Мәселен, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, республикалық автожолдар желісін қайта жаңарту және жөндеуге кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Соның бірі – битум тапшылығы. Ішкі нарықты битуммен қамтамасыз ету үшін бірнеше рет құзыретті, бейінді органдармен кеңес өткізілген. Республикалық желіде автожол жобаларының қажеттілігі үшін битумды іріктеуге жәрдемдесу басымдығы атап өтілген. Алайда бүгінде жол компанияларының өтінімдерін растауда қиындықтар бар. Мысалы, биыл республикалық маңызы бар жол құрылысына битум қажеттілігі 59 мың тоннаны құрап отыр. Ал іс жүзінде 13 мың тонна битуммен қамтамасыз етілген.
Битумның тапшылығы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында да айтылды. «Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті ұят жағдай», деген еді Мемлекет басшысы.
Осыған орай Атырауда көшпелі кеңес өткізген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бұл сынды әділ деп бағалап отыр. Кеңесте ішкі нарықты жол битумымен қамтамасыз ету, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерін өндіру және жөнелту, технологиялық кешендерді жөндеу мерзімі талқыланды. Оған «ҚазМұнайГаз», Атырау мұнай өңдеу зауыты және Caspi Bitum Ақтау битум зауытының басшылығы қатысты.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жол-құрылыс жұмыстары маусымында ішкі нарықта битум тапшылығына қатысты әділ сын айтты. Серіктестермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалыптасқан жағдайды өзгерту бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет, – дейді М.Мырзағалиев.
Елімізде битум өндірісі екі өңірде қолға алынған. Оның бірі – Ақтаудағы Caspi Bitum зауыты. Мұнда жылына 500 мың тонна, ал Павлодар мұнай өңдеу зауытында 350 мың тонна битум шығарылады. «ҚазМұнайГаз» иелігіндегі бұл зауыттардың ең жоғары қуаты жылына 800-850 мың тоннаны құрап отыр. Әсіресе Caspi Bitum зауытының өлшеп-оралған битумына сұраныс көп түседі. Өйткені мұндай битумды кез келген климаттық жағдайда, тіпті ұзақ уақыт пайдалануға, сақтауға болады.
Сала мамандарының айтуынша, Қазақстанда битумға сұраныс жаз мезгілінде, әсіресе жол құрылысы жанданатын кезде арта түседі. Осыған байланысты Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаздың» жауапты құрылымдық бөлімшелеріне жол-құрылыс мекемелерін мемлекет тарапынан жыл бойы қаржыландыру (аванс беру) мүмкіндігін қарастыру қажеттігін жеткізді. Бұл мәселені оң шешу үшін ұлттық компания мамандары уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге тиіс. Бұл жол-құрылыс жұмыстары маусымының басталуына байланысты ішкі нарықта битумның қажетті қорын жасақтауға мүмкіндік береді.
Жол құрылысындағы битумға сұраныстың артуына орай Сaspi Bitum зауытының қуатын 1,5 есе арттыру мәселесі туындап отыр. Бұл жоғары сапалы битум өндірісін жылына 750 мың тоннаға дейін ұлғайтуға жол ашады. Сaspi Bitum ЖШС басшыларының дерегіне қарағанда, мұнай өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Қазір мұның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. Мамандар жобалауға кірісіп жатыр.
Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Мұрат Досмұратовтың айтуынша, кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Жоспарланған өндірістік көрсеткіштер уақтылы орындалып жатыр. Жылдың соңына дейін зауытта мұнай өңдеу көлемі 5 млн тоннадан асады.
– Жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Атырау мұнай өңдеу зауытының қыркүйекке жоспарланған жөндеу жұмысын кейінге ауыстыру мәселесін пысықтау қажет. Біз зауыттың ағымдағы жөндеу жұмысын кейінге ауыстырамыз, – деді М.Мырзағалиев.
Атырау облысы