Үкімет • 03 Қыркүйек, 2022

Әлихан Смайылов Президенттің Жолдауын іске асыру бойынша тапсырма берді

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлихан Смайылов Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру бойынша тапсырмалар берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлихан Смайылов Президенттің Жолдауын іске асыру бойынша тапсырма берді

Премьер-Министр Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда экономиканың сапалы дамуын қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жүйелі және салалық шаралар кешенін айқындап бергенін атап өтті.

«Осы маңызды құжатта бүгінгі таңда азаматтарымызды толғандырып отырған негізгі мәселелердің бәрі қамтылған. Жолдауда айтылған міндеттерді шешу экономиканың тұрақтылығын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады», — деді Үкімет басшысы.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров экономика мен мемлекеттік басқарудағы реформаларды іске асыру жөніндегі негізгі шаралар, Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бюджет, салық саясаты және мемлекеттік сатып алу, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев көлік, өнеркәсіп және құрылыс мәселелері, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері туралы баяндады.

Сондай-ақ экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев сумен қамтамасыз ету және жер қойнауын пайдалану салаларын жақсарту жөніндегі жоспарлар, әділет министрі Қанат Мусин реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жөнінде, ішкі істер министрі Марат Ахметжанов құқық қорғау жүйесін реформалау және нашақорлыққа қарсы күрес мәселелері, оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі және орта білім беру мәселелері, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім беруді дамыту мәселелері туралы айтты.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы, ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова әлеуметтік саясат мәселелері жөнінде баяндады.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекет пен қоғамның барлық негізгі салаларын қайта жаңғырту керек екенін айтты.

«Мазмұны жағынан Президенттің халыққа Жолдауы Жаңа Әділетті Қазақстан құру жолындағы ең маңызды қадам болып табылады. Қазіргі жағдайда бәріміз нақты және үйлесімді әрекет етуіміз қажет», деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр Үкіметтің алдында экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін, азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуін арттыру, бәріне бірдей мүмкіндіктер беру, қоғамдық қауіпсіздік пен ішкі тұрақтылықты сақтау міндеттері тұрғанын атап өтті.

Осыған байланысты Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне орта мерзімді кезеңге арналған Экономикалық саясат жобасында Президенттің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша айтқан бағыттарын ескеруді тапсырды.