14 Мамыр, 2014

Аштеманың қазақы әлемі

418 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
20140511_131411Николай Павлович Аштеманың шеберханасында өткен жазда болған едім. Сақал-шашы күмістей, сидам суретшімен танысуым өзіме олжа болды. Облыстық мұрағат басшысы Алдияр Әубәкіров ертіп барған. Колымадан іссапардан келген беті. Сібірде сталиндік сүргінде болған бір қаймана қазақтың кенепке салынған суретін тауып қайтыпты. Алба-жұлбасы шыққан белгісіз қандасымыздың бейнесін әкесінің әлпетіндей әлпештеп, өңдеуге берген екен. Сол суретті көрмекке барып, көз қиығымызбен шеберхана ішін тінткілегенбіз. Табанымыз тиіп тұрған тар қуысқа тамырлы тарихымыз түп қопарыла көшіп келгендей әсер алған едік. Бас редактор суретші Николай Павлович туралы суреттеме жазу­ға тапсырма жүктегенде,  сол көрініс жадымызға орала кетті. Бір көрсем де бұрыннан бергі адамым сияқты. Өйткені ол қазақты біледі. Шеберханасында болған жанның оған күмәні болмайды. Қазақтың жан дүниесінің қылын шерте білген шығармашылық өкілін оқырман да білуге тиіс. Осы ойымызды бекіте түсіп, Николай Аштеманың шеберханасына тағы да ширыға қадам бастық. Алдымыздан Абайдың, ой алы­бының алып картинасы қарсы алды. Аяқталмаған полотно екен. Бір тақырыпқа бірнеше жұмыс арналған. Абай тұлғасын ашу оңай емес. Ұлы хакімнің бейнесін салып суретші кенебі мен бояуларын ысырып қойып, кофе қайнатты. Бояу мен кофе иісі аңқыған ала көлеңке шеберханада шертілген әңгіме ұлысты біріктіретін бір дүние­нің риясыз өнер екенін байқатты. Чингиз ханБейнелеу өнеріне кеш келген Николай Аштема 1942 жы­лы Украинаның Кировоград облысында туған. Ол айтады, оңтүс­тігіндегі Одессаға жақын бау-бақ­шалы Садовая хуторында көк­темде желек гүлдеп, үйлерді жауып қалады екен. Алайда, аппақ гүл­дерге малынған елді мекен бүгінде жоқ. – 2011 жылы туған жеріме бардым. Үйімнің үйіндісі ғана қа­лыпты. Кеңес Одағы тараған соң көптеген елді мекендер жойылып кетті ғой. Әлеуметтік жағынан өмір сүруге тиімсіз болып, қаңыраған күйді менің хуторым да кешіпті. 30 жылдан кейін барған едім, танымай қалдым, Қазақстандағыдай емес, онда жаңа құрылыс мүлде жоқ, – деді Николай Павлович. БатырСуретшінің өмірін бірнеше кезеңде қарауға болады. Соғыс жыл­дары мен одан кейінгі ауыр тұр­мыс бала көңілінде жатталып қалған. – Танктердің қаңқасы, жарыл­маған снарядтар әр жерде жататын. Көптеген жігіттердің кемба­ғал жүргенін көріп өстік. Соғыстан кейінгі жылдарда граната жарып ойнайтынбыз, – деп сабақтады сөзін суретші. Үш жыл Куба елінде әуе күш­теріне қарсы қорғаныс шебінде әскери қызметін өтеген соң Николай мамандығы бойынша жұмысқа кірісіп, біраз уақыт құрылыс жос­парлау бөлімінің бастығы болады. Гидромелиоративтік техникумда алқапты суару-құр­ғату мамандығы бойынша білім алған бозбала әскерден келген соң Өзбекстандағы шөл далаға сұранады. Сол жылдары табиғаты қатаң өлкеде жұмыс істеушілердің еңбекақысына 60 пайыз үстеме қосылатын. Сыр­дария облысының Янгиер қала­сында канал құры­лысында жұмыс істеп жүріп, Ташкенттегі қаржы институтында сырттай оқиды. Алайда төртінші курста оқуды тас­тап кетеді. Тәуір қызмет, жоғары еңбекақы, аяқ­талуға жақын инсти­туттың барлығына қолды бір сілтет­кен себеп – сурет салуға деген ынтық­тық екен. – Юрий Лебедев есімді кәсіби суретшімен танысқан соң бар ынтам бейнелеу өнеріне ауды. Юра орталықта өтіп жатқан пленумдар мен съездердің тапсырмасына байланысты Өзбекстанға еңбек етуге келген суретшілердің бірі-тін. Бірде: «Егер шынымен көңілің қаласа, жұмысыңды тас­та да, сурет салуды дұрыстап үйрен», деп суретшіге қажетті асай-мүсейлерін берді. Жас маман болғандықтан басшыларым жұмыстан жібермеуге тырысып бақты. Бірақ көнбедім. Осылайша, жоғары білімсіз, дип­ломсыз суретші-безендіруші болып жұмыс істей бастадым, – дейді кейіпкеріміз. Николай 1975 жылы Алматыға келіп, көркемсурет студиясында бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйрене бастайды. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Оқуды үздік бітірген соң, оның алдында таңдау тұрған еді. Қолға тиген тілдей жолдамамен жіберген жағына жөнеп беретін жосығы бар заманда мұ­ның өзі кездесе бермейтін мүмкіндік. «Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» дегендей, жердің жайлысы, әсіресе суретшілер үшін сүбедей. Курстастардың бірі Шығыс Қазақстанның таби­ға­тын айтып тамсантқан соң, тама­шаны көрмекке тартып ке­теді. Шамаданын арқалаған жас шы­ғармашылық адамын Шығыстың шырайлы келбеті бірден баураса керек. Осылайша оның Өскемендегі өмірі басталды. Осында келіп, шығар­­машылығын дамыта баста­ған жас суретші ғимараттарды безен­діру жұмыс­тарынан бөлек, түрлі жанрда картиналар салып, көрмелерге қатыса бастайды. Ал­матыда, Мәскеуде, шетелдерде жеке көр­мелерін өткізеді. Жеті жыл өт­кен соң, яғни 1987 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшесі атанады. Ал тәуелсіздік жылдары Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданады. Бұл – оның ризашылықпен еске алатын сәулелі шақтарының бірі. Жаңа тұрпатты мемлекетпен бірге қоғам да аунап түсіп, нарық қиындықтары туады. Әсіресе, шығармашылық өкіл­деріне тиген ауыр соққы сурет­шілерді де айна­лып өтпеді. Десе де, Николай Павлович бұл жолы кәсібінен бас тартпай, бояу қапшығын арқалап, суретшілікке басыбайлы кіріседі. Қазақ тарихын зерттеуге ден қойып, оқып-түйгендерін бейнелеу өнеріне арқау ете бас­тайды. Аштеманы өзгелерден өзгешелендіріп тұрға­ны да осы – қазаққа жақын, жақын емес-ау, қазақтың өз қаза­нында қайнаған туындылары. Тәуелсіздік жылдарында қайта жаңғырған тарихи тұлғалар суретшінің қылқаламынан кесек-кесек туынды бөлып төгі­леді. Бар­­лығын тізбелемесек те, оның қылқаламынан шыққан «Аттила», «Аттиланың өлімі», «Тұмар патшайым», «Шыңғыс хан», «Қабанбай батыр» сынды әйгілі тұлғалардың майлы бояумен салынған бейнелері бейжай қалдырмасы анық. – Қазақ инновация-гумани­тарлық заң университетінің Өске­мендегі филиалында сабақ беремін. Бірде студентімнің қолынан Тұмар патшайым туралы рефератты көзім шалып қалды. Оқып шығып, сақ тарихындағы батыр қыздың батыл образына бірден қызықтым. Алғашқы эскиздерін қағазға түсіріп қойдым. Сонан соң сақ тайпасы туралы еңбектерді іздестірдім. Бір тәулік ішінде кітапты оқып шығып, Тұмар патшайымды бейнеледім. Бұл картинаны Алматыдағы  Тұңғыш Президенті қорына сыйға тарттым, – деді Николай Аштема. Оның қылқаламынан отандық суретшілер қалам тарта қоймаған «Хан сайлау», «Жорық» сынды кең тынысты картиналар туды. Соңғы туынды Алматы мен Мәс­кеудегі мәртебелі көрме­лерде өнерсүйер жұрт назарына ұсынылып, жоғары бағасын алды. Аллегориялық тәсілмен салынған жазба қаһармандығымен де, қатыгездігімен де түрлі ойға же­телейді, жеңіс салтанаты жігеріңді жанып, рухыңды қайрайды. Аштема – Алтай жыршысы. Жауынгерлік өр рухты әс­пет­теген суретші жаны енді тәкаппар табиғатпен үйлесім тапқанда таңғалмасқа тағы әддің жоқ. «Мар­қакөл», «Тұманды Үлбі», «Мұз­тау», «Ертіс», «Алтай шың­дары», «Айыртау», «Мар­қакөл жағасындағы Ұранқай ауы­лы», «Бұқтырма» сынды пейзаждар туған өлкенің тауы мен тасын сөйлетеді, қойнауына бүккен сырын суыртпақтап, жер жән­натының сұлу кейпін паш етеді. – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев өткенін білмеген ұрпақтың болашағына бағдар жасай алмайтынын үнемі айтып келеді. Мені тарихқа қалам тербеу қызықтырады. Ауасын жұтып, суын ішкен соң осы ел мен жерге қызмет ету керек. Қазақстаннан басқа жаққа қоныс аударуды ойлаған емеспін. Оған құлқым да жоқ. Менің тамырым – осында. Қазақстанда тұрып, Еуропаны сала алмаймын. Маған қазақ ұлтының салт-дәстүрі, терең тари­хы ұнайды, – деді ағынан жарылған Аштема. Соңғы төрт жыл бойы өңірдегі мұражайдың ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным» сурет­шілер байқауы өтіп келеді. Әр жылы бір тақырыпты қау­зайтын байқау өткен жылы жа­зушы Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойына арналды. Қаламгердің туған ауылы Шыңғыстайға барып, бірнеше жұмыстарын Оралханға арнаған суретші байқаудың Гран-при жүлдесін жеңіп алған болатын. Былтыр Астанада өткен Қа­зақстан Суретшілер одағының 80 жылдық мерекесінде «Үздік шы­­ғармашылығы үшін» мерей­той­­лық медалімен марапатталды. Отыз жылдық шығарма­шылық жолында мыңнан астам картина салған, үнемі шеберханасынан табылатын, сурет салудан ләззат алатын Николай Павловичтің шәкірттері сан қиырда өз қолтаң­баларын қал­дырып, абыройлы еңбек етіп жүр. Бүгінгі бәсекелестік райын­да суретшілердің мәртебесі сұра­ныспен де өлшенетіні жасырын емес. Жақында Қытайдың Шәуешек қаласында өткен Шығыс Қазақстан облысының мәдени күндерінде Николай Аштема алып барған 18 картина демде өтіп кетіпті. Қытайдағы өнерсүйер қауым суретші шығар­маларын тағы да алуға қызы­ғушылық білдіріп, ғаламтор ар­қы­лы сұрастырып жатқанын естідік. Сурет – талғамға таразы, елдің өресін білдіретін өнер. Ұлтты ұлықтаған ұлық өнер­дің бағасы әр кез биік! Көр­ме­лерден Николай Пав­лович Аштеманың кар­тинасын көр­сеңіз, бір үңіл­мей өтпеңіз! Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.