Күршім ауданы, Марқакөл орман шаруашылығы аумағында орман әлі күнге дейін жанып жатыр. Қазір өрттің алдын ала аумағы 1 300 гектарды құрайды. Айта кету керек, жақын орналасқан елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Өртке қарсы күреске ШҚО ТЖД өрт сөндірушілерінің, орманшылар мен жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметкерлерінің 270-ке жуық адамы мен 34 техникасы жұмылдырылды. Өртті сөндірушілерге тау бедерлері мен ауа райы қиындық тудыруда. Сондықтан МИ-8 тікұшағы және Еврокоптер тартылды. Бүгін өрт болған жерге суағар құрылғысы бар ТЖМ Қазавиақұтқару МИ-171 тікұшағы қосымша көмекке келмек.
Сонымен қатар Алтай ауданында «Зырян» орман шаруашылығы да өртенді. Тілсіз жаудың алдын ала аумағы 800 гектарды құрайды. Өртті ауыздықтау үшін суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы, 200-ге жуық адам мен 29 техника жұмылдырылды. Елді мекендерге қауіп жоқ. Бүгін өрт болған жерге Семей қаласының №68303 әскери бөлімінің суағар құрылғысы бар Қорғаныс министрлігінің МИ-17 тікұшағы, жеке құрамның 50 адамы және 4 бірлік техникасы көмекке қосымша келеді.
Катонқарағай ауданында, Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде, «Ново-Березовка» орманшылығының аумағы өртенуде. Өрттің алдын ала болжағандағы ауданы 1200 гектар. Қазіргі уақытта елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ. Бүгін қыркүйекте Қорғаныс министрлігінің суағар құрылғысы бар МИ-17 тікұшағы көмекке қосымша келеді. Қызыл жалынды ауыздықтауға 280-нен астам адам мен 24 техника, ТЖД, орман шаруашылығы, ЖАО, халық, полиция жұмылдырылды. МИ-8 тікұшағымен 30 адам таудың басына «Балқарағай» учаскесіне жеткізілді. Өрт орнында жедел штаб құрылған.
Шығыс Қазақстан облысы