Әлем • 05 Қыркүйек, 2022

Қазақстан-Қытай: Тұрақты қарым-қатынас үлгісі

1290 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Отандық және шетел сарапшылары екі елдің дипломатиялық, достық қарым-қатынасының қай деңгейде өрбіп жатқанын айтып, сын-қатерлеріне болжам жасады. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде әлем Украинадағы қақтығыстардан бастап Палестина мәселесінің шиеленісуі, Сириядағы жаңа әскери соққылардың салдарынан геосаяси дағдарысты бастан кешіріп, жекелеген санкциялардың кесірінен алауыздыққа тап болуда. Ал Қазақстан мен Қытай болса тұрақты байланыстың үлгісін көрсетіп отыр.

Қазақстан-Қытай: Тұрақты қарым-қатынас үлгісі

Экономикалық байланыс нығая түсті

«Қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас тұрақ­ты», дейді Президент жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер инсти­тутының бас сарапшысы Әділ Кәукенов. Екі ел арасындағы өзара тиімді ынты­мақтастық әсіресе экономикалық салада жүйелі түрде артып келе жатқаны байқалады. Мәселен, Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бо­йынша 2022 жылдың 6 айында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 11,26 млрд долларды құрады. Бұл аймақта санкциялық соғыс пен геосая­си бәсекелестіктің өршіп тұрғанына қарамастан, 2021 жылмен салыстырғанда 36,2%-ға көп.

«Геосаяси тұрақсыздық, керісінше, қазақ-қытай сауда айналымынаның артуы­на түрткі болды. Қытай Ресейге қарсы санкцияларға қосылмады, сондықтан Ресей нарығындағы үлесін ұлғайту үшін әртүрлі бағыттарды белсенді қолдана бастады. Өйткені Ресей де қытайлық тауарларға тәуелді бола түсті. Осылайша, Қытайдан келетін импорт көлемі автокөліктерді, өндірістік жабдықтарды, компьютерлерді және басқа да жоғары технологиялық өнімдерді жеткізудің күрт артуы есебінен өсті», деді ҚСЗИ бас сарапшысы.

Жалпы, ұлттық экономиканың дамуы­на шетел несиелерін, инвестицияларды және озық технологияларды тарту маңызды рөл атқарады. «Бұл бағытта Қазақстан Үкіметі шетелдік инвестицияны тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді және бұл жерде Қытай маңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің мәліметі бойынша 2021 жылдың қорытындысына сәйкес Қытай Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі жағынан Нидерланд, АҚШ, Швейцария және Ресейден кейін 5-ші орында (21,7 млрд доллар) тұр. Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға экспорттауға да үлкен мән берілуде. Қазір Ауыл шаруашылығы және Сыртқы істер министрліктері қазақстандық кәсіпорындарға тиісті көмек көрсетіп, Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында 18 екіжақты хаттамаға қол қоюға бастамашы болып отыр. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда бидай, сиыр мен шошқа етін, соя, бал, балық, рапс, жоңышқа, жүгері, ұн және ұн өнімдерін өндіретін 600-ге жуық отандық кәсіпорын Қытай нарығына өз өнімдерін жеткізуге рұқсат алды. Бұл ынтымақтастықтың ерекшелігі елімізде жоғары технологиялық өндірістерді құру­ға, өнеркәсіптік әлеуетті іске асыру­ға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, эконо­ми­­каның шикізаттық емес секторын ын­­та­ландыруға, сондай-ақ Қазақстан Рес­пуб­ликасы азаматтары үшін 25 мың­нан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған», дейді Әділ Кәукенов.

Сенімге негізделген серіктестік

Осы жылдың қыркүйек айында ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары жоспарланған. Бұл өте маңызды оқиға, өйткені эпидемиялық іс-шараларға байланысты Қытай басшысы үш жылдан бері елден шықпаған. ҚСЗИ бас сарапшысының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Қытайға жасаған мемлекеттік сапары Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа парағын ашты. Бұл сапар саяси диалогті сапалы жаңа деңгейге көтеріп, екіжақты қарым-қатынастың тұрақты болуына ықпал етті. Бұрын қол жеткізілген келісімдердің іс жүзінде орындалуына түрткі болды. Қытай төрағасының жа­уапты сапары туралы келісім дәл сол кезде жасалған көрінеді, алайда пандемия басталып, кейінге қалдырылған.

«Екіжақты ынтымақтастықтан басқа, Қазақстан мен Қытайда БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді құрылымдарда көп­жақ­ты ынтымақтастық жобаларының үлкен пакеті бар. Біздің мемлекеттер арасын­­дағы саяси сенімнің жоғары дең­гейі­нің жаңа көрсеткіші – Бейжіңнің биыл­ғы жылы Қазақстанды әлемдегі ең ірі БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка республикасы) бірлестіктерінің бірінің жұмысына толық­қанды мүшелікке ұсыну туралы бас­тама­сы болды. Бұл – өте маңызды қадам, өйт­кені БРИКС G7 және G20 секілді жаһан­дық клубтарға лайықты бәсекелес болып саналады. Ал Қазақстанның дүние­жүзілік екінші экономиканың, яғни Қытай­дың қолдауымен алға жылжуы БРИКС-тегі салмағын арттырып, сенім­ділік тудырады», деген пікірде Ә.Кәукенов.

Сондай-ақ сарапшы Қытай Қазақстан­ның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіп­сіз­дік кеңесіне төрағалық ету туралы өтінішін, 2022 жылғы қаңтардағы лаңкес­тік қауіп пен тәртіпсіздікті еңсеру бо­йынша Қазақстан билігінің іс-әреке­тін, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруін, Қазақ­станның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім іс-шаралары туралы (АӨСШК) Конференцияға арналған форум құру туралы бастамасын қолдағанын атап өтті. Саяси байланыстың мұндай жоғары деңгейі Қытаймен қарым-қатынастағы қауіпсіздік саласына да, экономикалық жобаларға да оң әсер етеді.

Қытай Қазақстанның экономикалық өсімінің басты серіктесі екені анық. Алайда бірқатар зерттеуге сүйенсек, Қазақстанды Қытайға бағынышты деп айтуға болмайды. Карнеги қорының Еуропалық бағдар­ламасының аға ғылыми қызметкері Филипп Ле Корре «Қазақстандықтар ірі көрші­сіне тым тәуелді болса, олардың эконо­микасы мен егемендігіне қауіп төнеті­нін біледі. Сондықтан мақсатын тепе-тең­дік қарым-қатынасқа негіздейді. Қытай әлем­нің көптеген елінде ықпалды болғаны­мен, Қазақстанға бола алмайды», деген пікірде.

ҚХР да Қазақстанға толықтай тәуелді бола алмайды. Қытайдың ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламасы бойынша Қазақстан ең маңызды серіктес болып табылады. Қытай әсіресе теңізден құрлыққа дейінгі сауда мен энергияға тәуелділігін сезінеді. ҚХР экономикасы үшін қазақстандық энергия өте маңызды. «Бүгінде Қытай экологиялық проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. Бұл экологиялық мәселелер қытайлық компанияларды шетелдерге шығуға итермелейді. Мұнай ресурстары мен нарықтық бәсекенің төмендігін ескере отырып, Қазақстан тиімді орналасуына байланысты таңдалуы мүмкін. Мысалы, Қазақстанның синтетикалық маталарды өндіруге іс жүзінде мүмкіндігі жоқ, ал Қытай химиялық қалдықтар мен көміртегі шығарындыларының жоғары деңгейімен байланысты осы өндіріс тізбегінен кетуге ұмтылуда. Осыған байланысты Қытай үшін Қазақстанмен байланысты сақтау – оның сауда және энергетикалық тәуелділігін теңізден құрлыққа ауыстыру мақсатындағы қажетті қадам», деп көрсетеді өз зерттеуінде Бішкектегі ЕҚЫҰ Академиясының Орталық Азиядағы Қытай мәселелері бойынша ғылыми қызметкері Нива Яу. Сондай-ақ АҚШ-тың Шығыс Азия мен бұрынғы кеңестік республикалар мәселелерін зерттейтін сарапшысы Эйтан Голдштейн да Қытайдың Қазақстандағы мүдделерінің салмақты екенін айтады. Қытай – қазақстандық табиғи газ экспортының сенімді тұтыну­шысы. Бұған Батыс Қазақстанның газ кеніштерін екі елдің шекарасымен байланыстыратын құбырлар дәлел.

«Бір белдеу, бір жол» – тиімді жоба

Отандық және халықаралық сарап­шы­лардың пікірінше, «Бір белдеу, бір жол» (BRI) жобалары мен инвести­цияларының ашықтығының жоқты­ғын, трансшекаралық су ресурстарын басқару мәселелерінің шешілмегенді­гін, Қытайдың өсіп келе жатқан саяси ықпалын және аумақтық даулардың қайта туындау мүмкіндігін көрсетеді. Дегенмен сарапшылар Қазақстан мен Қытай арасындағы «Бір белдеу, бір жол» жағдайында тұрақты және негізінен оң қарым-қатынаста екенін алға тартады. Мысалы, Малайзия немесе Шри-Ланка сияқты BRI бөлігі болып табылатын елдерде ірі жобалар келіспеушілік салдарынан тоқтатылып, Қытайға қарызды өтеу проблемаға айналған немесе халық BRI мен Қытайдың араласуына түбегейлі наразылығын білдірді. Бұл жағдайда Цюрих институтының жанындағы Қауіп­сіздікті зерттеу орталығының аға ғы­лыми қызметкері Бенно Зогг атал­ған елдермен салыстырғанда Қазақстан негізінен BRI жобасында табысты елдердің қатарында екенін айтады. Алайда барлығы кемші­лік­сіз деуге де болмайтын секілді. Қазақ­стан­дағы қытайлық компаниялар өз қыз­мет­керлерін әкеліп, оларға жергілікті тұр­ғындардан жоғары жалақы төлейді, бұл халық арасында наразылық туғызға­нын да көрдік.

Десе де «Бір белдеу, бір жол» Қазақ­станда «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын, Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық теңіз порттарын, «Қазақстан – Түрікменстан» жаңа теміржол дәлізін құруға үлкен ықпал етті.

«Қытайдың Ляньюньган портындағы бірлескен терминалдың арқасында Қытайдан Қазақстанға, одан әрі Ресейге, Еуропаға, Орталық Азия елдеріне және Каспий маңы аймағына контейнерлік тасымалдар саны артып келеді. Біздің еліміздің аумағы арқылы Қытайдан жүк тасымалдау көлемінің одан әрі ұлғаюы аймақтағы халықаралық сауданы ынталандырып, Қазақстанның транзиттік-логистикалық мүмкіндіктерін ашады. Қазақстан-Қытай шекаралық «Достық» және «Алтынкөл» өткелдері арқылы контейнерлік транзит көлемі жылдан-жылға тұрақты өсіп келеді. 2020 жылы өткен жылмен салыстырғанда 43%-ға өсіп, 781 мың TEU (2019 жылы – 545 мың TEU) құрады, ал 2021 жылы өткен жылмен салыстырғанда 23,4%-ға өсіп, 964 мың ЖФЭ (2020 ж – 781 мың ЖФФ). 2022 жылғы қаңтар-наурызда көлем өсуді жалғастырып, 154 мың TEU құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (140 мың TEU) 10%-ға артық», деді Ә.Кәукенов.

Сондай-ақ Қытай қазақ жастарынан шәкіртақымен қамтып отыр. Қазіргі уақытта Қытайда 18 мыңға жуық қазақ­стандық білім алуда. Бұл елде бес Конфу­ций институты – Қытай мәдениеті мен тілін насихаттайтын оқу орындары Қазақ­стан бойынша жұмыс істейді. Бұған қоса BRI жобасының келісіміне сәйкес Қытай Қазақстанға қомақты инвестиция сал­ған. 2000-жылдары ол мұнай кен орындарын­дағы үлестерді сатып алып, ірі құбырлар салған болатын. Қытай 2009 жылы мұнай-газ секторындағы қосымша үлестердің орнына 10 миллиард доллар несие берді.

Өзара ықпалдастықтың әсері қандай?

Ірі мемлекеттердің бір-бірімен жақындасуы келесі бір елдерге зардабын тигізері саяси тұрғыдан алғанда жаңалық емес. Осы орайда Ресей мен ҚХР арасындағы тығыз байланыстың Қазақстанға әсерін де айтпай кетуге болмайды. Сарапшылар «Си Цзиньпин мен Владимир Путиннің тұсында Бейжің мен Мәскеу Батыстан оқшауланып, бір-біріне жақындай түскенін» айтады. Олардың пікірінше, басшылардың бірігуіндегі мақсат – Батысқа қарсы тұру. «Бейжіңнің Қытай-Ресей қарым-қатынасы екі елдің де қарсыласы болған Батысқа қарсы тұруына және егер олар бөлінгеннен гөрі біріксе, Батыстың қысымына қарсы тұру оңай болады деген сенімге негізделген», дейді Бейжіңдегі Брукингс институтының сарап­шысы Райан Хасс The Guardian басылымына берген сұхбатында. Сондай-ақ «Қытай мен Ресейдің мүдделері сәйкес кел­мей­тінін есте ұстаған жөн», деп қосты ол. Сонымен қатар Сингапурдағы Наньян технологиялық университетінің Раджа­ратнам халықаралық зерттеулер мектебінің сарапшысы Рафаэло Пантуччи Қытай әрқашан Қазақстанда өз мүддесі үшін әрекет етті деп санайды. Оның пікірінше, Қытайға Қазақстаннан қандай да бір геосаяси ықпал емес, табиғи ресурстар, нарыққа шығу, инфрақұрылымдық жобалар керек. Бұған қоса, Қытай да Қазақстанның халықаралық аренада қолдау көрсеткенін қалайды. Алайда мұның бәрі Ресейге зиян келтірмеу керек. Ресей Қазақстанның табиғи ресурстарын сатып алуға ұмтылмайды: оған қажет емес, оның өз ресурстары көп. Ресей қазақ­стандық нарыққа шығуға мүдделі және мүмкіндігінше оларда қытайлық ойын­шылармен бәсекеге түседі. Бірақ қытай­лық компаниялардың жоғары бәсекеге қабілеттілігін ескерсек, мұны істеу өте қиын. Жалпы аталған екі ел де бір-бірінің Қазақстандағы ұстанымдарын жақсы біледі және параллельді әрекет етеді.

Консулдық саны артып келеді

«Ақтөбе мен Сиань (ҚХР) қала­ларында Қазақстан мен ҚХР бас кон­сулдығы ашылатыны туралы Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И маусым айында елімізге жасаған сапарында мәлімдеген болатын. Сиань қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығының ашылуы, ең алдымен, Қазақстанның консулдық қызметінің осы бағыттағы қызметін күшейтеді, сондай-ақ жүйелі негізде жұмыс істеуге мүм­кіндік бермек. Өңірде сауда-эконо­микалық және инвестициялық ынты­мақтастық (қазақстандық экспортты ілгерілету, инвес­тиция тарту және бірлескен кәсіпорындар құру) саласындағы жұмыстарды құру секілді қызметтер атқарады.

Ал Ақтөбе қаласындағы консулдық округ Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыс­тарын қамтиды. Сианьдағы консулдық округ Шэньси, Ганьсу, Сычуань, Хубэй, Нинся-Хуэй автономиялық ауданы және Чунцин қаласы провинцияларын қам­тиды. Тараптар екі мемлекет арасын­дағы консулдық мәселелерді халықара­лық құқық пен тәжірибе, атап айтқан­да 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясы және Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Консулдық келісім негізінде достық консультациялар арқылы шешеді деп жос­парлануда. Қытай Халық Республикасы 1992 жылғы 10 тамыздағы, сондай-ақ тепе-теңдік принципіне сәйкес келісімге қол қою тура­лы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданған­нан кейін «Сиань қаласында (Қытай Халық Республикасы) Бас консулдық ашу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының жобасы әзірленетін болады.

Осылайша, Қазақстан-Қытай қарым-қатынастары жүйелі өсу кезеңін бастан өткеруде, бұл көбінесе прагматикалық және тату көршілік өсудің өзара саясатымен байланысты. Ал COVID-19 пандемиясы халықаралық байланыстарға айтарлықтай хаос әкелгенімен, Қазақстан мен Қытай пандемияның екіжақты ынты­мақ­тастыққа кері әсерін барынша азайту­ға, тауар айналымын арттыруға және одан әрі бірлескен жобалардың негізін қа­ла­уға мүмкіндік беретін жүйе құра алды.

Ресей мен Батыс арасындағы қарама-қайшылықта көрініс тапқан Еуразиядағы геосаяси тұрақсыздық Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды нашарлата алмады, осылайша өзара әрекеттестіктің қалыптасқан берік негізін сақтап келеді.