Қысқаметражды фильм-дебюттің түсіріліміне бір апта уақыт кетті. Кинокартина Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді. Жобаға 40-тан аса адам жұмылдырылған. Фильмде басты рөлдерді танымал актерлер Дулыға Ақмолда мен Данияр Бектенов ойнады.
Фильмнің басты кейіпкері 7 жасар Айдар жергілікті кәсіпкер Сәкен мен үй шаруасындағы әйел Әлияның жалғыз ұлы. Оқиға желісі өмірдің әрбір сәттерін, балалық шақтағы ғажайып естеліктерді ұмыт қалдыратын адам санасы мен оған қайта апарар жол турасында өрбіген. Қарапайым оқиғадан бастау алатын фильм, адам болмысындағы кішкентай философияны қозғайды. Оқиға көрерменге адам оның мұрасы емес, адам жадымыздағы жарқын естелік, ал балалық шақ – ешқашан қайтып келмейтін кезең екенін жеткізеді.
«Картина шағын болса да, шамалы күннің ішінде команда бір-біріне үйреніп қалды, жоба үшін жұмыла атсалысты. Әрине, процесс барысында кейбір күтпеген қиындықтар туындап жатты, бірақ түсірілімге кері әсерін тигізбеді. Біз үшін ең қиынға соққаны трасса бойындағы сахналарды түсіру болды. Соған қарамастан фильмнің қоюшы операторы Мирхат Чапай «Қазақфильмнің» командасымен бірлесе жақсы жұмыс атқарды деп ойлаймын. Мен үшін алғаш рет бала актермен, үлкен актермен жұмыс істеу жаңа тәжірибе болды. Дулыға ағаның түсірілім алаңында көп көмегі тиді. Актерлік құрам бір-біріне үйренісіп кеткен соң, кадрдағы көңіл күй шынайы шықты деп ойлаймын», дейді фильмнің сценарий авторы әрі қоюшы режиссері Іңкәр Кәрім.
Бұл жобаға дейін, жас режиссер жекеменшік қысқаметражды фильмдер түсіріп келген. Олардың біразы кинофестивальдерге қатысып та үлгерді. Режиссердің айтуынша, «Мереке» фильмінің сценарийінің алғашқы нұсқасы сәл өзгеше болғанымен, басты идея жоғалмаған. Жақын арада шығармашылық топ картинаның монтаждау процесіне кіріспек. «Фильмнің монтаждау процесіне уақыт созбай кірісуіміз қажет. Негізі монтажға дейін сананы суытып, материал шамалы «дем алған» соң кіріскен дұрысырақ деп ойлаймын. Алайда алда әлі дыбыс, түс өңдеу сияқты көптеген техникалық жұмыс күтіп тұр», деп толықтырды режиссер.
Қысқаметражды «Мереке» фильм-дебюті көрерменге келер жылдың басында жол тартады. Айта кетейік, «Мереке» дебюттік фильмі 2022 жылғы 7-11 маусым аралығында өткен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының кезекті питчингінің қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржыландыруға ие болды.