Спорт • 07 Қыркүйек, 2022

Спорт қоғамымызды ұйыстырады

551 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың 16 маусымында жаңадан құрылған Ұлытау об­лысында өткен Ұлттық құ­рыл­тай мен Мемлекет бас­шы­сы­ның таяуда ғана жария еткен Жол­дауының арасында жарасымды жалғастық бар. Мұраттар та­бысқан, мүдделер түйіскен.

Спорт қоғамымызды ұйыстырады

Әділетті Қазақстанның мақ­саты да, міндеті де айқын. Қазіргі құбыл­малы заманда мұраты мұзарт мемле­кетіміздің Тәуелсіздігін нығайту, татулықты ту еткен халқымыздың бү­тіндігін, бе­реке-бірлігін баянды ету – бас­ты мақсат. Сондай-ақ «Ын­тымақ – теңдікте» деп білетін қазақ­тың бұлжымас қағидасымен қоғамда әділдікті үстем қылып, Әділетті Қа­зақ­стан орнату. Ел мен жерді, ұлт пен ұлысты толғандырған кесек-кесек түйіндерді көппен кеңесіп шешу.

Бүгінгі өркениет көшінен қалып қоймауды көздеген кез келген Ұлт уақыт талабына сай, білімді де бі­лікті, жан-жақты жетілген болуға тиіс. Бәсекеге қабілетті ұлтқа айна­луда саламатты өмір салтының, спорт­­тың бұқаралық сипат алуының ма­­ңызы зор.

Спорт, оның ішінде бұқаралық спорт – саламатты өмір салтын дә­ріптеп, халықтың денсаулығын сақтау тұрғысынан өте маңызды мән­ге ие. Дана халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған. Ұрпақтың дені сау, денесі ширақ болуы үшін дене шынықтырумен айналысуы керек.

Сонымен қатар дене шынықтыру денсаулық кепілі болса, спорт ел намысы екенін ұмытпауымыз керек. Ал ел намысы жолында жүз­ден жүйрік, мыңнан тұлпар шы­ғып, әлемді, Олимптің шыңын бағын­дырған спортшыларымыз ауына ел қарайтын саңлақтарға, маңайына халық топтасатын қаһармандарға ай­налатындығы спорттың қоға­мымызды ұйыстыратын құбылыс екен­дігін айғақтайды. Спорт сала­сындағы заманауи оң идеология­ны құратын, қоғамымыздың пай­дасы үшін спорттың әлеуетін то­лыққанды қолданатын кез келді деп білемін.

Осы орайда, бірнеше маңызды мәселеге тоқталып өткім келеді.

Бірінші. Спорт арқылы ұрпақ­тың денсаулығын ғана емес, жан­саулығын да жақсарту. Дамыған ел­дер жүгіру, жүзу, велоспорт, бас­кет­бол, волейбол, шахмат, шаңғы сияқ­ты командалық және зияткерлік сипаттағы спортқа баса мән береді. Мұндай спорт түрлері адамның жауапкершілікті сезіну, сыни ойлау, дұрыс қарым-қатынас жасау, бірлесіп әрекет ету, көңіл күйді басқара білу сияқты қасиеттерін жетілдіреді. Мұның бәрі – бірлігімізді нығайтып, қоғамды ұйыстыратын қасиеттер.

Сол себепті, өскелең ұрпақты тәрбиелеу барысында біз де осындай спорт түрлерін қамтитын мектеп спорты мен студенттік спортты дамытуға басымдық беруіміз қажет.

Екінші. Ұлттық спортымызды ұлықтау. Қазақ халқының өзімен бірге жасасып келе жатқан спорт түрлері ертеден ұлтымыздың мық­­ты әрі жігерлі болуына ық­пал етіп, бе­реке-бірлігіміз бен ын­тыма­ғы­мыз­дың жарасуының факторы іс­петтес бол­ған.

Өкінішке қарай, соңғы уақытта Ұлттық ойындарымызды кейбір кісілер меншікті дүниесіндей ие­лен­гісі келген кездер де болды. Бо­­­ла­шақта мұндай келеңсіз жайт­тар қайталанбауға тиіс. Және ке­шегі кел­бетіміз бен ертеңгі ерек­ше­лігімізді жо­ғалтпауымыз үшін Ұлт­тық ойын­дарымызды мемле­кет­тің қам­қор­лығына алып, арнайы бағ­дар­лама жасауымыз, төл ме­рекеміз Нау­рыз мейрамы тұсын­да үлкен-үл­кен жарыс­тар ұйымда­стыруымыз керек.

Үшінші. Ұрпақты спорт арқылы біреуді жеңуге емес, өзі жеңілмеуге үй­рету. Қазақ – ежелден ешкімге есе­сін жібермеген жауынгер халық. Қа­­ны­­мызға сіңген жекпе-жек өнері бізде жақсы дамыған. Бай­рақты бәй­­ге­лерде олжа салатын спорт­шы­лар­дың көбі – осындай спорттың өкіл­дері.

Әрине, шаршы алаңда, боз кі­лем­де атой салған өрендеріміз – Ұлт мақ­­танышы. Дегенмен бұл са­­лаға басқа қырынан өте мұқият қа­­ра­ған жөн. Бізде «Спорттық ыза» (спор­тивная злость) деген термин бар. Әсіресе, жекпе-жек өне­­рін­де қарсыласына «спорттық ызасы» жоқ адамның жеңіске жетуі екі­талай. Бұл – керек қасиет. Бірақ спорт­тық ыза адамдармен қарым-қатынас­тағы ызақорлыққа ұласпауы өте ма­ңызды. Спортшыда өзінің көңіл күйін басқара алатын, ашу-ыза­сын жеңе алатын қасиет болмаса, ол әлсізге әлімжеттік көрсетіп, әп-сәтте қылмысқа ұрынуы мүмкін. Әл-Фара­бидің «Тәрбиесіз берілген бі­лім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі бар. Тура осы сөзді жекпе-жек спорт түрлеріне де қатысты айтуға болады.

Біз спортшыларға дұрыс тәрибе бермесек, ертең басбұзарларды өсі­ріп шығарамыз. Зіңгіттей жігіт­тердің кешегі қаңтар оқиғасы кезінде өзгенің мүлкін қиратуы, бейуаз адамдарды ұрып-соғып қатарына қосып алуы – соның айқын көрінісі.

Ер азаматтың өзін қорғай алғаны жақсы. Бұл қасиет, бетін әрі қылсын, қандай да бір жағдай туындаса ел қорғау үшін де керек. Бірақ сенің артықшылығың өзгелерге үстемдік көрсетуге бағытталмауы қажет.

Бала деген – жас өскін. Сәмбі талды бір жаққа қисайтып байласаңыз, солай қарай қисайып өседі. Ар­наулы білімі жоқ адамдардың жат­тық­тырушы болуы ертең тұтас буын­ның өміріне зардабын тигізері хақ.

Сондықтан жаттықтырушылар­дың біліктілігі ғана емес, адамгер­шілігі мен қара­мағындағы балаларға дұрыс тәр­бие беру қабілеті мұқият бақылауда бо­луға тиіс. Бізде осы жағы ақсап тұр. Біз бұл мәселемен мық­тап айналысуы­мыз керек деп санай­мын.

Бұқаралық спортты дамыту туралы басқа да бірқатар пайымымыздың бар екені рас. Осы орайда, жоғары жақ қажет деп тауып жатса, оның бәрін құзырлы органдармен бірлесіп жү­­зеге асыруға дайын екенімізді айт­қым келеді.

 

Сәрсен ҚҰРАНБЕК,

Қазақстан жекпе-жек өнері қауымдастығының вице-президенті,

Ұлттық құрылтай мүшесі

 

НҰР-СҰЛТАН