Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2022

Қазақстанда визалардың жаңа түрлері пайда болады

452 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанға үздік шетелдік мамандарды тарту мақсатында визалардың жаңа түрлері енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанда визалардың жаңа түрлері пайда болады

Ведомствода атап өтілгендей, жаңа визалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында пайда болады. Онда елдің көші-қон саясатының тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылған.

«Көші-қон саясатының алдағы 5 жылға арналған жаңа тұжырымдамасы шеңберінде республикада шетелдіктер үшін ерекше жағдайларды көздейтін бағалы дағдылар мен инвестициялық визалар үшін арнайы визалар енгізу көзделеді», делінген ведомство хабарламасында.

Атап айтқанда, Қазақстанға үздік шетелдік мамандарды тарту тетігін әзірлеу жоспарлануда. Осылайша, 100 үздік шетелдік маман өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды даярлайды.

Мұндай мамандар үшін «Бағалы дағдыларға арналған виза» енгізіледі және қазақстандық кадрларды озық даярлау үшін үнемі жаңартылып отыратын бағалы дағдылар рейтингі қалыптастырылады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында жаңа тұжырымдама жобасында бизнес-иммиграция тәсілдері өзгертіледі.

«ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін негізге ала отырып, Қазақстан экономикасына бір мезгілде 300 мың АҚШ долларын инвестициялаған шетелдік бизнесмендер үшін инвестициялық және іскерлік визалар алу шарттарын қайта қарау ұсынылады. «Инвестициялық виза» 10 жылдық тұруға рұқсат береді. Виза иесі бизнесті тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік алады», дейді ведомство өкілдері.

Осылайша, Қазақстанға жылына 100-ге дейін бизнесмен-инвестор тартылады деп күтілуде.

Сондай-ақ білім беру иммиграциясын дамыту мақсатында тұжырымдамада келесі шаралар көзделеді:

  • шетелдік жетекші білім беру мекемелерін академиялық ұтқырлық бағдарламасына тарту және қос дипломды білім беру практикасын одан әрі дамыту арқылы елдік білім беру инфрақұрылымын кеңейту;
  • сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік оқытушыны және сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды тарту. Бұл ретте шетелдік ғалымдар мен оқытушылар үшін тұруға ықтиярхат, ал кейіннен Қазақстан азаматтығын алу құқығын бере отырып, ұзақ мерзімді (10 жылға дейін) «Ғылыми-педагогикалық визалар» көзделеді.

«Осы стратегиялық міндетті іске асыру еліміздің жоғары мектеп пен ғылымның беделін, азаматтарымыздың зияткерлік және шығармашылық әлеуетін арттыруға және сайып келгенде Республикамыздағы адами капиталдың инновациялық дамуы үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.