Оқиға • 05 Қыркүйек, 2022

«AMANAT» қостанайлықтарға 800 тоннадан астам гуманитарлық көмек көрсетті

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аманаттықтар Қостанай облысындағы табиғи өрттен зардап шеккен тұрғындар үшін екі күн ішінде 807 тонна гуманитарлық көмек жинады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте партия Хатшысы Дәулет Кәрібек айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«AMANAT» қостанайлықтарға 800 тоннадан астам гуманитарлық көмек көрсетті

Атап айтқанда, кеше партия мүшелері 312 тонна, ал бүгін 495 тонна көмек жинады, оның 338 тоннасы – азық-түлік. Сондай-ақ жылы киім, жеке тазалық құралдары, төсек-орын жабдықтары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдары жіберілді.

«Төтенше жағдай орын алған сәттен бастап «AMANAT» партиясы көмек қолын созуға кірісіп кетті. Партия мүшелері зардап шеккен тұрғындарға тікелей сол жерде қолдан келген көмек көрсетіп жатыр. Оқиға орнына «Жастар Рухы» жастар қанатының 300-ден астам волонтері барды. Олар гуманитарлық көмекті жүк көліктерінен түсіруге және таратуға жәрдемдесуде. Мұның бәрі қазақстандықтардың бірлігін, олардың өз отандастарына көмек көрсету үшін жұдырықтай жұмыла алатынын дәлелдейді. Зардап шеккендер тезірек қалыпты өміріне оралуы үшін және жаңа баспаналар салу үшін күш-жігер жұмылдыру қажет. Осы ортақ міндетті бірлесіп атқаруға «AMANAT» партиясы да белсене атсалысады», деді Дәулет Кәрібек.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев партия мүшелері мен «Жастар Рухы» белсенділерінің дағдарыс жағдайында волонтерлік тәжірибесі мол екенін атап өтті.