Экономика • 06 Қыркүйек, 2022

Жолымбеттен – 100 килограмм алтын

770 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысындағы алтын шығаратын Жолымбет фабрикасында Доре құймалары түріндегі алғашқы жүз килограмм алтын шығарылды. Фабрика айтарлықтай модернизацияланып, алтынқұрамды кен өңдеу цехының құрылысынан кейін іске қосылды. Бүгінде бұл кенді де, техногенді-минералды түзілімдерді де өңдеп, Доре құймаларын шығаратын екі цехтық зауытқа айналды.

Жолымбеттен – 100 килограмм алтын

«Қазақалтын Technology» ЖШС фабрикасы техногенді-ми­нералды түзілімдерді қайта өңдеу мақсатында 2017 жылы салынған. Техногенді-минералды түзілім дегеніміз – Жолымбет алтын кен орнындағы байыту фабрикасын пайдаланған алпыс жыл ішінде жинақталған өндіріс қалдықтары. Бұл қалдықтар өң­дел­ген соң, қазіргі экологиялық заңнаманың талаптарына сай қайта орналастырылды.

Фабрика техногенді-мине­рал­ды түзілімдерді өңдеуді 2021 жылы аяқтады. Құрамына «Қа­зақ­алтын Technology» ЖШС кіре­тін «Алтыналмас» компания­сы шикізат біткенде фабриканы жабудың орнына алтынқұрамды кен өңдеу мақ­сатында модернизациялау тура­­­лы шешім қабылдады.

Сондай-ақ өндіріс қалдық­та­рында тереңірек орналасқан қым­бат металды шығару үшін тех­но­генді-минералды түзілімдерді қайта өңдеу туралы шешім қабыл­дан­ды. Екінші фазаны, яғни жыл­дық өнімділігі 4 млн тонна болатын цехты іске қосу жұмыстары 2022 жылдың сәуірінде басталып, шілде айында аяқталды. Биыл 450 килограмм алтын шығару жос­пар­ланған.

Кәсіпорын өндірісті кідірт­пес­тен 18 ай бойы модернизацияланды. 2021 жылдың қарашасында жылдық өнімділігі 650 мың тонна болатын кен өңдеу цехын іске қосу және жөндеу жұмыстары басталды, олар осы жылдың қаң­тарында аяқталды. Өткен жыл­дың желтоқсанында конвейерден алғашқы құйма шықты. Ал биыл кәсіпорын 710 кило алтын шы­ға­ру­ды жоспарлап отыр.

– Техногенді-минералды түзі­лім­­дерді өңдеу фабрикасының бұ­рынғы өндірістік қуаты жылына 2,25 млн тоннаны құрайтын. Модернизациялаудан кейін фаб­ри­­касының жылдық қуаты 4 млн тон­наны, ал кен өңдеуде 650 мың тоннаны құрады, – дейді «Қа­зақалтын Technology» ЖШС Жолымбет филиалының директоры Еділ Отынбаев.

Жұмысты бастамас бұрын қоршаған ортаға тиетін әсерге кешенді бағалау жүргізілген. Ол жұмыс істеп тұрған «Қазақалтын Technology» ЖШС өндірісін мо­дернизациялау салдарынан қор­шаған орта жағдайы өзгер­мей­тінін көрсетті. Атап айтсақ, алтын шығаратын фабрика техно­ло­гиялық схемасында су ресурстарын пайдаланудың тұйық циклі көзделген, ал өндірістік ағын­ды­лар жер бедеріне ақпайды.

Жаңартылған фабрика қауіпсіз өндірістің барлық нормасы мен стандартына сай және заманауи жабдықталған. Кәсіпорында тек осы жылдың өзінде жаңа 75 жұмыс орны ашылды.

– «Алтыналмас» – алтын өнді­рі­сінде техногенді-минералды түзі­лім­ді қайта өңдеу технология­сын қолданатын Қазақстандағы жалғыз компания. Фабриканы мо­дернизациялаудағы басты ар­тық­шылық – жаңадан құрылған жұмыс орындары және бюджетке түсетін қосымша салық. Сенімді инженерлік жүйелерді пайдаланып, цифрлық шешімдерді енгізгендіктен, фабрика ұжымы қа­уіпсіз әрі жайлы жағдайда жұ­мыс істейді, үздіксіз дамиды және жаңа технологияларды иге­реді, – дейді «Алтыналмас АК» АҚ басқарма төрағасы Дияр Қанашев.

Модернизацияланған фаб­ри­ка­ға арналған кен жақын маңдағы Жолымбет кенішінде өндіріледі. Осылайша, фабриканы модер­ни­зациялау нәтижесінде,  Жо­лымбет кен орнының кен өң­деу көлемі артты. Техногенді-мине­ралды тү­зілімді қайта өңдеу це­хын­да­ғы соңғы өнім – алтын­құ­рамды көмір. Ол «Алтыналмас АК» АҚ Ақсу алтын шығару фабрикасына жіберіледі. Кен өңдеу цехында алтын-күміс құймалар түріндегі Доре қорытпасы өнді­рі­леді.