Қаржы • 07 Қыркүйек, 2022

Кімдердің ипотекалық қарызы кешіріледі?

4720 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдегі ипотекалық қарыз портфелінің көлемі 4 трлн теңгеге жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 45 пайызға жоғары көрсеткіш. Жыл басынан бері маусымға дейінгі аралықта 899,8 млрд теңгеге тұрғын үй несиесі беріліпті. Бұл да былтырғы деректен 20 пайызға жоғары.

Кімдердің ипотекалық қарызы кешіріледі?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, қазір ипотека бойынша 90 күннен асып кеткен берешек көлемі 53 млрд теңгені құрайды, бұл – ипотека бойынша жалпы қарыздың 1,3 па­йызы. Берешек мөлшері 2022 жылдың басымен салыстырғанда – 10 пайызға, 2021 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда 27,3 пайызға төмендеген. Олардың тү­сін­­діруінше, ипотека бойынша NPL 90+ үлесінің айтарлықтай төмендеуіне ха­лық­қа зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігін беретін мемлекеттік бағ­дарламаларды іске асыру арқылы порт­фель­дің өсуі әсер етті. Сәйкесінше, тұрғын үй нарығында мемлекеттің қатысуы 75,8 пайыздан (2021 жылдың бірінші жар­ты­сын­дағы) 89,5 пайызға (2022 жылдың бірінші жартысына дейін) артып кеткен. Проблемалық қарыздың азаюына тағы бір себеп – банктердің займдарды қайта құрылымдауы, соның ішінде қайта қаржыландыру және үмітсіз қарыздарды есептен шығару бағдарламасы болды. Жалпы сомасы 150 млрд теңге бо­ла­тын 4,5 мың ипотекалық кредит қар­жы инс­ти­туттарының балансынан шыға­рыл­ған.

Проблемалық сомалардың көп сомасы 10 қаржы институтында байқалады. Әсіресе NPL 90 + «Банк ЦентрКредит», Forte Bank және Halyk Bank-те аса жоғары.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі проблемалық ипотекалық қарыз алушыларды қолдау шаралары туралы да айтты. Бірақ ол табысы ең төменгі жалақыдан аспайтын клиенттер үшін ғана жарамды. Қазіргі кезде банктермен бірлесіп 1,1 мың несиені есептен шығару жоспарланып отыр.

Сондай-ақ биыл халықтың проб­ле­­ма­лық қарызын төмендету бо­йын­ша жеке жоспар да бекітілді. Бұл ретте қаржы институттары қарызды қайта құ­ры­лым­дай­ды, не болмаса қарызды ішінара немесе толықтай кешіреді. Бұл орай­да бо­рыш­кердің халықтың әлеуметтік осал то­бына жатуы және жалғыз үйінің болуы да үлкен маңызға ие.

2022 жылдың бірінші жартысында 1,4 мың клиенттің (олардың 400-і әлеу­мет­тік осал топқа жатады) 16,3 млрд теңге сомасындағы қарызы кешірілген. 4 мың қарыз алушының 11 млрд теңгеге проб­лемалық қарыздарына қатысты бере­шек­тер­ді алу туралы сот шешімдерін орындау негізінде өндіріп алу жұмыстары жүр­гізіліпті.

«Келісілген жоспарға сәйкес 2022 жыл­дың соңына дейін банктер 3 мың қарыз алушының (олардың 385-і әлеуметтік осал топқа жатады) 23,8 млрд теңге сома­сын­дағы ипотекалық қарызын жабады. 530 клиенттің 5,1 млрд теңгесі бойынша – қайта құрылымдау, 63 клиенттің 1,3 млрд теңгесі бойынша – қарызды ішінара өтеу, 2,4 мың клиенттің 17,4 млрд теңгесі бойынша қарызды толық кешіру жүргізіледі. Бұдан бөлек, 2004-2009 жылдар аралығында ипотека рәсімдеген клиенттердің жалғыз баспанасын сақтауға бағытталған ипотекалық займдарды қай­та қаржыландыру бағдарламасы жал­ғасады. Сондай-ақ 2016 жылдың 1 қаң­тарына дейін шетел валютасымен қарыз рәсімдеген азаматтардың қарыз жүк­темесі төмендетіледі», делінген агент­тік хабарламасында.

2022 жылдың 1 шілдесіндегі дерек бойынша, 318,2 млрд теңгеге 44,6 мың ипо­текалық кредит қайта қаржы­лан­ды­ры­лып, сыйақы, комиссия, тұрақсыздық айыбы бойынша 279 млрд теңге берешек кешірілген. Әлеуметтік осал топқа жататын 8,6 мың адам 53,5 млрд теңгеге қосымша қолдау шараларына ие болған.