Қазақстан инвестиция үшін өңірлік тартылыс күші болуы керек. Біздің еліміз инвестиция үшін және технологиялар трансферті үшін Еуразиядағы ең тартымды болуға керек. Мұның принциптік маңызы бар. Біз инвесторларға қолда бар артықшылықтарымызды көрсетуге тиіспіз.
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.
Инвестицияларға қолайлы жағдай жасалмақ Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг «Қазақстан: интеграциялық үдерістер және инвестициялық климат» тақырыбына арналды. Оған Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Жақсылықов, Халықаралық экономикалық интеграция департаменті директоры Ернар Бәкенов, «Сауда саясатын дамыту» орталығы бас директоры Руслан Сұлтанов және басқалар қатысты. Бас баяндамашы, Халықаралық экономикалық интеграция департаменті директорының берген ақпараттары Кеден одағы құрылғаннан бері қол жеткізілген көрсеткіштерге негізделді. Атап айтсақ, Кеден одағы құрылғалы бері Қазақстанның өңдеуші секторына шетелдік тікелей инвестициялар 90 пайыздан астам көрсеткішке артқан. Бұл Кеден одағының жұмысы басталған уақыттан бері екі есеге артқандығын көрсетеді. Ал аталған мерзімде экономикаға бағытталған шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 34 пайызға өскен. Интеграциялық үдерістер нәтижесі жаңа мүмкіндіктер ашып отырғандығын көрсетеді, деді ол. Қол жеткізілген көрсеткіштер Үкімет тарапынан атқарылып жатқан экономиканы индустрияландыру мен шағын және орта бизнесті қолдау бойынша кешенді шаралардың нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстанның мүддесін жүзеге асырудың маңызды құралдарының бірі бәсекеге қабілетті артықшылықтарын сақтап қалу болып отыр. Сол құралдың бірі – тиімді салық жүйесі. Е.Бәкеновтің айтуынша, Қазақстанның салық жүйесі тұрақты әрі салық төлеушілерге тиімді салықтық жүктемені ұсынады. Осылайша, КО және БЭК-ке мүше-мемлекеттерге қарағанда либералды салық жүйесі мен инвестициялық климаты арқылы еліміз шетелдік капитал тартуға, сондай-ақ әріптес-мемлекеттерден ортақ өндіріс орнын ашу арқылы капитал тарту мүмкіндіктері жоғары болып отыр. Яғни шетелдік инвесторларды Қазақстан тиімді инвестициялық заңнамасы кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді шаралары мен экономикалық тұрақтылық қызықтыратыны ақиқат. КО жүйелі түрде жұмыс істей бастағаннан бері Қазақстанның мүше-мемлекеттермен тауар айналымы 88 пайызға артып, 24 млрд. долларды құраған. «КО елдеріне Қазақстанда өңделген тауарды экспорттау Қазақстан экспортының жалпы көлемінде өңделген тауарлар экспортының үлесі 44 пайыздан 54 пайызға дейін артты. Сонымен қатар, кондитерлік өнімдер эскпорты 3 есеге, трансформаторлар эскпортының көлемі 11 есеге, Ресей мен Беларусь елдеріне шағын тонналық жүк машиналарының жеткізілімі 15-17 есеге өсті. Аккумуляторлар бойынша КО елдеріне экспорт 1,7 есеге, конденсаторлар 1,3 есеге, сусындар 13 есеге артқан. «Кеден одағы құрылғалы бері автокөлік құралдарының өндірісі 24 есеге өсіп, қазіргі кезде өндірістің жалпы көлемі 40 мыңнан астам данаға жеткен. Сондай-ақ, Қазақстан арнайы экономикалық аймақтар аумағынан дайын өнімді шығару кезінде белгілі бір кедендік жеңілдіктерді ұсыну құқығын қорғап қалды. Халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры Ернар Бәкеновтің айтуынша Кеден одағының жалпы аумағына Қазақстандағы 10 арнайы экономикалық аумағынан дайын өнімді шығару кезінде белгілі бір кедендік жеңілдіктерді ұсыну құқығын Қазақстан қорғап қалды. Атап айтқанда, осы жеңілдіктерді қолдану мүмкіндігін 2017 жылға дейін сақтайды. Бұдан әрі қарай да арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялар тарту бойынша барлық бағыттар мен мүмкіндіктер сақталады. Олардың ішінде салықтық жеңілдіктер, АЭА аумағына тауарларды енгізу бойынша жеңілдіктер қамтылған. Ал ЭБЖМ Сыртқы сауда қызметі департаментінің директоры Әлия Әлімбетова Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі тарапынан бүгіннен бастап ет өнімдерін сатуға шектеу енгізілгенін жеткізді. «Бірінші кезекте бұл Австралиядан әкелінетін сиыр етіне қатысты», деді ол. «Онда адам денсаулығы үшін қауіпті тренболон ацетат препараты шекті деңгейден асып кетеді. Бұл өсім гормоны. Дәл осы көрсеткіш үшін аталған ет өнімдерін тасымалдауға шектеу енгізіліп отыр», деді ол. Сондай-ақ, 1 маусымнан бастап Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі ресми түрде шетелден алкоголь өнімдерін әкелуге және сатуға тыйым енгізетіндігін хабарлады. Бұл елімізде енгізілген 22 техникалық регламентке байланысты. Аталған регламенттер 1 жылдан астам уақыт жұмыс істеуде. Осы техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін алкоголь өнімдері айналымнан алынып, әкелуге шектеу қойылады. Венера Түгелбай, «Егемен Қазақстан». Болашағы жарқын жобалар Таяу болашақта Қызылорда облысында силикат кірпіш, газдалған және газсыз су шығаратын, етті тереңдетіп өңдейтін зауыттар салынады. Бұл жобалар Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің отырысында талқыланды. Мәжілісте барлығы 11 жоба қаралды. Олардың бәрі инвестициялық бағыттағы жобалар екенін айтқан ләзім. Егер жобалар іске асса, онда өндіріс орындары ұлғайып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бірақ кәсіпкерлерге шаруасын дөңгелетіп әкету үшін қолдау қажет. «Кәсіпкерлік саласын қолдауға биыл 1 триллион теңге қаралып отыр. Соның тең жартысы қазірдің өзінде аударылды. Біз осы мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Бастысы, болашағы бар жобаны ұсына білсек болғаны. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында тексеруге мораторий жарияланғанын білесіздер. Енді іске кірісу керек», деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев. Мысалы, «Шиелі Тас» ЖШС жылына 15 миллион силикат кірпіш өндіретін зауыттың жобасын ұсынды. Құрылысы екі жылға жоспарланған зауыттың іргетасы биыл қаланады. Сондай-ақ, «Бест Сервис ЛТД» ЖШС ұсынған «Етті тереңдетіп қайта өңдеу кешенін салу» жобасы да қолдау тапты. Ал «Газдалған және газдалмаған сусын өндірісі зауытының» жобасын «Аквалайн» ЖШС қолға алмақшы. Серіктестік басшысы Ғалымбек Жақсылықов жер мәселесінен қиындық туындап тұрғанын айтты. Облыс әкімі сала басшыларына бұл проблеманы бір аптада шешіп беруді тапсырды. «Құмкөл Мұнай Транс ЛТД» серіктестігі ұсынған «Бұрғылау құбырларын инновациялық әдіспен қайта жөндеу цехын құру» жобасы тағы бір пысықтауды қажет етеді. Ал «ҚазЭлектроИнжинирингСервис» және «Теплотехникс 2» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері «Мұнай өңдеуде қажетті стандартты емес қондырғы өндірісі бойынша цех құрылысын» салмақшы. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылатын болды. «Турбина СК» ЖШС екі бірдей жоба ұсынды. Аталған мекеме тіректі арматур шығаратын зауыт пен газ турбина сервистік орталығының құрылысын салмақшы. Жылдам дайындалатын күріш ботқасын «Олжа» ЖШС жүзеге асырмақ. Тіпті, сынақ ретінде алғашқы өнімдерін де шығарған. Кеңес мүшелері бұл жобаны «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде жүзеге асыруға уағдаласты. Дәл осы бағдарлама шеңберінде «Бюро туризм «Сырдария» ЖШС-ның Қызылорда облысында сыртқы және ішкі туризмді дамыту жобасына енгізу мәселесі қаралды. Тарихи, мәдени, демалыс орындарына облыс тұрғындарын тиімді бағада саяхаттандырады. Олардың негізгі мәселелері көлік. Дәл осы секілді жобаны жеке кәсіпкер «Когай» да ұсынды. Ал «Глобал Энерджи Компани» ЖШС «Қамыстыбас» демалыс аймағында коттеджді қалашық құрылысын бастайтындарын айтты. Жалпы, осы отырысқа ұсынылған 11 жобаға қатысты аймақ басшысы тиісті сала жетекшілеріне тапсырма берді. Негізгі проблемалар шешімін тапса, аталған жобалардың жүзеге асар сәті де алыс емес сияқты. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы. Дерек пен дәйек Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік құрудағы басты мақсаттардың бірі – еліміздің рынок аумағын кеңейту және инвестициялық тартымдылықты арттыру арқылы қайта өңдеу өндірісін дамыту болып табылады. * * * Саяси тұрақтылық пен жағымды бизнес-ахуалдың арқасында Қазақстанға едәуір тікелей шетелдік инвестициялар құйылды. Мәселен, 2005 жылдан бері Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 170 млрд. доллардан астам қаржыны құрайды. * * * Қазақстан бизнес жүргізу ісіне қатысты сәтті реформа жасаған ел болып табылады. Яғни, елімізде кәсіпкерлікке ең қолайлы жағдайлар жасалған. Соның арқасында бизнесті реттеуге байланысты заңнамаларды бағалайтын халықаралық рейтингтерде жоғары көрсеткішке ие болып отыр: Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінің бизнесті жүргізудің жеңілдігі индексі бойынша Қазақстан 2013 жылы жалпы рейтингтен 185 елдің ішінен 50- орын алды. Оның ішінде «Инвесторларды қорғау» көрсеткіші бойынша –10-орын, «Салық салу» бойынша – 17-орын, Кәсіпорындарды тіркеу» көрсеткіші бойынша 25-орынды көрсетті. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2012 жылдағы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингінде Қазақстан 144 елдің ішінен 51-ші орын алды. Халықаралық менеджмент дамуы институтының 2013 жылғы Әлемдік бәсекеге қабілеттілік индексінде біздің еліміз 60 елдің ішінен 34-ші орынға табан тіреді.