Оқиға • 04 Қыркүйек, 2022

Зерендіде орман өртенді

389 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

3 қыркүйектен бері 200-ге жуық өрт сөндіруші Зеренді ауданындағы орман өртін сөндіріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зерендіде орман өртенді

200-ге жуық өрт сөндіруші мен орманшылар, ерікті өрт сөндіру құрамалары, азаматтық қорғау академиясының курсанттары Зеренді ауданындағы орман өртін сөндіруде. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен ТЖД бастығы полковник Нұрлан Атығаев төтенше жағдай орнында.

«3 қыркүйек 20 сағат 05 минутта «Көкшетау» МҰТП Зеренді филиалында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Облыс әкімі Ермек Боранбайұлының нұсқауы бойынша облыстық жедел штаб құрылды. Оқиға орнына дереу Атбасар, Сандықтау және Зеренді өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары жіберілді. Сондай-ақ Көкшетау қаласының өрт сөндіру бөлімдерінен жиынтық жасақ жасақталып, 30 адамнан тұратын жеке құрам жіберілді. 15 м/с екпінді жел кезінде өртті азайту мүмкін болды. Өрт түнгі сағат 00:00-де ауыздықталды. Қазір орман ішіндегі шөпті сөндіреміз. Жағдай бақылауда», деді өңірдің ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев.

Алдын ала ақпарат бойынша, өрт дала жолынан тараған. Өртті жою жұмыстары жалғасуда. Өрттің елді мекендерге өту қаупі жоқ. Адам шығыны мен жарақат алғандар тіркелмеді.