Аталған мектептің бұл ауданда салынуы тегін емес. Өйткені 400 мыңдай халқы бар қаладағы тұрғындардың басым бөлігі Шығыс кентінде тұрады. Семейге қоныс аударатындардың көбі тұрғылықты орын ретінде дәл осы ауданды таңдайды. Себебі бұл аумақ өсімдік шаруашылығымен айналысқанға қолайлы.
Облыс әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов 2025 жылға дейін өңірде 10-нан аса мектеп салынатынын жеткізді.
«Еліміздің барлық өңірінде оқу жылы басталды. Семейде 5 мыңнан астам оқушы мектепке барды. Орын тапшылығын азайту үшін қалада тағы 4 мектеп ашылады. Тұтастай алғанда, 2025 жылға дейін облыста 11 мектеп ашылады деп көзделіп отыр. Шығыс кентіндегі бұл мектеп заманауи білім беру стандарттарына сай жабдықталған», деді А.Кәрімов.
Абай облысының білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өңірде 1-сыныптың табалдырығын 10 280 бала аттаған. Сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 1 700 балаға арналған 4 мектеп ашылыпты. Ал 2025 жылға қарай 5 100 орындық 11 мектеп салу жоспарланып отыр.
«Облыста 301 мектеп бар. Олардың барлығы ашылып, қызметтеріне кірісті. Сонымен қатар Семейде 4 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Шығыс кентіндегі 1 200 оқушыға арналған мектеп заманауи, соңғы стандарттарға сай құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда білім екі тілде беріледі. Абай облысындағы мектептердің
100%-ы аптасына 5 күн оқитын болады», деді білім басқармасының өкілдері.
Сонымен қоса Жарма ауданының Қапай батыр ауылында да 100 оқушыға арналған мектеп ғимараты пайдалануға берілгенін айта кеткен орынды. Мұнда спорт және акт залдары, асхана, IT-сыныбы, кітапхана мен арнайы жабдықталған психолог кабинеті қарастырылған.
Осы ретте «Мектепке жол» акциясы аясында өңірдегі оқушыларға оқу құралдары мен мектеп формасын сатып алуға көмек көрсетіліп келе жатқанын айта кету керек. Айталық, осы науқан арқылы Абай облысында 5 316 бала қажетті қолдауға ие болды.
«20-25 тамыз аралығында аудандардың орталық базарларында, сауда үйлерінде мектеп тауарларын төмен бағамен сату үшін бірқатар кәсіпкердің қатысуымен мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Облыстың жанашыр азаматтары, кәсіпкерлері, меценаттары акцияға қосылып, ата-аналарға қолдау көрсетті. Мысалы, «Восход» кентіндегі №34 орта мектептің 80 оқушысына спорттық киім мен оқу құрал-жабдықтары бар сөмкелер табысталды», делінген жауапты ведомство ақпаратында.
Акция қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
Абай облысы