Иә, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ай сайын нормативтікқұқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін балалар киімінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Ағымдағы жылдың 7 айы бойынша облыста балалар киімінің 53 үлгісі зерттелді, оның 79 пайызы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейді. Сәйкес келмейтін өнімді өндіруші елдер арасында отандық өндірушілердің үлесіне – 5 пайыз, ЕАЭО елдерінен – 17 пайыз, басқа елдерден әкелінетін тауар 79 пайызды құрайды.
Департаменттің ақпаратына сүйенсек, мониторинг барысында заң бұзушылықтың 98 пайызы таңбалау талаптарының дұрыс болмауынан туатынын көрсетеді. Мәселен, көбіне дайындаушының атауы мен орналасқан жері, дайындалған күні, шикізат құрамы туралы ақпарат болмайды. Сондай-ақ нарық айналымының бірыңғай белгісі (ЕАС белгісі), мемлекеттік тілдегі ақпараттың көрсетілмеуі себеп.
Балалар киіміне қойылатын барлық қажетті талап «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентімен (КО ТР 007/2011) реттеледі. Соған сәйкес киімдер химиялық, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететіндей етіп дайындалуы тиіс. Киімге арналған материалдар бояуының орнықтылығына қойылатын талаптарға сәйкес келуі міндетті.
Жалпы, мектеп киімін сатып алар сәтте ең алдымен таңбалауды оқып шығыңыз. Егер ол сенімді, анық, оңай оқылатын болса, сондай-ақ мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылса пайдалануға болады. Мұндағы маңызды жайт, алдымен өнім дайындалған елдің атауы. Сонымен қатар дайындаушының, дистрибьютордың атауы және орналасқан жері, бұйымның атауы, ЕАС белгісі, материалдағы табиғи және химиялық шикізаттың түрі мен салмақтық үлесі, жүннің түрі, бұйымның өлшемі жазылуға тиіс. Киімнің жасалған материалына да назар аударыңыз.
Мамандардың айтуынша, балалар киіміне оның техникалық регламенттер талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды сатушыдан талап етуге құқығыңыз бар. Болмаған жағдайда, тауарды сатып алудан аулақ болыңыз.
Мұны бір деңіз, екіншіден омыртқаның физиологиялық дамуындағы ең маңызды кезең – мектеп жылдары екені көбіне мәлім. Осыны ұмытпағаныңыз жөн. Егер оқушы дұрыс отырмауды әдетке айналдырса, бұл үлкен қатерге әкелуі мүмкін. Яки балаңызды бұл әдеттен арылту оңай болмайды. Сондықтан оның алғашқы күндерден бастап дұрыс отырғанына көз жеткізіңіз.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналардың басты міндеті – оқу тапсырмаларын орындау үшін үйде қолайлы жағдай жасау екенін айтады. Мәселен, көптеген ата-ана балалары алғаш рет мектепке барғанда жаңа жиһаз алып жатады. Мұнда баланы партаға ыңғайлы отырғызу үшін өлшемдерін өзгертуге болатын үстел, орындық сатып алған тиімді. Неге десеңіз, оны балаңыздың жас ерекшеліктеріне сай өзгертуге болады. Сондай-ақ жарықтың деңгейі жеткіліксіз болса, бала үстелге төмен еңкеюге мәжбүр болатынын есте ұстаған жөн. Бұған жол бермеу үшін жарық мөлшері жеткілікті үстел шамымен қамтамасыз ету керек.
Заңға сәйкес, балалар және оқушылар жиһазы Кеден одағының «Жиһаз өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» 025/2012 техникалық регламентінің талаптарына сәйкес болуға тиіс. Қойылар талап – қауіпсіздік пен ыңғайлылық. Оның баланың жарақаттануы мүмкін үшкір бұрыштары, өткір шығыңқы бөліктері болмауы керек. Бекіту элементтері сенімді және сапалы болса игі. Балаңыздың денсаулығын алдымен өзіңіз ойламасаңыз, кейін бәрі кеш болуы мүмкін.
Жетісу облысы