, жемазықты арзандату мақсатына 6,9 миллион теңге демеуқаржы алды. Жем-шөп әзірлеумен айналысушылар үшін бір гектарға 1,5 мың теңге субсидия бөлінсе, енді 9 мың теңгеге дейін көтерілді, дей келіп, М.Тұрысбеков дамыған 30 елдің қатарына қосылудың бірінші кезеңінде экономикамыздың дәстүрлі салаларының қарқынды өсімін қамтамасыз етіп, қуатты индустриялық өңдеуші сектор құру қағидатына орай жаңа кәсіпорындар мен шаруашылықтар ашу межеленіп отырғанына тоқталды. Биыл өнеркәсіп саласы бойынша 200 миллион теңгенің 6 жобасы іске асырылады. «Ақжар Инвест» ЖШС сыртқы қаптауға арналған өрнектастар мен габродиорит шығаруды діттесе, қиыршықтас өндіру мен өңдеу саласына 5 компания жұмылатын болады. «Керей жер», «Шаймерденов», «Бекболатов», «Нұрғожин» секілді шаруашылықтар мал фермалары құрылысын салумен айналысады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Талшық ауылының жолдарын жөндеуге 20 миллион теңге, елді мекендерді абаттандыруға 16 миллион 565 мың теңге қарастырылған.
Әрине, барды қанағат етуге, тоқмейілсуге әлі ерте. Елді мекендерді таза ауызсумен қамту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, жалақы мөлшерін көбейту, медицина мекемелерін жоғары білімді мамандармен толықтыру бағыттарында шешімін күткен мәселелер жетіп артылады. Ауданда орташа жалақы мөлшері 60 мың теңге төңірегінде ғана. Бұл облыстық көрсеткіштен көп төмен деген сөз. Оның көлемін 84 мың теңгеге жеткізу ұмтылысы құптарлық. Бірақ қандай ішкі-сыртқы резервтерге арқа сүйері белгісіз. Түйінін тапса, іске асырылатын шаруа екені түсінікті. Елбасы Қызылжар өңіріне келген бір жұмыс сапарында солтүстік облыстарда ірі астық компанияларымен жұмысты жолға қою керек, өйткені, оларда жұмыскерлер жылдың тек 5-6 айында ғана еңбек етеді. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында орташа еңбекақы өңірлердегі ең төменгі деңгейде 56 мың теңге. Бұл мәселе жан-жақты талдау жасауды және шара қабылдауды қажет етеді. Облыста ауылшаруашылық өнімдеріне еңбекақы төлеу үлесі 2011 жылы 30 пайыз рентабельділіктің бар болғаны 5 пайызын құрады. Жекеменшік компаниялар ауылға мамандар жетіспейтіні туралы айтады, ал өздері тиісті еңбекақы төлемейді. Бұл мәселемен тек мемлекет айналысуда. Оған бизнестің де араласуы қажет, деп атап көрсеткен болатын. Осы өзекті мәселені талқылауға облыстық әкімдіктің бірнеше мәжілісі арналды. Тиімді шаралардың қабылдануы нәтижесінде жалақы берешегі азайып, орташа айлық еңбекақы өсімі біршама ұлғайды. Десек те, ең төменгі еңбекақы ауыл шаруашылығы саласында қалып отыр. Ең бастысы, лайықты деңгейдегі жалақының болуы және уақтылы қолға тиюі өте маңызды.
Кедейшілік деңгейін азайтып, тұрақты жұмыс орындарын ашу да басты міндеттердің бірі. Қолданылған шаралардың арқасында былтыр 1197 адам жұмысқа орналастырылған. Десек те, 249 отбасының тұрмысы төмен санатқа жатқызылуы ойландырмай қоймайды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар аз емес. Мүгедектерді оңалту бағдарламасына 27 адам ғана тартылған. «Ауылдағы кәсіпкерлікті және тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын құру» бағыты бойынша азаматтарды оқыту, шағын несие беру, озық жобалар ұсыну жайы да қанағаттандыра бермейді. Жұмыс берушінің тапсырысы шеңберінде көшіп келу және оқыту арқылы жұмысқа орналасу жәрдеміне ірі кәсіпорындардың тартылуы көңіл көншітпейді.
Өткен жылғыдай биылғы көктемгі, күзгі дала жұмыстары егіншілерге әжептәуір салмақ түсіргелі отырған сыңайлы. Аудандағы егіс алқаптарының 70 пайызы «Богби» фирмасына тиесілі. Монополист компания иелігінде сондай-ақ 13 шаруашылық, 3 элеватор бар. Оның басшысы қамауға алынғаннан кейін елеулі қиындықтар туындаған. Салық қарызы 200 миллион теңгеге жуықтаған. Мардымсыз жалақының бірнеше айлап кешіктірілуіне жұмысшылардың еттері үйреніп кеткен. Ондаған мың гектар жерге дән сіңірілмегендіктен, ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталмағандықтан, арамшөп басып кеткен. Жер телімдері мен қымбат техникалар банктерге кепілге алынғандықтан, кәсіпорынның мүлкінен айыру шектеуі қойылған. Аймақ басшысы С.Ескендіровтің тегеурінді ықпалы арқасында былтыр «Солтүстік» компаниясына егінжайға 100 мың гектар алқап босатып берілген.
Біздің аудан орталығынан кейін атбасын тіреген жеріміз Ленинград ауылдық округінде орналасқан кәсіптік-техникалық колледж болды. Директордың оқу-өндірістік мәселелер жөніндегі орынбасары Амангелді Көпеев бұрынғы лицейге колледж мәртебесі берілгелі материалдық-техникалық базаның нығайғанын жеткізді. Республикалық бюджеттен бөлінген 25 миллион теңгеге «Енисей-1200» комбайны, 5 тұқымсепкіш, «МТЗ-82» тракторы, интерактивті тақталар, компьютерлер, тағы басқа құрал-жабдықтар сатып алынған. 1967 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан оқу орны бүгінде информатика операторы, тігінші, дәнекерлеуші, тас қалаушы, ағаш шебері, тракторшы, жүргізуші мамандарын дайындайды. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша 75-100 адам қабылданып, 60-70-тейі бітіріп шығады. Қазір оқып жатқаны – 152 адам.
Оқу корпустарының, екі спорт залының, 75 орынға лайықталған жатақхананың талапқа сай жабдықталғаны байқалады. Жылыжайға көкөніс, 1000 гектар жерге бидай егіліп, олардан түскен қаржы ішкі қажеттілікке жұмсалады. 30 жыл жұмыс өтілі бар информатика пәнінің мұғалімі Гүлсан Тәкежанқызы оқушылардың оқуға деген талабын, ынтасын жоғары бағаласа, 12-ші топтың оқушысы Данияр Оразалин стипендия алатынын, болашақ жұмыс орны әзір екенін мақтанышпен жеткізді. 85 бала бір мезгіл тегін тамақтанады. 6 жылдан бері оқушыларды кәсіби шеберлікке баулып келе жатқан оқу-өндіріс шебері Рахат Әбіловтің шеберханасы мақтаулылар санатында.
Бұрын аудан орталығы болған Ленинград ауылында да жан сүйсінетін игі істер кеңінен қанат жайған. Өнеркәсіп саласының негізгі ошағы Ленинград және Талшық округтеріндегі қиыршық тас өндіру мен оны өңдеу саласы саналады. 2013 жылы 247,5 мың текше метр қиыршық тас өңделіп, өнім көлемі 107,6 пайызға ұлғайған. Ленинград, Дәуіт, Қызылту секілді үш елді мекенді біріктіретін округте жұмыс істейтін 27 ЖШС мен 44 шаруа қожалығына тиесілі егістік алқабы – 58 мың гектар. Жолбастаушымыз аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Айбек Хоршаттың сөзіне қарағанда, үкіметтік бағдарламаға қатысушылар қатары өсе түскен. «Талпын Агро», «Керей» шаруашылықтары осындай қолдаудың арқасында шаруаларын ұршықша үйіріп, ондаған жұмыс орындарын ашқан. Иесіз қалған нысандар кәсіпкерлердің меншігіне беріліп, ішкі-сыртқы әсемдігімен көз тартатын сауда, мәдениет орындарына айналдырылған.
Біз осында Бекайдар Жаңабаев деген іскер кәсіпкермен таныстық. Ол агробанктің төрт қабырғасы қалқиған ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, ауылдастарына кешенді сауда орталығын сыйлаған. Қаладағыдан еш кем емес. Ет, сүт, бакалея бөлімдері, наубайхана, ұялы телефон, аяқ-киім жөндейтін шеберхана тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бекайдардың «бауырым Айдархан екеуміз осымен төртінші сауда нүктесін пайдалануға беріп, 45 ауылдасымызға жұмыс тауып бердік. Тағы бір ескі нысанды қалпына келтіріп, жұмысшылар үшін баспана тұрғызбақпыз. Мал фермамызда 8 адам қазақтың ақбас сиырын, жылқы, қой өсірумен шұғылданады. Ет өнімдері тікелей өзіміздің сауда орындарына жеткізіледі. Техника, жұмыс күші, жайылым жеткілікті», деген жүрекжарды сөздерін сатушы Қуантай Әбілова да растады. Біраз уақыт жұмыссыз жүріп қалдым. Қазір нан-кәмпит бөлімінде сатушымын. Жалақымыз жақсы. Жолдасым екеуміз үш бала өсіріп отырмыз. 3 жылқы, 4 сиыр, 20-шақты қой ұстаймыз. Қаз, бройлер құсын семіртіп, сатамыз. Ауылда шыбық басын сындырмайтындардың тірлігіне таңғаламын. Қоғамдық жұмысқа жұмсаса, еңбекақысы аз деп кергиді. Солардың қатарында алпамсадай жігіттердің жүргені ұят, дейді ол. Жуырда осы ауылда 16 пәтерлі тұрғын үй іске қосылып, бірінші кезекте жетім балалар мен жас отбасылар үлкен қуанышқа бөленді. Олардың жұмыс жайы да оңтайлы шешіліпті.
Алайда, кварц құмын, қиыршық тас өңдейтін кәсіпорындардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Осындайда мұндай сан қуалаушылықтан гөрі сапа мәселесін бірінші кезекке шығарудың, сауда-саттықтан гөрі озық технологияларға негізделген қуатты зауыттар орнатудың уақыты жеткен жоқ па деген сауал еріксіз туындайды. Өйткені, жекеменшік ұйымдардың дені шикізат сатудан пайда тауып, ал өңделген өтімді өнім шығаруға, инвестиция салуға асықпайтын тәрізді. Оның бір ұшығы Ресейдің көршілес Омбы облысына теміржол қатынасының болмауына тірелетін сияқты. Төте жолдың үзіліп қалуы салдарынан қоймаларда дайын өнімдердің жатып қалуы жиі кездеседі.
«Данил» шаруа қожалығының директоры Руслан Ялдаров тығыз шаруалармен облыс орталығына жүріп кеткендіктен, оның көмекшісі Оразбай Баймағамбетовті сөзге тарттық.
– 2006 жылы Ақжарқын ауылында жеке шаруашылық ретінде құрылып, бидай өсірумен айналыстық. Өзгелердің астығын тасымалдап, ақша табуға арланған жоқпыз. «Алабота» кеңшары тарағанда екі ескі мал қорасы еншімізге тиді. Осылайша, қаражатты тірнектеп жинап жүріп, қотандағы 40-50 шопан ата түлігін көбейтудің жолын іздестірдік. «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қаржылық қолдауымен Жезқазған жақтан бір мыңдай еділбай қойын сатып әкелдік. Былтыр асыл тұқымды қой шаруашылығы мәртебесін иелендік.
Жолдардың ой-шұңқырлары тегістеліп, көлік инфрақұрылымының біраз жақсарып қалғаны аңғарылады. Ауданда ұзындығы 484 шақырым автомобиль жолы бар, оның 75 шақырымы республикалық маңызға ие. Жергілікті жолдарды ұстау, жөндеу жұмыстарына 100 миллион теңге жұмсалған. Ауылішілік жолдарды қалпына келтіру жайы да оңғарыла бастаған сияқты. Аумақтарды дамыту бағдарламасы арқылы Талшық пен Ленинград елді мекендерінің ішкі жолдары жөнделсе, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде бұл мақсатқа 18 миллион теңге бөлінген. Сол сияқты «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 23 елді мекеннің су құбырларын жаңалаудың жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген. Үш ауылдың 500-ден астам үйлері орталық су жүйесіне қосылған.
Мұның бәрін ауыл тұрғындарын әлеуметтік жағынан қорғауға бағытталған өмірлік маңызы бар шаралар ретінде қабылдасақ, күнгейі басым мәселелер ретімен шешілетініне сенгің келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ақжар ауданы.