Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті қабырғасында аталған білім ордасының жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты мен «Ақ жол» демократиялық партиясы бірлесіп ұйымдастырған «Алаш Республикасының 105 жылдығы және Қазақ Конституциясының қайнар көздері: жаңа дереккөздер, зерттеудің мәселелері мен болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиынға қатысушылар «Алаш» идеясы жайлы өз ойын ортаға салды. Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы тарихымызды түгендейтін уақыт жеткенін айтты. «Осы уақытқа дейін сөз таластырып келдік. Әділетті Қазақстанға қадам басқаннан кейін ұрпақтар сабақтастығын жалғап, нақты тұжырымдамалар мен зерттеулер арқылы тарихымызды айшықтай түсу керек», деді.
Ұлы даланың тарихын ежелгі дәуірден бастап қазірге дейін зерттеуді одан әрі жалғастыруға ерекше назар аудару қажеттілігі туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында айтылған болатын. Аталған мақалада көтерілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Қазақстан тарихы ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» атты 7 томдық іргелі ғылыми еңбекті әзірлеуді бастап кетті. Аталған институттың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов құнды еңбекті құрастыруға 400-ге жуық маман тартылғанын айтты. Тіпті бұл іске алыс шетелдегі ғалымдар да атсалыспақ. Бас-аяғы 2,5 жылдың ішінде құнды еңбек жарыққа шығады деп күтілуде. Бұл еңбекте Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты «Алаш» зиялыларына жеке-жеке параграфтар арналмақ.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашов «Алаш» партиясының мұрасын зерттеу бір бөлек, зиялы қауым ұсынған идеяларды заман ағымына қарай икемделіп, жүзеге асуға тиіс деген ойын ортаға салды. «Бізге өзге идея қажет емес. Одан артық та таба алмайсыз. Бұл – тұтас ұлттың идеясы», деді ол.
Конференцияға Жапониядан онлайн байланысқа шыққан Хоккайдо университетінің славян-еуразиялық зерттеулер орталығының директоры Уяма Томохико Алаш зиялылары мен Жапония арасындағы байланыстың тек болжам емес шындық болғанын айғақтайтын деректерді жария етті. Нақтыласақ, 1919 жылы Райымжан Мәрсеков жапон үкіметіне хат жазып, Алашорда үкіметін тануды, мойындауды сұраған, жас қазақ мемлекетіне көмек беруін өтінген. Жапондық тарихшы атап өткеніндей, Мәрсеков өз сөзінде сол кезде Алашорда өкілдерінен бөлек Жапониямен келіссөз жүргізіп жатқан Колчак үкіметін бірде-бір рет атамаған және Алашорданың қызметін дербес орган ретінде сипаттап отырған. Бұл жайында ұзақ жазуға болады. Бүгінде жапондық тарихшы тарихи құжатты қазақ тіліне аударып жатқан көрінеді. Бұл – «Алаш» мұрасының жаңа парағы ашылды деген сөз!