15 Мамыр, 2014

«Азат құстар»

468 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

4H5C6615

Канн кинофестиваліне қарай қанат қақты

Жыл сайын мамыр айында Францияда басталатын ең байырғы, ең беделді байқаулардың бірі – Канн кинофестивалі биыл мамырдың 14-25 аралығында өтпек. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң іле-шала ұйымдастырылған байқау 1946 жылдан бері өткізіліп келеді. 67-ші кинофестивальдің «ShortFilmCornerMetrage» дейтін қысқаметражды көркем фильмдер бағдарламасына қазақ режиссері Марғұлан Қапашевтың «Азат құстар» атты картинасы ілікті. Біз еңбегі жанған режиссерге жол болсын тілемек болып, тілдескен едік. Маргулан К– Марғұлан, бұл сіздің тырнақалды туындыңыз емес пе? Әдетте, байқауға қаты­са­тын картиналар прокатқа шық­пайтындықтан, бізге қазірге «Азат құстарды» көрудің сәті түспеді. Фильм не туралы? – Бұл фильм – адамдардың қарым-қатынасына құрылған, қазіргі қоғамның рухани жағдайын білдіретін, мәңгілік туралы және мәңгілік адамгершілік пен мәң­гілік адамзат туралы өзін­­­­дік философиялық әпсана. Адам­дардың бәрі әйтеуір бір ғажап­ты күтіп жүргені. Алайда, таңға­жа­йыптар түрлі-түрлі болып келеді. Ол жақсы да, жаман да болуы мүмкін ғой. Кейде сол үшін басымызды қатерге тігуге тура келеді. Біздің басты кейіпкеріміз де өмір бойы армандаған сол өзгеріс оның тағдырын мүлде басқа арнаға бұрып әкетеді. Сондықтан, әрбір көрермен фильмнің оқиғасынан өзіне керек сабақ алар деп үміт­те­неміз. – Солай-ақ болсын. Дегенмен, осындай аса беделді кинофестивальге Қазақстан атынан қатысу бағы бұйырған картинаның табыстылық сыры неде? – Мұнда ешбір құпия жоқ. Меніңше, фильмнің жолын ашқан оның сапалы драматургиялық материалы. Жанры жағынан фильм – заманауи кинематографияның тіліне айналған, сюрреализм мен мистикалық элементтері бар психологиялық драма. Сон­дай-ақ, бұл жерде жар­қы­раған актерлардың, түсіру тобын­да­ғы кәсіпқой маман­дар­дың жұ­мы­сын жоққа шыға­ру­ға болмай­ды. Картинаны түсіру­ге өз ісі­нің майталмандары атан­ған, ха­лықаралық және мем­ле­­­кет­тік кинофестивальдердің жүл­де­гер­лерін тарттық. Басты рөл­дерге Димаш Ахимов, Әділ Есенболатов, Аружан Жазылбекова, Төлеп­берген Байсақалов сынды ма­шық­танған актерларды шақырдық. Қоюшы режиссері – Асқар Өтеу­лин. Сол сияқты сценарий үстінде маған Рифкат Ибрагимов өте көп көмектесті. – Кез келгенді есігінен сы­ға­лата бермейтін Канн кино­фес­тивалінің іріктеу сынына төтеп беру оңайға түспеген болар? – Иә, оңай емес екен. Бірақ, бұл талаптар бізді қайрап, жігер­лендірді десек те болады. Бастап­қыда біздің бұл фильмді Берлин кинофестиваліне қатыстырсақ деген жоспарымыз болған. Алайда, лентаны мерзімінде түсіріп үлгермедік. Картина аяқтал­ған­да біз «Азат құстарды» жиырма шақты кинофестивальге ұсы­нып көрдік. Бағымызға орай, Канн кинофестивалінің қазылар алқасынан жауап алдық. Бұл байқаудың талабы бойынша фильм 15 минуттан аспауы қажет екен. Сонымен, бізге картинаның тең жартысын қысқартуға тура келді. Бастапқыда енді түгі қалмайтын шығар деп қорыққан едім, керісінше, фильм ырғаққа ие болып, айтары жинақталып, жақсарып шыға келді. – Есесіне енді сіз Канн ки­но­фес­тивалінің жеңім­паз­дарын ма­рапаттайтын салтанатқа үміт­пен аттанып бара жатырсыз ғой? – Кинофестивальге қалайда қатысамын деп кесіп айта алмаймын. Өйткені, қазір әріптесім Нұрлан Мұхатаев екеуміз өзіміздің жеке қаражатымызға кезекті киножобаны түсіріп жатырмыз. Жиған-тергенімізді соған жұмсап жатқандықтан, жол қаражатын қалтамыз көтермейтін сияқты. Әрине, әлемге әйгілі кинофес­тивальде Қазақстан атынан қатысып жатқан жұмысымызды сарапқа салып жатқан оқиғаға ортақтасқанға не жетеді? Бірақ, қазір мемлекетіміздің қолдауы мен көмегіне ғана үміт артып отырмыз. Азат кустар-1– Марғұлан, кино тақы­ры­бы­на қалам тартып жүрсек те, сіз кинематографиядағы тосын ре­­жиссерсіз? Киноға қалай кел­ді­ңіз? – Мен бұл әлемге бизнестен келдім. Қалай десек те, адамның бойында бар дүние дегенін істетеді екен. Мен шығармашылық отбасында дүниеге келдім. Кітаптар мен газеттердің ортасында тәрбие­лендім. Әкем жазушы әрі журна­лист Латифулла Қапашев мені өнер мен әдебиетке баулыды. Қа­зақ ки­носының майталманы Шәкен Ай­­­­мановтың фильмдерін көріп өстік. Қанша іскерлікпен айналысып жүрсем де, уақыт өте келе осының бәрі мені бір азаттыққа, жаңалыққа, батылдыққа тарта берген екен. Сондықтан, мен өнердегі авангардтық ағым­дар­ға бейім екенімді, соның ішін­де сюрреализмге жақын екенім­ді байқадым. Маған әлем­дік кинематографиядағы сюрреа­лизм­нің көрнекті өкілдері Луис Бунюэль, Жан Кокто, Ян Шван­кмайер мен Дэвид Линч ұнайтын, кеңестік дәуірден Андрей Тарков­скийді даралаған болар едім. – Бизнеске қайта оралмайсыз, шығармашылық әлемде қаласыз ба сонда? – Қазір екі бірдей киножоба үстінде жұмыс істеп жатырмыз. Канн кинофестивалінің байқау комитеті 128 елден келіп түскен 3450 қысқаметражды картинаны іріктеп, «Азат құстардың» осы сыннан өткені бізге айтарлықтай демеу болып тұр. – Сәттілік тілейміз! Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.