Қоғам • 02 Қыркүйек, 2022

Жолдар қысқы маусымға дайын ба?

216 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңында» еліміздегі автокөлік жолдарының қысқы маусымға дайын­дығына арналған жиын өтті. «Қазақавтожол» ЖШС ақпаратына сүйенер болсақ, арнайы техникалардың қысқы кезеңге дайындығы 74 пайызды құрайды. Компания басшысы Самат Ғилымовтың айтуынша, алдағы маусымдық жұмыстар үшін жеке тұлғалардан 400 бірлік техниканы жалға алу қажеттілігі туындап отыр.

Жолдар қысқы маусымға дайын ба?

«Қазіргі таңда бізге 2 836 бірлік техника қажет. Ал қолымызда бар-жо­ғы 1 117 бірлік техника бар. Оның 527-сінің тозығы жеткен. Жөн­деу­­­ге де келмейді», деп атап өтті С.Ғилымов. Сондай-ақ ол еңбекақы мөл­шері 30 пайызға артқанымен білік­ті мамандарға деген тапшылық сезіліп отырғанын жеткізді.

«Министрлік тарапынан қол­дау­дың нәтижесінде мекеме жұмыс­шы­ларының жалақысы көтерілді. Бүгінде қызметкерлер жетіспеушілігі біртіндеп азайып келеді. Десе де жоғары білікті мамандарға деген зәру­лік туындауы мүмкін еке­нін жоққа шығармаймыз», деді «Қазақ­автожол» басшысы.

Сонымен қатар басқосуда авто­көлік жолдарының сапасына да назар аударылды. Мәселен, жүк тасымалымен айналысатын Кирилл Гадецкий есімді азамат Қызылорда және Ақтөбе облыстары шектесетін аймақтағы жолдың сапасы сын көтермейтінін алға тартты.

«Жол жөндеу жұмыстары жүргі­зі­леді-ақ. Алайда ай өтпей жол төсе­ніштері ойылып, тереңдігі 40 сантиметрге жуықтайтын ой-шұңқырлар пайда болады. Бұл – жол-көлік қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіреді», дейді кәсіпкер.

Өз кезегінде Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы «Қызылорда – Арал – Ақтөбе» бағытындағы жол торабының тозғандығын растады.

«Аталған аумақтағы көлік ағы­ны өте көп. Ал ондағы жол мұн­дай көлемге шақталмаған. Қазір көлік ағынының көлемін есепке ала оты­рып, алдағы уақытта бұл жол аума­ғына бірінші санат бойын­ша қайта жөндеу жұмыстары жүргі­зіл­мек. Оған дейін қысқа мерзімді жөндеу жұмыстары іске асатын бола­ды», дейді Автомобиль жолдары ко­ми­тетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.

Степногор қаласының тұрғыны, блогер Артем Сочнев жол жөндеу жұ­мыстары барысындағы бірқатар мәселені алға тартты.

«Қазір Бестөбе ауылының маңа­йында асфальт төсеніштерін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Оған қажет­ті материалды мердігер компания 300 шақырым жерден тасымалдайды. Жүк тиеген көліктердің шамадан тыс ауыр салмағынан беті тегіс жолдарда ой-шұңқырлар пайда болуда. Бір жол жөнделсе, енді бірі бүлінуде», деді А.Сочнев.

Қазақстанда жыл сайын мыңда­ған шақырым жолдың жөнделіп, тіпті қайта салынатыны белгілі. Жаз шықса бітті, қала ішіндегі жолдар да қопарылып жатады. Әрине, бұл шаруаның бәрі миллиардтаған теңгесіз бітпейді. «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, жыл сайын жол жөндеу жұмыстарына 500-600 млрд теңге бөлінеді. Осыншама мол ақшаның сұрауы болуға тиіс.

Айтпақшы, жол мәселесіне жауап­ты «ҚазАвтоЖол» мен «Казахав­тодор» бірігіп, біртұтас автожол компаниясына айналды. Бұл туралы шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген болатын. Министрлік аталған екі жол операторын біріктіру бойынша Үкімет қаулысының жобасын дайындады. Жобада «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы «Казахавтодор» ЖШС-дағы мемлекеттік үлесті сатып алу жолымен ұлттық компанияны Бірыңғай автожол операторы ретінде қайта құру қарастырылды.

«Қазір еліміздегі жолдың жай-күйін қадағалап, қызмет көрсететін екі негізгі оператор бар. Турасын айтсақ, екеуі де бір жұмысты атқарып отыр, жұмысшыларының саны да қажетті шамадан артық. Соған қара­мастан, азаматтардан келіп жатқан орынды арыз-шағымдар азаяр емес, ал жолдың сапасы мүлде сын көтер­мейді», деген еді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Қос компанияның бірігуі респуб­ликалық маңызы бар жолдар­ды тәулік бойы күтіп ұстауды қамта­масыз етуде жедел әрі нақты шешім қабылдауға үлкен септігін тигізбек.