Әйелдер күресінен әлем чемпионаты 1987 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Тұсаукесер турнирді Норвегияның Леренскуг қаласы қабылдады. Шыны керек, ол кездері спорттың бұл түрімен айналысатындар тым аз еді. Географиясы тар болғаннан кейін түрлі жарыстарға қатысушы командалардың да саны кем болды. Десек те кейіннен бұл олқылықтың орны толды. Әйелдер күресі Олимпия ойындарының бағдарламасына енетіні жайында еміс-еміс әңгіме шыққаннан кейін-ақ боз кілемде белдесуге тәуекел еткен бұрымдылардың қатары күрт артты. Ал Олимпиаданың алғашқы жүлделері 2004 жылы Грекияның астанасы – Афинада сарапқа салынды.
Әйелдер күресі Қазақстанға кешеуілдеп жеткенімен, бұл өнерді біздің арулар жап-жақсы-ақ меңгерді. Әлем чемпионаттарында Қазақстан құрамасы 5 күміс және 7 қола медальды қоржынға салды. Барлығы – 12 жүлде. Жерлестеріміз 2007 жылы Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде алғаш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Сол жарыста Елена Шалыгина күміс медальды иеленсе, қос Ольга – Смирнова мен Жәнібекова қолаға қол созды. 2008 жылы Токиода Жұлдыз Ешімова финалда ұтылып, екінші орынды иеленді. 2009 жылы Хернингте Шалыгина үшінші сатыға жайғасты. 2010 жылы Мәскеуде Елена қайта күміс алды. 2011 жылы Ыстанбұлда Ешімова қола жүлдені еншіледі. 2012 жылы Альбертада Гюзель Манюрова күміс медальды мойнында жарқыратты. 2013 жылы Екатерина Ларионова үздік үштікті түйіндеді. Одан кейінгі екі жарыстан қоржынымыз бос қайтса, 2016 жылы Будапештте Айым Әбділдина үшінші орынға табан тіреді. 2017 жылы Парижде және 2018 жылы Будапештте сәтсіздікке ұшырасақ, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда Валентина Исламова қола медальды иемденді. Былтыр Ослода шымылдығы түрілген дүбірлі додада Жәмиля Бақбергенова ақтық сынға дейін алқынбай жеткенімен, шешуші тұста Жапонияның жұлдызы Масако Фуруитиге жол берді. Нәтижесінде, қазақ қызы күміс жүлдені олжалады.
10 қыркүйекте Белградта шымылдығы түрілетін жарыста әр жылдары әлем чемпионатында жүлде алған үш спортшымыз өнер көрсетеді. Олар – Жұлдыз Ешімова (53 кило), Елена Шалыгина (65 кило) және Жәмила Бақбергенова
(72 кило). Солардың арасынан біз Жәмилаға айрықша сенім артып отырмыз. 26 жастағы қазақ қызы өзі қатысқан соңғы төрт Азия біріншілігінің барлығынан олжалы оралды. 2020 мен 2022 жылдары алтыннан алқа тақса, 2019 жылы қола және 2021 жылы күміс медальды мойнына ілді.
Ал өзге әйгілі қос балуанымыз жайында пәлендей болжам айтудың өзі қиын. Себебі екеуі де ардагерлер санатында. Мәселен, Елена Шалыгина әлем чемпионатында үш рет жеңіс тұғырына көтеріліп қана қоймай, бес бірдей құрлық біріншілігінен олжалы оралды (2 алтын, 2 күміс,1 қола). Азия ойындарының жеңімпазы атанып, Бейжің Олимпиадасында қола жүлдені иеленді. Бұл атақтардың барлығына ол 2007-2012 жылдар аралығында қол жеткізді. Содан кейін үлкен спорттан қол үзді. Бірақ Елена бауыры ыстық боз кілемді қимады. Араға 10 жыл салып, қайта сапқа тұрды. Нәтижесі жаман болған жоқ. 35 жастағы спортшы биыл ел чемпионатында топ жарып, Бакуде өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында алтын алды. Сол себепті де «Шалыгина шау тартып қалды» деп айта алмаймыз.
34 жастағы Жұлдыз Ешімованың жанкештілігіне тамсанбау мүмкін емес. Оның үлкен спортта жүргеніне 20 жылға жуықтап қалды. Сол аралықта Ешімова әлем чемпионаты мен Азия ойындарында жүлделі орындарды еншіледі. Азия біріншілігінде сегіз рет жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Ол жүлделердің біреуі алтын, төртеуі күміс және үшеуі қола. Осыдан 10 жыл бұрын Жұлдыз Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарына да қатысты. Бірақ Тұманды Альбионда оның жолы болмады.
Жалпы, Сербиядағы сайыста Жәмила Бақбергенованың сыңары – Мәдинаға да (72 кило) зор үміт артылып отыр. Оның да бір басына жетерлік атақ-даңқы бар. Биыл ол Ұланбатырда өткен Азия чемпионатында алдына жан салмады. Сондай-ақ алдағы дүбірлі додада Светлана Анкичева (50 кило), Марина Седнева (55 кило), Эмма Тисина (57 кило), Диана Қаюмова (59 кило), Аяулым Қасымова (62 кило) және Гүлмарал Еркебаева (76 кило) сынды балуандарымыз ел намысын қорғайды.
Әйелдер күресі тарихына үңілсек, күрестің бұл түрінде Жапонияның балуандары үстемдік құруда. 1993-2021 жылдар аралығында ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында Күншығыс елінің қыздары 221 (77 алтын+23 күміс+21 қола) жүлде олжалады. Екінші сатыға АҚШ құрамасы жайғасты. Америкалық арулар 77 (20+26+31) медальды иемденді. Үшінші орында – Қытай. Аспанасты елінің спортшылары 63 (18+17+28) жүлде еншіледі. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарында Канада (11+11+23), Украина (9+7+19), Франция (8+11+7), Ресей (7+28+28), Болгария (7+4+9), Аустрия (5+1+1) және Швеция (4+9+14) құрамалары бар.