Қоғам • 08 Қыркүйек, 2022

Ішкі көші-қонды ынталандыру шаралары әзірленді

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің көші-қон саясатының тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылды, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Ішкі көші-қонды ынталандыру шаралары әзірленді

Көші-қон саясатының алдағы 5 жылға арналған жаңа тұжырымдамасы шеңберінде ішкі көші-қонды ынталандыруға бағытталған бірқатар шара көзделеді. Атап айтқанда, елдің басқа облыстарында негізделген трансферт және қолданыстағы бизнес-жобаларды кеңейту арқылы жұмыс орындарын құра отырып, азаматтардың солтүстік және орталық өңірлерге реттелетін қоныс аударуын ұйымдастыру тетігі іске қосылады.

Аталған бағыт шеңберінде:

  • әрбір қабылдаушы облыста жер ресурстарымен, инженерлік, көлік-логистикалық және әлеуметтік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуді ескере отырып, қоныс аударуды ынталандырудың арнайы өңірлік бағдарламасын әзірлеу көзделеді. Сондай-ақ бағдарламаларда жұмыс күшінің тапшылығын сезінетін экономиканың басым секторлары айқындалады;
  • жұмыс орындарын құру бойынша зор әлеуеті бар тиісті бизнес-идеялар конкурсы арқылы солтүстік және орталық өңірлер үшін үздік 100 бизнес-жобаның кейсін қалыптастыру мәселесі пысықталады;
  • Жамбыл облысының оң тәжірибесін ескере отырып, орталық және солтүстік өңірлерде өндіріске және техникамен қамтамасыз етуге жеңілдетілген несиелер арқылы ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру және кеңейту көзделеді;
  • жұмыс беруші жұмысқа орналасу фактісін растаған жағдайда, қоныс аударушылар үшін жаңа жердегі тұрғын үй құнының 50%-ы мөлшерінде (берілетін тұрғын үйдің орнына) қаржылық көмек алу құқығын куәландыратын ұтқырлық сертификаттарын енгізу жоспарлануда. Бұл сома тұрғын үй салуға немесе сатып алуға, сондай-ақ Отбасы банкіне бастапқы жарнаны енгізуге бағытталуы мүмкін.

Ведомство өкілдері хабарлағандай, Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жаңа Тұжырымдама аясында тарихи Отанында қандастарды қабылдау және жайғастыру саясаты да қайта қаралады.

«Атап айтқанда, құжаттарды қабылдау кезеңінде қандастың келетін жерін айқындау тетігін енгізу және осы өңірде тұрақты тұрудың белгілі бір мерзімінен кейін азаматтық бере отырып, еңбек күші тапшы өңірлерге көшуді реттеу мен ынталандыру жөнінде шаралар қабылдау көзделеді», делінген хабарламада.

Айта кетсек, бұл тәсіл Германия, Ресей және Израиль елдеріндегі отандастардың жергілікті қоғамға интеграциялану процестерін реттеу және ұлттық экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып, олардың әлеуетін пайдалану үшін қолданылады.

Сондай-ақ тарихи Отанымен байланысты нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі мамандар немесе өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда масштабтауға ниет білдірген этникалық қазақтарға арналған Қазақ картасын енгізу ұсынылады.

Аталған картаның иесі саяси құқықтарды қоспағанда, тұру құқығымен бірдей болатын елге жеңілдетілген кіру құқығын, сонымен қатар бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операцияларды жүргізу құқығына ие болады.