Қоғам • 01 Қыркүйек, 2022

Платформа арқылы пайдалы курстардан өтуге болады

570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтыр шілде айында skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасы іске қосылған сәттен бастап 76,9 мың қазақстандық, оның ішінде 17 мың жұмыссыз азамат курстан өткені туралы сертификат алды. Платформада 110,7 мың адам тіркелді, оның 97,3 мыңы 2022 жылы тіркелген.

Платформа арқылы пайдалы курстардан өтуге болады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған платформа арқылы оқудан өткен 17 мың жұмыссыз азаматтың 5 мыңнан астамы – негізінен Алматы, Қызылорда, Қарағанды облыстарынан және Алматы қаласынан келген жастар.

Авторлар іске қосылған сәттен бастап платформада әртүрлі бағыт бойынша 151 курс жариялады, оның 97-сі – тегін. Курстардың ұзақтығы – 1-ден 72 сағатқа дейін. «Персоналды бас­қару», «Сүтті ірі қара өсіру», «Кас­сир», «А-дан Я-ға дейін құлпынай өсі­ру» және «Ұннан жасалған кондитер өнімдері, жіктелуі және дайында­лу технологиясы» курстары бұры­н­ғыша ең көп сұранысқа ие курстар қатарында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын іл­гері­летуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойын­ша онлайн курстарға қол жеткі­зуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған. Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек бир­жасында (enbek.kz) «Онлайн оқы­ту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.

Платформада білім алушы оқы­тудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады. Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруға тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау. Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көреді.

Биыл наурыздан бастап платформада қолданыстағы функционал оңтайландырылып, жаңа сервистер іске қосылды. Атап айтқанда, курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы жасалды, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу мүмкіндігі пайда болды. Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы қолжетімді, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттардың әртүрлі дизайны қарастырылған, сонымен қатар оқу құнын алдын ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.

Авторлар мен әзірлеушілерге ар­налған платформада онлайн курстар­ды орналастыру тегін. Курстар мем­лекеттік және орыс тілдерінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Ұсынылатын онлайн курс­тардың ұзақтығы – 6-дан 144 сағатқа дейін. Платформа ерекше қажет­тіліктері бар студенттер үшін интер­фейсті бейімдеу мүмкіндігін ұсынады.