Ахмет Байтұрсынұлы • 06 Қыркүйек, 2022

Алаш қайраткерінің құрметіне коллекциялық монета жарық көрді

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Ұлттық банкі AHMET BAITURSYNULY. 150 JYL және TALǴAT BIGELDINOV. 100 JYL коллекциялық монеталарын айналымға шығарады. Жаңа монеталар «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясын жалғастырады, деп хабарлайды Egemen.kz банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алаш қайраткерінің құрметіне коллекциялық монета жарық көрді

2022 жылғы 5 қыркүйекте қазақ ағартушысы, қоғам қайраткері, ғалым, лингвист және түркітанушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды.

Монетаның бет жағындағы орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Ал жиегінде QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу бар.

Монетаның төменгі бөлігінде номиналын білдіретін жазу бар: күмістен жасалған монетада – 500 TEŃGE, мельхиор қоспасынан жасалған монетада – 100 TEŃGE. Сол жағында монета жасалған металды және оның сынамасын білдіретін Ag 925 деген жазу, оң жағында массаны білдіретін 24 g жазуы орналасқан.

Монетаның сыртқы жағында Ахмет Байтұрсынұлының плакаттық графика стилінде орындалған портреттік бейнесі орналасқан. Портреттің оң жағында кітаптың стильдендірілген кескін жақтауында 150 JYL және Ahmet Baıtursynuly жазулары қашалған. Жоғарғы бөлігінде ҚҰБ логотипі мен соғылған жылы бейнеленген. Төменгі бөлігінде – қылқалам бейнесі, Ахмет Байтұрсыновтың өмір сүрген жылдары – 1872 және 1937 жж., төменгі бөлігінде қылқалам бейнесінің астында Bilim álemdi qutqarady жазуы орналасқан.

Күміс монетаның массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы – «proof», номиналы – 500 теңгелік, дайындау таралымы – 2 000 дана.

МН 25 мельхиор қоспасынан жасалған монетаның массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – «brilliant uncirculated», номиналы – 100 теңгелік, таралымы – 20 000 дана.

2022 жылғы 5 тамызда Кеңес одағының ұшқыш-шабуылшысы, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің туғанына 100 жыл толды.

Монетаның бет жағындағы орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның сол және оң жағында ұлттық ою-өрнек элементтері орналасқан. Ал төменгі жағында монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE, жиегінде QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу бар.

Монетаның сырт жағында Ұлы Отан соғысының аяқталу уақытына байланысты Талғат Бигелдиновтің портреттік бейнесі орналасқан. Портреттің сол жағында шабуылдаушы ұшақтар мен 100 JYL жазуы бар. Портрет бейнесінің астында Талғат Бигелдиновтің туған жылы мен монетаның соғылған жылы жазылып, TALǴAT BIGELDINOV жазуы орналастырылған. Барлық жазу жұлдыздармен бөлінген.

МН 25 мельхиор қоспасынан тұратын коллекциялық монеталардың массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – «brilliant uncirculated», номиналы – 100 теңгелік, таралымы – 15 000 дана.

Айта кетсек, күмістен жасалған монеталар мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ-тың нөмірлік сапа сертификаты бар кәдесый орамында шығарылады. Мельхиор қоспасынан жасалған монеталар жеке блистерлік орамда шығарылады.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.