Қазақстан • 02 Қыркүйек, 2022

Берекелі қоғамның берік іргетасы

586 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау үшін партия активімен жиын өткізді.

Берекелі қоғамның берік іргетасы

Парламент депутаттары, қоғам қай­рат­­керлері, Орталық аппараттың қыз­мет­­керлері қатысқан жиынға бейне­кон­­­ференция байланысы арқылы пар­тия­ның барлық аймақтық филиалы қосылды.

Ерлан Қошанов жиынға қатысу­шылардың назарын Жолдау – Әділетті Қазақ­стан құру жолындағы тағы бір үлкен қадам екеніне аудар­ды. «Жолдауда Президент әдет­тегідей, қазақстандықтардың ең өзекті сауалдарына нақты жауабын берді. Бұл – бас­тау алған саяси өзгерістердің жал­ғасы. Прези­денттің сөзі мен ісі бір жер­ден шы­ға­тынының тағы бір дәлелі. Алдағы сайлау науқандары­ның кесте­сі жарияланды. Мем­лекет басшысы Пре­зи­дент мандатын қысқарту және ұзақ­тығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеу жөнінде бастама көтерді. Мұның бәрі реформалар бағытының дәйек­тілі­гін және оның елдегі демо­кратияны нығай­туға бағыт­талғанын көрсетеді», деді ол.

Сонымен қатар партия төра­ғасы қазіргі сын-қатерлерге қара­мастан, Президент мемлекеттік әлеуметтік сая­сатты күшейтіп жатқанын атап өтті: білім беру мен денсаулық сақтауды дамы­туға, жастар мен ауыл шаруа­шы­лығын қолдауға үлкен қара­жат бөлінуде, барлық әлеумет­тік төлем индекстелуде, зей­нет­ақы қайта қаралуда, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қо­сылуда.

«Amanat партиясы еліміздің жетек­ші саяси күші ретінде Мемлекет бас­шысының саяси және әлеуметтік-эко­но­микалық бастамаларын толық қолдайды. Президенттің Жолдауда ұсын­ған барлық реформасы – бұл елдің жаңа жағдайда дамуына тың серпін беретін прогрессивті әрі уақтылы іс-шаралар», деп атап өтті партияның төрағасы Ерлан Қоша­нов.

Сондай-ақ басқосу барысында партияның Саяси кеңесі Бюросы­ның мүшесі, «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті ЖШС-ның бас директоры Дархан Қыдырәлі сөз сөйледі. Оның айтуынша, Жолдау ел дамуының алдағы бағытын айқындайды.

«Мемлекет басшысы өз Жол­дауында халықты толғандыратын бар­лық өзекті мәселені қам­ты­ды. Бұл су ресурстарының жетіс­пеушілігі, жол жөндеу, ауыл­дағы медицинаны дамыту, игерілмеген жерлерді қайтару және тағы басқалар. Сондықтан біз Президенттің бағытын толық қолдаймыз», деді Дархан Қыдырәлі.

Өз кезегінде Amanat партиясы Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиев Алматының жастар мен студенттер қаласы екенін атап өтті. Бұл ретте ол: «100 мың жас азаматты жұмысқа орналастыру, жас кәсіпкерлерге жеңілдікпен несие беру, студенттер жатақханасының мәселесін шешу бойынша нақты шаралар қамтылған Жолдау – болашақ ұрпақтың мәселелері Президенттің назарында екенін айқындап отыр», деді.

Партияның Солтүстік Қазақ­стан облыстық филиалының атқа­рушы хатшысы Әсем Рахметова барлық міндет қоғамның, мем­лекеттік аппараттың және пар­тияның ортақ күш-жігерімен іске асады деген пікір білдірді. «Бүгін­гі жұмысымызда қоғамдық диалог, ашық­тық, тұрғындардың мұң-мұқтажына жедел ден қою мәселесі басым бағыт болуға тиіс. Сол арқылы ойға алған дүниенің барлығын іске асыра аламыз», деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша Amanat төрағасы Ерлан Қошанов партия­ның Орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының алдына Жолдауды халық арасында ілгерілету және онда айтылған Мемлекет басшысының реформаларын іске асыру үшін барлық партиялық ресурсты жұмылдыру жөнінде бірқатар нақты міндет қойды.