Оқиға • 05 Қыркүйек, 2022

Елордада әйел адамның мәйіті табылды

208 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда тұрғын үй аулаларының бірінде жас әйелдің мәйіті табылды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Елордада әйел адамның мәйіті табылды

«102 пультіне Әуезов көшесіндегі үйдің тұрғынынан баспалдақ алаңында қанталаған әйелдің жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген полицейлер дене жарақаттары бар 34 жастағы әйелдің мәйітін тапты. Елордалық жедел уәкілдер жедел іс-шаралар жүргізу барысында бір тәуліктің ішінде Ақмола облысының аумағында 37 жастағы күдіктіні ұстады», делінген хабарламада.

Анықталғандай, ер адам бір күн бұрын аулада жас әйелмен танысып, бос уақытын өткізу үшін оны пәтеріне шақырған. Отырыс барысында күдікті мен қонақтың арасында жанжал туындап, ер адам спорттық зілтемірден металл белтемірді алып, жәбірленушінің денесіне бірнеше рет соққы жасаған. Әйелдің есінен танып бара жатқанын көрген ол оны пәтерден алып шығып, баспалдақ алаңында қалдырған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу амалдары жүргізілуде.