Мамандар өртті сөндіру барысында жайсыз метеожағдай кедергі келтіргенін айтуда. Жылдамдығы 25 м/с-тан асатын қатты жел тұрғандықтан, өрт үлкен аумаққа тез жайылған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Облыс аумағында өрт қауіпті аймақтарда кезекшілік ұйымдастырылған. Жалпы, Түркістан облысында жыл басынан бері 289 өрт оқиғасы болған. Салдарынан 6 адам қаза болып, 5 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Жалпы, сомасы
1 млрд 63 млн 838 мың теңге болатын материалдық шығын келген. «Өрт шыққан орындар бойынша ең жоғары көрсеткіш тұрғын үй секторында тіркеліп отыр. Облыс аумағында 184 үйде өрт болған, 53 көлік өртенген. Қалған өрттер өндірістік ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру мекемелерінің ғимараттары мен әкімшілік-қоғамдық нысандарда болған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау объектілері мен сауда орындарында, тауар сақтау қоймаларында тіркелді», деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Сарыбаев.
Айта кетелік, жаздың соңында Жетісайдағы «Күлпаршын» базарынан өрт шығып, салдарынан 450-ге жуық кәсіпкердің заттары толығымен жанып кеткен еді. Өрттің шығу себебін анықтау мақсатында жүргізілген тексеру барысында заң бұзудың 9 фактісі анықталған. Осыған орай Жетісай ауданы прокуратурасының ұсынысы бойынша базар иесіне ескерту түрінде әкімшілік шара қолданылды. Бүгінде «Күлпаршын» базары өрт қалдықтарынан тазартылып, жаңа нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысы