Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2022

Марқакөлден өрт шықты

6375 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанда бірнеше күннен бері өрт қауіптілігі жоғары. Өрт сөндірушілер бір тәуліктің өзінде ғана дала өртін сөндіруге 10-15 рет шығады. Бүгін Марқакөл өңірінде өрт шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Марқакөлден өрт шықты

Күршім ауданына қарасты «Марқакөл орман шаруашылығы» РММ, Бобровка орманшылығы және Төсқайың ауылдық округі аумағынан өрт шыққан. Алдын ала болжам бойынша жалын шарпыған аумақ 300 гектардай. Әзірше тілсіз жау жақын маңдағы ауылдарға қауіп төндіріп тұрған жоқ. Айта кетсек, көк түтінге оранған аумаққа ең жақын елді мекен – Төсқайың ауылы.

Өртке қарсы күреске облыстық ТЖД өрт сөндірушілерінен, орманшылардан және жергілікті атқарушы органдардан 114 адам мен 17 техника жұмылдырылды. Таулы жер болғандықтан, тілсіз жаудың бетін қайтару оңайға соқпай тұр. Оның үстіне күннің ыстығы да кедергі.

Сондай-ақ өртті сөндіру үшін МИ-2 тікұшағы мен Еурокоптер де көкке көтерілді. Өскемен қаласынан көмекке жеке құрамнан 46 адам және 6 бірлік техника жөнелтілді.

Табиғаттың қурап тұрған дәл қазіргі сәтінде орманды, таулы жерде аса абай болған жөн.

 

Шығыс Қазақстан облысы