14 Мамыр, 2014

Ырыс алды – ынтымақ

593 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан халқы Ассамблеясының өткен XXI сессиясына байланысты хаттар мен жеделхаттар келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессия­сына қатысушылардан Мемлекет басшысы атына жылы лебізді хаттар, сондай-ақ, Қазақстан хал­қының бірлігі күні мерекесіне байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде. Өз хатында Қостанай облы­сындағы Сарыкөл ауданы халық театрының жетекшісі және ре­жиссері В.Стародуб Ассамблея жұмысына тікелей қатысу оның маңыздылығын мүлде басқа қырынан ұқтыра түсетінін айтады. «Ыстық ықылас, достық, еліміздің жарқын болашағына деген сенім ахуалы әрдайым жадымызда сақталады. Бірге өткізген көп жыл ішінде тағдырымыз, өміріміз етене тоғысып, біз біртұтас қоғамға айналдық», делінген хатта. Орал қаласындағы «Вайнах» чешен-ингуш мәдени-ағартушылық қоғамының төрағасы Д.Саратов тұрақтылық пен өркендеу кепілі болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей ұйым екеніне назар аударған. «Бірлікке саналуандылық ар­қылы бару бағытының дұрыстығын уақыт дәлелдеп берді. Біздің балаларымыздың болашағы зор, ал бізде салт-дәстүр, мәдениет пен тіліміздің бай мұрасы сақ­та­ла­ты­нына берік сенім бар», деп жазады автор. Шығыс Қазақстан облысындағы орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Н.Зайцев өңірдегі барлық этномәдени бірлестіктер атынан елдегі татулық пен қоғамдық келісімнің нығайтылғаны үшін алғыс білдірген. Ол мемлекет эко­но­микасының дамуына, этнос­аралық қарым-қатынастар мен азаматтық тең құқықтылықтың нығаюына шығысқазақстандықтар бар күш-жігерін жұмсайтынына сендіреді. Осы пікірге домбырашы, Семей қаласының тұрғыны Ольга Сағындықова да қосылып, өзіне бүкіл ел-жұрт алдында өнер көрсетуге мүмкіндік берген сес­сияға қатысқанына қуанышты екенін білдіреді. Тараз қаласындағы «Шиват Цион» еврей этномәдени бір­лестігі төрағасының орынбасары, №2 мектептің директоры С.Гурская өзі басшылық ететін оқу орнында 37 ұлттың баласы оқитынын айтады.   «Педагогикалық ұжымның қызметі этностық және діни ерек­шелігіне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, толеранттылық пен бір-біріне деген құрметті қалып­тастыруға бағытталған. Мен тұ­рақтылық пен халықтың бірлігі басты орында тұрған елде өмір сүріп жатқанымды мақтан етемін», делінген хатта. Жамбыл облысындағы «Вын­хуа» дүнген мәдени орта­лықтары қау­ымдастығы» қоғамдық бірлес­тігі жастар орталығының жетекшісі З.Махусеев қазақстандық жастар алға қойылған барлық міндеттерді орындауға әзір екенін жеткізген. «Біз – жаңа елдің жас ұрпағымыз. Біздер көппіз, бәріміз әртүрліміз, бірақ тағдырымыз бір. Біз Сізді ұятқа қалдырмайтынымызға және Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынымызға сендіреміз», деп жазады автор. Алматы облысы «Бірлік» жас­тар қауымдастығының атқарушы директоры Н.Белик өз тағдыры және туған Отанына айналған елге деген көзқарасы туралы айтқан. «Талдықорған – менің қалам, ал Қазақстан – менің елім, менің Отаным, ол мені сүйіспеншілікпен құшақ жая қабыл алды. Мен басқа республикада туып-өстім, Қазақстанға 17 жыл бұрын келдім. Соғысты көрген мен татулықты, өзара түсіністікті және келісімді бағалай білетін елге келдім», делінген хатта. Қазақстан корейлері қауым­дастығы Қарағанды филиалының төрағасы Л.Ким жаңа Стратегия­ның Мемлекет басшысы айтқан жеті қағидатын өзінің аға ұрпақ қол жеткізген құндылық ретінде сақтап, еселеу және жастарға та­быстау жөніндегі өсиет деп қа­былдағанын атап өткен. «Біздің қарияларымыз өз­дері бастан өткерген репрессия уақытының қиыншылығы жағ­дайында да қаталданып кеткен жоқ, біздердің отбасыларымызда сол жылдардың сұмдығы жайында емес, өздеріне пана болған, соңғы тілім нанын бөліскен қазақтардың арқасында оянған болашаққа деген үміт туралы, сондай-ақ, біз үшін өгей емес, Отан-анаға айналған осы мекенге риза болу керектігін айтып отыратын. Біз мұны ешқашан ұмытпаймыз және әрдайым олардың алдында қарыздармыз», делінген хатта. ҚХА мүшесі Г.Яндиев Мем­лекет басшысының басшылығымен Қазақстан бейбітшілік пен келі­сімді нығайту жөнінде орасан жұмыс атқарғанын атап өткен. «Орайлы сәтті пайдаланып, әрбір ананың көз жасы төгіл­мегені, әрбір баланың үрейді біл­мегені, қасиетті қазақ жері­не деген сеніміне селкеу түспе­гені үшін барлығымыздың ризашы­лы­ғымызды Сізге айтқым келеді», деп жазады автор. Қазақстан халқы Ассам­б­лея­сының ақмолалық ғылыми-тал­дамалық орталығының мүшесі А.Ахетова әлемнің күрделі ке­зеңіндегі бірліктің маңызды­лығына тоқталады. «Біздер, қазақстандықтар, елдің 17 миллион тұрғынының әр­қайсысының бірліктің жасампаз, қауіпсіз, толерантты ахуалы мен өзімізді біріктіріп отырған тағдыр тоғыстырған шынайы бау­ырластығымызға деген орасан жауапкершіліктің ауқымын ай­рықша сезінеміз», делінген хатта. Көкшетау қаласынан хат жолдаған З.Шуатаева да тұрақ­тылықтың, татулық пен келісімнің маңыздылығын атап айтқан. «Сіздің сөздеріңіздің қуаты, көзделген стратегияларымыздың салтанат құратынына деген берік сеніміңіз біздің әрқайсымызға әсер етті. Жастардың салиқалы сөздері, Сізге деген ризашылығы ерекше байқалады, болашақ біздікі екеніне еш күмән қалмайды», делінген хатта. Қарағанды облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі В.Молотов-Лучанский ҚХА жылдан-жылға күш алып, ел халқы алдында лайықты беделге ие болып келе жатқанын, өткен сессия осының айқын айғағы екенін айтқан. Қызылорда облысы қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы С.Жұбатханов, Қызылорда облыстық «Понтийцы» грек этномәдени бірлестігінің төрағасы Ф.Алхазов және Маңғыстау облысы «Русское землячество» орыс этномәдени бірлестігінің мүшесі Н.Савченко халық үшін баршаға ортақ игілікке айналған қазақстандық татулық, руханилық және келісім қағидаттарының маңыздылығын атап өткен. Маңғыстау облысы «Салауат» башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы У.Азнабаев, Атырау облысы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің ардагері С.Акаев және Алматы облысының қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрі орталығының төрағасы С.Шыныбаев 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялау туралы шешімді ерекше қуанышпен қабыл алған. Қазақстан халқы Ассам­блеясының ақмолалық ғылыми-талдау орталығының мүшесі Б.Газ­диева, Атырау облысы «Воз­рождение» этномәдени бірлес­тігінің өкілі Ю.Кустадинов, Қос­танай облысы Алтын дала ауы­лының тұрғыны  Т.Ситникова және Орал қаласындағы «КазАрмаПром» ЖШС бас директоры С.Качало «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойылған міндеттердің орындалатынына сенім білдірген.